Биыл VII Астана экономикалық форумы аясында тұңғыш рет «Экономикалық мәселелерді насихаттайтын мәліметтерді таратудағы жаңа медиа технологиялар мен инновациялық құралдар» тақырыбына арналған «G-Global: XXI ғасыр әлемі» атты I Халықаралық G-Global журналистикасы саммиті ұйымдастырылады. Саммит аясында «Шексіз ақпарат» медиа-көрмесі мен жаһандық журналистикаға қосқан үлесі үшін «G-Global» сыйлығын табыстау шарасы өткізілетін болады. Міне, осы саммитке қатысты туындаған бірқатар сұрақтарға жауап алу үшін «Success K» медиа агенттігінің бас директоры Ләззат КӨККӨЗОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Ләззат Ержанқызы, осындай шараны өткізу туралы идея қалай пайда болды және журналистер саммитін ұйымдастырудағы себеп не?
–
Кез келген шара ел мүддесі үшін жасалатыны анық. Биыл осымен жетінші рет Астанада әлемдік экономикалық форум, сонымен қатар, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция өткізіледі. Алдағы болатын форум мен оның аясында өткізілетін іс-шаралар алаңында тағы да өзекті экономикалық және саяси мәселелер талқыланып, Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының жобасы ұсынылатын болады. Заманауи әлемнің осындай күрделі мәселелері елордамыздағы жаһандық жүздесуде жан-жақты тілге тиек етілмек. Осыған байланысты бұл күндері Қазақстан астанасында не болып жатқандығы жайлы, форумда қозғалатын тақырыптар жайлы толықтай ашып, жариялау журналистік қауымдастық мойнында екені даусыз.
Астана экономикалық форумының ұйымдастырушылары – «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы болса, ал шара барысында БАҚ өкілдерімен жұмыс істейтін орталық – «Success K» медиа агенттігі болмақ.
Бұл ретте ең алдымен айтарым,
«Success K» медиа агенттігі –коммуникациялық және консалтингтік қызметтердің кешенді спекторын ұсынатын бірден-бір компания. Сондай-ақ, нарықта PR стратегияларды әзірлеп, жүзеге асырумен қатар ақпараттық сүйемелдеу де жасайды. Өзіміздің кәсіби қызметімізбен айналысу кезінде, әсіресе, Астанадағы осының алдында өткізілген экономикалық форумдарға дайындық пен өткізу барысында, біз бірсыпыра күрделі мәселелерге тап болдық. Бұл бірінші кезекте журналистердің жұмыстарына қатысты болды. Мен бұл мәселені кадрлық тапшылық деп айтар едім. Яғни, журналистер арасында экономикалық тақырыпты жан-жақты меңгере алатын, кәсіби тұрғыда білікті, күрделі ақпараттармен жұмыс істей алатын журналист мамандардың аздығы байқалды.
Көптеген шетелдік масс-медиада, БАҚ өкілдерінде бұрыннан бері нақты белгіленген бағыт – экономикалық журналистика бар. Яғни, бұл бағыт тереңірек кәсіби түрде оқытылады. Осы тақырыпта жазатын журналистің қосымша экономикалық білімі қаржылық жүйені және де бұл салада болып жатқан барлық үдерістерді біліп, бақылай алатын біліктілігі болуы керек. Ал Қазақстанда терең сараптама жасап немесе экономикалық жағдайға болжам жасай алатын журналист-сарапшыны айтпағанда, қарапайым, түсінікті тілмен экономикалық мәліметті оқырман мен көрерменге жеткізе алатын мамандардың өзі саусақпен санарлықтай. Соған байланысты, қайталап айтамын, Астана экономикалық форумы сияқты әлемдік деңгейдегі үлкен шараны өз дәрежесінде көрсете білу кез келген журналистің қолынан келмейді.
Астана экономикалық форумында қаралатын тақырыптар қарапайым бұқараның мүддесіне де тікелей қатысты. Өйткені, дағдарыстан кейінгі тоқырау бұл өндірістің, соның ішінде, шағын және орта бизнестің құлдырауы, өз кезегінде жұмыс орындарының қысқартылуы, банктердің несие бере алмауы және біз тап болып отырған девальвация мәселелері халықтың өміріне қатысты маңызды шаралар болып табылады. Яғни, Астана экономикалық форумында талқыланатын тақырыптар барлық адамзат баласы үшін өзекті. Міне, сондықтан дағдарыстың кемшін тұстарын төмендетуге мүмкіндік беретін, әлемдік қоғамдастықтың қабылдап жатқан шешімдерін түсінікті әрі қызықты етіп жеткізу бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды міндеті болмақ.
Форум идеяларын жан-жақты тарату мақсатында, біз «G-Global: XXI ғасыр әлемі» атты І Халықаралық G-Global журналистикасы саммитін, «Шексіз ақпарат» медиа-көрмесін және жеңімпазға «G-Global» сыйлығы ұсынылатын байқау өткізуді жөн көрдік. Шығармашылық байқаудың басты міндеті – әлемдік қоғамдастықтағы экономикалық мәселелер жайлы мәліметтерді жұртшылық жедел әрі оңай қабылдай алатындай жаңа және қызықты технологиялар, құралдар және бағдарламалардың көмегімен экономикалық ақпараттарды тарататын ең үздік журналистік жобаны анықтау. Бұл – терминдерді қолдану арқылы жай ғана мақала жазу немесе сараптамалық репортаж түсіру емес. Бұл – аудитория назарын бірден жаулап, оңай қабылданатын қызықты мәтінді дизайнерлік/ ІТ тәсілмен өзара байланыстыру. Сол себепті де біз түрлі тәжірибелермен алмасып, экономикалық сектордағы журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін, экономикалық журналистиканы және экономикалық өзгерістерге әрекет ету қабілетін дамыту үшін журналистер саммитіне қатысуға шақырамыз.
