Тарих • 31 Тамыз, 2022

Құланнан тарқатылған түп шежіре

1306 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орталық Азияны отанына айналдырған түркілер «еуроцентрис­тердің» жасанды пікірі бойынша: «шетінен көшпенді өмір сүріп, тұрақты мекендерді салмаған». Ғылымға негізделмеген осындай қияли пікірлерді әшкерелейтін, отырықшы мәдениетінің орталығы болған Орталық Азия түркілерінің қалалары мен тұрақты мекендері қола дәуірінде пайда болып, ен жайып, тарихтың кейінгі кезеңдерінде ірі қалаларға айналған.

Құланнан тарқатылған түп шежіре

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оны айғақтайтын мәдени ескерт­кіш­терді Қазақстанның бар­лық аймағынан археологтар ашып жатыр. Олар Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағының бойынан ғана емес, Қазақстанның бас­қа да аймақтарынан табылды. Өйткені Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстан қала­ларының үстімен өткен.

Осындай ортағасырлық белгілі қала­лардың бірі – Құлан. Ол бізге жердің қойнауына түгелімен енген археологиялық ескерткіш түрінде жеткен. Бұл қаланың орны Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы Луговое (қазіргі Құлан) ауылы, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолы бойында жатыр. Қаланы археологиялық тұр­ғыдан зерттеу XIX ғасырдың соңында В.В.Бартольдтан басталады. В.В.Бартольд экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (Луговое) арқылы өтіп бара жатып былай деп жазған: «...жолды бірнеше қиғаш кесіп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе элипс тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған». Елді ме­кеннен және үйінді жалдан шы­ғысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылған екінші үйінді жалдың іздері кез­деседі. Ол сонымен қатар көне құры­лыстардың қалдығы – төбешіктер туралы да жазып кеткен. Қала территориясына жасалған ал­ғашқы археологиялық қазба жұ­мыс­тарын 1936 жылы КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің Жетісу археология­лық экс­педициясы жүргізді (А.Н.Бернштам). Қазба жұмыстарының нәти­же­сінде алғаш­қы отырықшы қо­ныс­тарының Луговое төңірегінде б.з.б. I ғасырларда пайда бол­ғаны анық­талды. 1963-65 жылдары Же­тісу археологиялық экспе­ди­циясының Луговое отряды қа­ланың айналасындағы жеке тұр­ған төбешікке қазба жұмыс­тарын жүргізсе, 1987 жылы Қазақ КСР ҒА ТАЭИ-ның тарихи және мәдени ес­керткіштер жи­нағы археологиялық экспе­ди­циясы Луговое «A» қамалына қаз­ба жұ­мыстарын жалғастырып, Луговое «B», «Г» қамал­дарына қазба жүргізді. Қазақ­стан тарихи мәдени мұра жағынан әлем­де алдыңғы орындарды иеленсе, облыс кө­ле­мінде 1 100-ден астам тарихи ес­керт­кіш тір­келген, соның ішінде негізгі аймақ­тардың бірі Құлан өңірі екені даусыз.

Алғаш рет Құлан қаласы жаз­ба деректерде VIII ғасырдан белгілі. Қытайлық тақуа Сюань Цзяньнің жолжазбасында және Тан династиясының шежіресін­де Құлан «Цзюйлань» деген атпен аталды. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың гео­графиялық орны және сипаттамасы жазылған. Ибн Хордадбех пен Кудама Құлан қалашығы Тараздан он төрт фарсах жерде орналасқан дейді. Сонда Кудама былай деген екен: «...Тараз бен Құланның арасы Солтүстік жақтан он төрт фарсах. Одан әрі шөлейт. Құм мен қиыршық тас. Оның іші толған ехинда (ехинда денесі тікенек инеліктермен қапталған шағын жануар. Тиіп кетсең инесі қадалып, удай ашытады) өріп жүр. Осы табиғат қимақтардың жеріне дейін кете береді».

