Мәселен, 2022 жылдың 1 жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 11 мыңнан аса адам медициналық қызметтің төмен сапасына, медициналық қызмет көрсетуден және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тартуға қатысты шағым түсірген. Бұл халық арасында медицина қызметінің сапасына көңіл толмаушылық ұлғайғанын әрі жұртшылықтың бұл сыны орынды екенін білдіреді. Министр талдау мәліметтерін келтіре отырып, қызмет сапасына ең жиі шағым айтылатын аймақтарды атады. Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары бар. Шағымдардың түп себебі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде проблема бар екенін айқындап берді – мұндай шағымдардың үлесі 26%-ды құрады (2021 жылы – 20,6%), медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар 23,2% (2021 жылы – 38%), медициналық көмекті ұзақ күтуге қатысты шағым 8,5% (2021 жылы – 8,4%) құрады.
«Медициналық қызметтің сапасына ықпал етуші құрал болуға тиіс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мониторингінің рөліне айрықша тоқталғым келеді. Жалпы, қаржыландырудан алынатын соманың өскеніне қарамастан, 2021 жылы қор сарапшылары 25,7 млрд теңгеге 1,1 млн олқылықты әшкереледі. Жалпы алғанда, Әлеуметтік медсақтандыру қорының қаржылық санкцияларының тиімділігі төмен екені байқалады. Медициналық қызметті тиісті деңгейде көрсетпейтін өнім берушілерге қатысты ықпал ету шараларын қатаңдату керек», деді А.Ғиният.
Жыл сайын бюджеттің ұлғаятынына қарамастан, министрдің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында да түрлі бұзушылық фактілері анықталып жатыр. Мәселен, 2021 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осындай 28 фактіні анықтады. 72 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 млн теңгеден аса айыппұл салынды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша осындай 17 бұзушылық тіркеліп, 2,3 млн теңгеден аса айыппұл салынды.
«Шағымдардың 80%-ына медицина қызметкерлерінің, медицина ұйымдары басшыларының жұртпен әлсіз коммуникациясы себеп болып отыр. Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысын медицина ұйымының басшылары да, денсаулық сақтау басқармалары да тиісті деңгейде қадағаламайды», деді ведомство басшысы.
600-ден аса қызметкерден тұратын пациенттерді қолдау және ішкі сараптама тобы пациенттердің мәселесін «дәл қазір және дәл осы жерде» қағидатымен кезек күттірмей шешуге тиіс еді. Алайда медицина қызметкерлеріне шағым толастар емес. Шағымның 90%-ы жоғары тұрған инстанцияға келіп түседі. Демек, халықтың пациенттерді қолдау қызметі мен медицина ұйымдарының және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына сенуден қалғанын білдіреді деп айтпасқа амал қалмады», деп қосты А.Ғиният.
Министр, бірінші кезекте, медициналық көмектің сапасын тиімді басқару механизмдерін қолдануға аса мүдделі емес медициналық ұйым басшыларын сынға алды. Өңірлерде медициналық ұйымдарды аккредиттеу бойынша жұмыс дұрыс атқарылмайды. ТМККК/МӘМС өнім берушілерінің 47%-ы ғана (847-ден 401-і ғана) аккредиттелген. Клиникалар ең аз аккредиттелген аймақтар қатарында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарын және Шымкент қаласы тұр. Аккредиттеу деңгейі небәрі 17%-30% аралығында. Сондай-ақ лицензиясыз қызмет көрсету, мамандардың сертификатсыз жұмыс істеу фактілері жиі тіркелетініне назар аударылды. Мәселен, биыл І жартыжылдықта өңірлерде лицензиясыз қызмет көрсетудің 706 фактісі анықталды: 536 факт – 42 Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымында және 170 факт 32 стационарда тіркелді. Мұндай жайттар көбінесе Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарында, Шымкент, Алматы қалаларында кездеседі. Сөзін қорыта келе министр жергілікті атқарушы орган өкілдерін кадрмен қамтамасыз ету, медицина техникасымен жабдықтау, МСАК-тағы үздік тәжірибелерді тарату, ақпараттық жүйелерді цифрландыру мен интеграциялау процесін аяқтау секілді бірқатар өзекті мәселеге назар аударуға шақырды.
Сөз соңында А.Ғиният өңірлердің медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты әлсіз жұмысын атап, бірқатар тапсырма берді. Денсаулық сақтау басқармасы басшыларына медициналық ұйым басшыларымен бірге халықпен тұрақты кездесу ұйымдастырып, мәселелерді шешу жөнінде хабардар ету, кадр құрамын тексеріп, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысын жетілдіру, олардың жұмысын шағымды азайтуға және халықпен кері байланысты қамтамасыз етуге бағыттау, медицина ұйымдарының бірінші басшыларының аттестаттауын жүргізіп, соның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылдауға кеңес берілді.
Алқа отырысында сондай-ақ денсаулық сақтау вице-министрлері мен ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары босандыру қызметі және балалар денсаулығына қамқорлық қызметін жетілдіру, ауылдағы денсаулық сақтау деңгейін жақсарту, EHealth цифрлық денсаулық сақтау жүйесін құру және МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыру секілді бағыттар бойынша Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.