– Жоғарыда айтылғандардан кейін тағы да мынандай сұрақ туындайды, саммитке кім және қалай қатыса алады? Іріктеу шарттары қандай? Жеңімпаз қандай сыйлыққа ие болады?
–
Біздің басты
мақсатымыз – бұқаралық ақпарат құралдары арасында G-Global идеясын кеңінен насихаттау және таныту. Бұлардың барлығы баспа, телевизия және электронды бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналистердің экономикалық бағыттағы кәсіби біліктіліктерін шыңдауға бағытталатыны сөзсіз. Біз жоғары технологиялар заманында өмір сүріп отырмыз, олай болса неге бізге осы мүмкіндіктерді журналистикада қолданбасқа? Ақпаратты тарату үшін инновациялық технологиялар мен құралдарды енгізу, жаһандық экономикалық кеңістіктегі журналистердің рөлін арттыру, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспарды қолдау және қалыптасуына себепші болу – міне, осылар Халықаралық G-Global журналистикасы саммитінің негізгі міндеттері. Ал, қазіргі таңда қолданылып жүрген жаңа технологияларды көрсету үшін саммит аясында «Шексіз ақпарат» көрмесі ұйымдастырылады. Байқау жайлы айтатын болсақ, оған шетелдік және отандық медиа-холдингтер, бірлестіктер, медиа технология әзірлеушілер, медиа нарықта жұмыс істейтін ІТ-компаниялар, тәуелсіз журналистер, авторлар мен жаңашылдар қатыса алады. Байқауға тапсырылатын жұмыстар кәсіпқойлықты, ақпарат пен ІТ-технологиялардың өзара байланысын, бірегейлікті, қызықты дизайнерлік тәсілдерді және нарықтың оны өзіне талап етіп тұрғанын көрсетіп тұруы шарт. Біз лайықты ізденушілер табылады деп үміттенеміз, себебі, сыйлықтың жеткілікті жүлделік қоры бар және ол қарапайым жазылған журналистік мақала мен телевизиялық бағдарламаға емес, ІТ-дизайн-журналист тоғысындағы медиа тәсілдер қолданылған жұмысқа берілетін болады. Қайталап айтамын, байқауға қатысатын жоба бірегей әрі инновациялық болуы шарт.
– Қазақстанда және көршілес мемлекеттерде БАҚ өкілдеріне арналған шаралар жеткілікті. Бұл ретте түрлі форумдар, конгрестер және семинарларды айтуға болады. G-Global журналистикасы саммитінің айырмашылығы неде?
– Біріншіден, алғашқы Халықаралық G-Global журналистикасы саммиті Астана экономикалық форумы секілді беделді әрі жаһандық шара аясында өткізіледі. Сол себепті саммит тар шеңберлі бағытта болады. Біз бұл шараны тек қана экономикалық секторды насихаттаумен айналысатын журналистер мен БАҚ өкілдері үшін өткіземіз. Екіншіден, біздің міндетіміз – экономикалық сектордың, жаһандық журналистиканың және соңғы технологиялардың өзара ынтымақтастығында ақпараттық платформаны құру. Саммит – танымал медиа тұлғалардың, блогерлердің, әлемдік медиа-холдингтердің, әзірлеушілердің, өз жетістіктерін БАҚ-та көрсетуге дайын, қабылданған жобалары бар индустрияның ғылыми қайраткерлерінің, медиа-құралдардың және технологиялардың, экономика журналистикасы саласындағы ақпараттық бизнес пен білімді құрудағы жиналған тәжірибелердің съезі. Саммит барысында әлемдік дағдарыс жағдайындағы журналистика рөлі туралы, медиадағы инновациялар мен технологиялар, әрекет етуші құралдар жайлы тақырыптарды көтеріп, талқылау жоспарда бар. ХІХ ғасыр – дамыған, сонымен қатар, үздіксіз жетілдіріліп тұратын ақпараттық технологиялардың заманы. Бұл осы ғасырдың өркениеті, табысты жемісі. Жаңадан құралдар шығып жатса, олардың орнын бірден одан әрі жетілдірілген әрі қолдануға тіптен қолайлы құралдар басып жатады. Бұл озық өркениеттен қазақстандықтар да қалыс қалмақ емес. Жыл өткен сайын жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа технологияларды меңгеріп жатқан жайымыз бар. Әрине, жақсы бастамалар жалғасын тапқаны дұрыс. Тәуір жобаларымыз бұрын да болған, бар, әлі де бола бермек.
Астана экономикалық форумы әлемдік деңгейдегі экономика, қаржы, бизнес, ғылым өкілдерінен сұхбат алатын және әлемдік БАҚ-тағы әріптестермен тәжірибе алмасатын алаң болады деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».