Географиялық сөздіктердің авторы Якут – өз еңбегін XIII ғасырдың 20 жылдары жазған ғалым. Ол Құлан туралы: «Құлан – түркі елінің шекарасындағы, Мауереннахр жақтан қосыл­ған сүйкімді қала» дейді. Құлан қа­ла­шығымен бірқатар тарихи оқиға астасып жатыр. Айталық, 740 жылы осында түргеш кінәзі Курсул ең соңғы батыс түркі қа­ғаны Ашина Сыньды өлтіреді, 840 жылы Құланға араб әскерлері дүбірлетіп жетті. Бұл қаланың орнын табуға оның екі ортағасырлық қаланың ортасында тұрғаны көмектес­ті. Батыста Құланнан 14 фарсах жерде Тараз тұр. Шығыста 4-ақ фарсах жерде Миркидің орны жатыр». Оның атауы сол күйінде қалған – Меркі. Сондықтан кезінде В.В.Бар­тольдтің Луговое деп жүргеніміз сол Құланның үстінде тұрған дегені ақылға қонады.

Қаланың осы қалпы Х ғасыр­ға дейін өзгерместен тұрған. Құры­лыс жүргізу техникасымен және қыш жасау үлгілерінің Жетісу, Орта Азияға кең тарауына және де басқа белгілерге сүйене отырып ғалымдар оны VII-VIII ғасырларда тұрған қала деп тапты. Ол дата қарахандықтардың қола ақшасында да көрсетілген. Теңге ақша еденнен табылған. Ортадан аула тастап, айналдыра баспана салу Шу алқабында, Қызылөзен, Бурана, Ақтөбе қалаларында да жиі кездеседі. Бұл өлкелерде бай­лардың үйлерінің қабырғасы оймышталған сылақ­пен әрленген, түсі қанық бояулар­мен сырлан­ған, терезе жақтаулары күйдірген майда кірпіштермен көмкерілген. Тере­зелер дөңгелек болып әйнек орнатылған. Үйлердің көлемі, бөл­мелер саны, кіре­берістің көр­кем­делуіне қарап бұл бай-көпестің үйі ме, ірі жер иеленушінің мекен жайы ма, алақанының ашылып, жабылуы ақша тұратын кердең шенеуніктің үйі ме – бәрін білуге болады. Қарапайым кәсіпшілердің үйі, әрине, кішігірім, өз тірлігіне сай қосымша қора, шеберханалары өз ауласында болған. Қалашық­тың айналасынан елді мекендер, қамалдар ашылып алынды.

Археологтар мен тарих­шылар Орта Азия мен Қазақстанның оты­рықшы-егін­шілік кезеңінің гүлденген тұсы Х-ХII ғасырларға сай келетінін анықтады. Орта­­ғасырлар кезеңінде Қазақстанда гүл­­денген ондаған қалалар өмір сүрген. Олардың тамаша архи­тектуралық үйле­сімділіктері, са­райлары, мешіттері, ұлық мав­золейлері, медреселері, ұстаха­нала­ры, шеберханалары кімді бол­сын таңғал­дырмай қоймаған. Сол кездегі қоғамның дамуы қолөнердің, ғылымның, өнердің, архитектураның шыңына жет­кен­дігінен көрінеді. Археологиялық деректер мен жазба мәліметтер куә болғандай, ерте орта­ғасырлар­да­ғы Қазақстан қалала­ры­ның тұр­ғындары үйсіндер, қаңлылар, соғды­лықтар, түркілер болған. IX-XII ғасыр­лардағы ортағасырлық авторлар түркі қалалары жайлы мынандай деректер қалдырған. Бұл – қарлұқ, чарұқ, қимақ, оғыз, қыпшақ, жікіл, тухси, қаң­ғар­лар­дың (көне түркі тайпалары мен халықтары) қалалары еді. Тараз «бата алған түркі-чарұқтар қаласы» деп аталған. Құлан, Қасрыбас, Көлшөп, Жолшөп қала­ларында қарлұқтар тұрды. Талхир жікіл мен қарлұқтардың шекарасында орна­ласты. Ал қарлұқтар астана­сы Қаялық болды. Алакөл мен Ертіс маңында қимақтар­дың Гаган, Карантия, Дамурия, Имакия, Сараус, Дахлан, Банжар, Астур қала­лары орналасқан.

Жетісу мен Сырдария өзен­дерінің бойында оғыздардың Хиям, Горгуз, Дахлан, Гарбиан, Қарашық, Янгикент қалалары бар. Отырар, Янгигент,Төменгі Барысхан, Қаялық және т.б. орта­ғасырлық қалалар секілді Құлан да түркіше атауды иеленген. Құланды мекен еткен қарлұқтар тура­лы да көп жазылған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қа­рауында Құлан, Меркі қалалары болды», деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегін­де «Қарлұқтар – ежелгі түріктер» деп жаз­ғанын еске алатын болсақ, Құлан – түркі тектес халықтардың мекені.

