Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2022

Жастарға жағдай жасау қажет

283 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласына іссапармен келген «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өткен кездесуде партия алдында тұрған негізгі 5 міндетті атап өтті. Олар – тәуелсіздікті қорғау мен Алаш идеясын тірілту; нарықтық экономиканы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту; жемқорлыққа қарсы күрес, шетелде жасырынған ақшаларды елге қайтару; қоғамды демократияландыру және парламентаризмді нығайту, сондай-ақ, әлеуметтік әділеттілік пен халықтың өмір сапасын жақсарту.

Жастарға жағдай жасау қажет

Партия төрағасының пікірінше, жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, бай мен кедей арасындағы алшақтық және монополияның үстемдігі қоғамды қаңтар оқиға­сына алып келді. «Осындай жағ­дайды қайта болдырмау үшін елде кейбір заңнамаларды әлі де өз­герту керек», деді ол.

Университет ұстаздары және сту­дент­термен кездесуде А.Перуа­шев жұмысы ауыр әйелдердің зейнет жасын қысқарту туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Бүгінде осы мәселе қоғамда көп талқыланатын тақырыптың біріне айналғанын айтқан партия төрағасы ол үшін қаржыны мемлекеттің қазынасынан қарастыруға болатынын алға тартты. Сондай-ақ кездесуде жас мамандардың біліктілігі жөнінде сөз қозғалды. Ақжолдықтар жергілікті оқу орындары сұранысқа сай мамандар даярлау ісіне көңіл бөлсе деген өтініштерін білдірді. Оған жа­уап ретінде ұстаздар жалақының аздығын айтып, жас мамандар жоғары жалақы үшін шетелге кетуге мәжбүр екенін жеткізді.

Шетелге жасырылған ақша­ларды қайтару мәселесінде пар­тия­ның бастамалары туралы қойыл­ған сауалға А.Перуашев Швей­­цария парламентінде сөйле­ген сө­зінде бұл проблеманы көтер­генін мәлімдеді.

«Үкімет мүшелері мен ұлт­тық компания басшыларының шетелдік банктердегі шоты жариялы болуға тиіс. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Бізге де соны енгізу қажет. Лауазымды тұлғаларға банктік құпия қолданбау қажет. Елімізде өкінішке қарай, жемқорлықпен сотталғандардың кейбірі мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты. Бостандыққа шыққанымен қоймай, шетел асып кететіні бар. Сол үшін жемқорларға қатысты заң ережесін қатайту керек. Парамен ұсталды ма, сот үкі­мімен кесілген мерзімді түгел темір торда өткізсін. Екіншіден, мұндай іспен сотты болғандарға мемлекет қазынасынан ұрлаған ақшаны толық қайтармайынша шетелге шығуға рұқсат бермеу керек. Шетелдік банктерде ел­дің ақшасын жасырған шенеу­ніктерді анықтау, қаржыны елге қайтару мәселесі төңірегінде Еуропарламент депутаттарымен ортақ жұмыс тобын құруды ұсын­дым. Бірақ оған еуропалық әріп­тестер мүдделі емес. Өйткені Қазақ­станнан ұрланған ақша олар үшін экономикасына құйылар инвестиция», деді А.Перуашев.

Партия төрағасы «егер тонал­ған қаржылар түгел кері қайта­рылса, елдің жағдайын бір көтеріп тас­тауға толық жетер еді» деген пікірін қоса кетті.

Сонымен бірге ақжолдықтар квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялар Парламент депутаттарына есеп беріп отыруы тиіс деген ұсынысын біл­дірді. Себебі Мәжілістегі халық қалау­лыларының қатысуымен бекі­тілетін бюджетке квазимем­лекеттік сектор мен ұлттық компа­ниялардың табысы кірмейді. Ал олардағы қаржы көлемі бюджеттің 60 пайызына пара-пар. А.Перуашев «бақылау болмаған соң да ұлттық компания қызметкерлері миллиондап жалақы мен сыйақы алып тайраңдап жүр» деді.

Кездесу барысында партия көшбасшысы кәсіпкерлікті дамыту жайын да қозғап өтті. Оның пайымынша, шағын және орта кәсіпкерлікті салықтан мүлдем босату керек. Осы тұста шенеуніктер керісінше, жұмыссыз, жағдайы жоқ азаматтарға жәрдемақы беріп, кедейлікпен күресудің орнына, бұл мәселені асқынтып отыр деген ой айтты.

«Егер кәсіпкерлер салықтан босатылса, халықты өздері-ақ жұмыспен қамтып, елді отандық өніммен қамтамасыз етер еді. Ал бюджетті толтыру жерасты қазба байлықтарын өндіруші алпа­уыт компаниялар есебінен жүзеге асса да жеткілікті. Қазір отандық өнімдер өндірісінің жетіспеушілігі қатты сезіледі», деді ол.

Сонымен бірге А.Перуашев жыл сайын қалаға ауылдардан мыңдаған жастың ағылатынын, оларға жағдай жасау үшін алдымен жатақханалар салу қажет екенін алға тартты. «Жастардың аяққа тұрып кетуіне қолдау болса, өскелең қоғамда өз орнын тез тауып, отбасын құруға да асығар еді. Бұл өз кезегінде елде демографиялық ахуалдың жақсаруына, белсенді жастар арқылы ұлт сапасының артуына үлкен көмегін тигізер еді», дейді партия төрағасы.

Іссапар барысында А.Перуашев қаладағы «ӘлемБТ» зауытында болып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Бір күнде 60 мың парға дейін түрлі дизайн және материалмен шұлық шығаруға қауқарлы фабрикада 250 адам еңбек етеді. Кейіннен ақжолдықтар негізгі сатып алушылары Түркістан облысының жұртшылығы болып саналатын мегаполистегі ең ірі базарлардың бірі – «Алаш» әмбебап сауда орталығын аралап, азық-түліктің бағасын білді.

Сапар соңы бұрынғы «Фос­фор­шылар сарайының» маңында сол төңіректің тұрғындарымен өткен кездесумен аяқталды. Партия төрағасы бұрынғы мәдениет сара­йының заңдық мәселелерін шешіп, ешқандай қарызсыз Шымкент қаласының балансына өткізуге уәде берді.

 

ШЫМКЕНТ