Қоғам • 31 Тамыз, 2022

Семей полигонының ардагерлеріне көмек

648 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар Семей сынақ поли­гонының ардагерлеріне атаулы күндерге немесе мереке күндеріне, оның ішінде Жеңіс күніне, Отан қорғаушылар күніне, Семей поли­гонының жабылу күніне немесе Тәуелсіздік күніне әлеу­меттік көмек көрсетеді. Биыл Семей сынақ полигонының 7,6 мың қазақ­стандық ардагері біржолғы материалдық көмек алды.

Семей полигонының ардагерлеріне көмек

Бұл көмек Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге көрсетіледі. Оларға ядролық сынақтарға тікелей қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ ядролық қаруды сынау салдарынан мүгедек болған адамдар және ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебінен генетикалық жағынан олардың мүгедек болып қалған балалары жатады.

Әлеуметтік көмектің мөлшері әр өңір­де жергілікті өкілді органдардың (мәсли­хат­тардың) шешімі бойынша бюджет­тің мүм­кіндіктеріне қарай жеке-жеке белгіленетінін атап өту қажет.

Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар ай сайын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Яғни ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға –  6,19 айлық есептік көрсеткіш (19 685 теңге); егер аурудың, мүгедектіктің ядролық қаруды сынаумен себепті-салдарлық байланысы болса 7,55 айлық есептік көрсеткіш (24 009 теңге).

Төтенше экологиялық жағдайлар салдары­нан, оның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақ­тар жүргізу кезіндегі радиа­циялық әсер­ден, олардың салдарынан алған мүгедектігі бар адам­дарға себеп-салдарлық байланысы анықталған жағдайда мүгедектігі бойын­ша мемлекеттік әлеу­меттік жәрдемақы таға­йындалады:

– I топ – 2,81 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 105 064 теңге;

– II топ – 2,40 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 89 734 теңге;

– III топ – 2,01 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 75 152 теңге.

Бұрынғы Семей облысының аумағында және Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға іргелес аудандарында тұратын және тұрған азаматтар үшін ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін біржолғы ақшалай өтемақы көзделген.

Өтемақы мөлшері тұратын аймағына, кезеңіне және өтемақы берілген күні қолданы­латын айлық есептік көрсеткіштің шамасына қарай жеке айқындалады.

1996 жылдан 2021 жылға дейін аталған өтемақыны 16,5 млрд теңге сомасында 1,1 млн-нан астам адам алды. Сонымен қатар 2022 жылы өтемақы алуға тағы 265 адам жүгінді.

Сондай-ақ радиациялық қатер аумақта­рында тұратын қазақстандықтардың радиа­циялық әсерден зардап шеккен адам мәртебесі болған кезде қосымша еңбекақы және жыл сайынғы ақы төленетін қосымша демалыс алуға құқығы бар. Бұдан басқа, төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралы­ғындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған адамдардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерін жеңілдікпен тағайындауға құқығы бар (ерлер – 50 жас, әйелдер – 45 жас).