Отырықшылыққа бейімделген халық сол кездері арпа, күріш, тары, бұршақ, жүзім еккенде­рі археологиялық қазбалардан бел­гілі болып отыр. Құланнан, Мер­кіден, Аспарадан табылған жәдігерлерге үңілсек, бұл өлкеде тамақ өнеркәсібімен бірге қолөнер ерекше дамығанын байқауға болады. Соның сарқыншақтары әлі де сақталған. Құланнан шарапхана орындары аршылды. Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңірін құлазытқан, қиратқан Әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ орда, одан соң Алтын орда тағына ұмтылды. Бұл шын мәнінде түркітілдес, тек­тес ха­лық­тардың мемлекеттік құрылымының әлсіреуіне, қажет десеңіз жойылуына жақындатты. Сол кезде Шыңғысханның Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңіріне билігін жүргізетін Шағатай ұлысы өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді. Алайда олардың әрекеті көңілге қонбады. Өзінің басына төнген қауіптен құтылу үшін, бірлігі мен ынтымағы бұзылған ұлысты қайта біріктіру үшін өзге мемлекетке шабуыл жасады. Осыны пайдаланып Әмір Темір Ақ орданы да, Алтын орданы да, Мо­ғол­станды да бөлшектеп, быт-шыт етті. Нәти­жесінде XV ғасырдың басында Әмір Темір дегеніне жетті. Сөйтіп, ке­зінде атын айтудан қорқатын мемлекеттерді өз ұрпақ­тарына ұлыс ретінде билікке берді. Б.Бар­тольдтің жазуынша, Әмір Темір Сай­ран, Ианги, Тараз, Құлан, Аспараға иелік етуді ғалым немересі Ұлықбекке берді.

Тарихшылардың айтуынша, Ұлықбек бұл өңірде қала мә­дениетін жоя баста­ғандай. К.A.Пищулина «Оңтүстік-Шы­ғыс Қазақстан XIV ғасырдың ор­тасы –XVI ғасырдың басында» ат­ты еңбегінде осы екі ғасыр­дың тоғысында Оңтүстік-шы­­ғыс Қазақстан ежелгі қалалық мәдение­ті­нен түгел айырылды дегенді айтады. Бәрі өтпелі. Әмір Темір де, Ұлықбек те мәңгілік билік құра алмады. Түркі халық­тары бірте-бірте шағын топтан ірі мемлекеттік дәрежеге де­йін көтерілгендей болды. Моғол­стан­ға күш көрсететіндей дең­гей­­ге көтерілген Әбілхайыр хан­ды­ғы шаңырақ көтерді. Алайда ала­уыздық тағы да оны ірітті. Со­ның салдарынан олардың өмірі де ұзаққа бармады. Әбілхайырмен сыйыса алмаған кейбір ру басылары мен тайпа жетекшілері іргесін кейінге ысыра берді.

Осы сәтте «біз қазақпыз» деген Жәні­бек пен Керей сұлтан бастағандар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мем­­ле­кетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап Шу бойына Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тікті. Осылайша Құлан, Меркі, Acпара, ежелгі Баласағұн – Жетісудың шетінде қазақ ұлысы шаңы­рақ көтерді. Бұл кезде Құланның ежелгі орны төмпешік болып, өт­кен күннің тари­хын ішіне бүгіп жатқан болатын. Қазақ­станның қалалары саяси-әкімшілік орталық қызметін атқарып қана қоймай, қолөнердің, сауда мен ауыл ша­руа­шылығының шоғырланған орны да болды, сонымен бірге олар ғылым, білім мен мәдениет ордасы еді.

Өлкеміздің осындай бай тарихы бағзы замандардан бастау алатынын үнемі сабақ барысында оқушылардың есіне салып отырамыз. Көшпелілер өркениетінің мәңгі өшпейтін белгісі ретінде кәрі тарихтың сақшысындай болып бұл қалалар біздің уақытымызға дейін жетті.

 

Қадиша ОРАЗОВА,

Ақтоған орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі

 

Жамбыл облысы,

Т.Рысқұлов ауданы,

Көгершін ауылы