Брифинг барысында академия президенті Дархан Қыдырәлі және археологиялық экспедиция мүшелері, академияның ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр ғасырлық ғылыми жаңалықты көпшілікке кеңінен таныстырды.
Сондай-ақ алқалы жиынға Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Аталар Атамогланов, Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшіcі Доржийн Баярхүү, Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Батыр Реджепов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің көмекшісі Турхан Дилмач, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
«Күлтегін мен Білгенің әкесі Құтлық Елтеріс қағанға тиесілі бұл ескерткіште «түрк» атауы алғаш рет кездеседі. Сондықтан Түркі академиясы киіз туырлықты түркі халықтарының тасқа қашалған тұңғыш төлқұжатын тапты деуге болады.
Халықаралық Түркі академиясының жұмысына қолдаған құрылтайшы елдерге, сонымен қатар Мемлекет басшыларына, әсіресе айрықша қолдау көрсеткен Қазақстан Президентіне ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта кешенді әрі қарай зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Әлі 30 жылға жететін қазба жұмыстары бар. Жалпы гуманитарлық ғылымда жаңалық ашу оңай емес. 130 жылдан кейін ашылған бұл жаңалық әлемдік түркологияға қосылған маңызды олжа саналады», деді Дархан Қыдырәлі.
Оның пікірінше, аталған тарихи жаңалық ғалымдардың зор жетістігі ғана емес, түркі әлеміндегі нығайып келе жатқан бауырластық байланыстардың заңды нәтижесі.
«Бұған дейін түркі әлеміне қатысты жәдігерлерді еуропалықтар тауып келген, алғаш рет түркі халқының өз ұрпақтары мұндай маңызды мұраны жариялап отыр», деді ол.
Сондай-ақ академия басшысы Түркі академиясына мүше елдерде түркі әлемінің географиясы, ортақ түркі әдебиеті оқулықтары мақұлданғанын, алдағы уақытта мектептерде оқытыла бастайтынын атап өтті. Бұған дейін ортақ түркі тарихы туыс елдердің мектептерінде бағдарламаға енгізіліп, пән ретінде оқытыла бастаған болатын.
Академия президентінің айтуынша, ұйым ашқан жаңалық біздің жазу тарихымызды біршама тереңдетіп отыр.
«Тасқа қашалып жазылған ең көне мұрамызды таптық деуге болады. Жалпы археологиялық қазба жұмыстарында әртүрлі артефактілер, бұйымдар табылып жатады. Ал жазба ескерткіштің ашылуы – дамыған жоғары өркениеттің болғанын көрсетеді. Сондықтан мұндай маңызды жаңалықты сіздермен бөлісіп отырғанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Бодандық қамытын киіп, жойылу қаупінде тұрған түркі қағанатын қайта жаңғыртқан ел қорғаны Елтеріс қағанның құтты қонысының табылуы Жаңа Қазақстанды құруға қадам басқан тұсқа сәйкес келуін жақсылықтың нышанына балап отырмыз», деді ол.
Экспедицияға қатысушы ғалымдар Құтлық қаған жазба ескерткішінің қазылып алынған бөлігіндегі жазуларды оқып, алғашқы нәтижелерін де жариялап отыр. Ондағы жазулардың ішінде бізге қазір де түсінікті сөздерді кездестіруге болады.
Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөрдің айтуынша, қазба жұмыстары кезінде кешеннен Елтеріс қағанның тастан қашалған бас мүсіні де табылған. «Ол мүсінді бұған дейін жарияланған Күлтегіннің бас мүсінімен салыстырсақ, бір-біріне ұқсайды және бас мүсіннің Күлтегіннің әкесі Елтеріс қағандікі екенін растай түседі», деді моңғолиялық ғалым.
Ал Түркі академиясының ғылыми қызметкері, түрколог Нәпіл Базылхан бұл кешеннің Елтеріс қағанға тиесілі екенін бірнеше айғақтар арқылы дәлелдеп берді. Оның айтуынша, жазба ескерткіштің мәтінінен «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді сөздер, кешеннен табылған альтар, қос аланы бар арыстан және ашина тайпасының таңбасы оның Елтеріс қағанға арналғанына көз жеткізіп отыр.
Сонымен қатар, өз кезегінде Д.Қыдырәлі Түркі академиясының басшысы ретінде соңғы рет брифингке қатысып отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. Кешеннің батыс жағының ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле қойылған. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.
Сонымен қатар кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды. Ал барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылды. Табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған.
Жалпы, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткіштің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштердің жоғарғы жағында қашалғаны белгілі.
Алдағы уақытта Академия Номғон ғылыми экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлекеттерінің астаналарында таныстырмақ. Ал Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғаса береді.
Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда пандемия салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номғон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.