Өскеменде халықаралық заманауи талаптарға сай жабық бассейн кешені жексенбі күні есігін айқара ашты. Салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация мен Парламент депутаттары қатысты.
Суға жүзу бассейні бес блоктан тұрады. Ең негізгісінде аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын алып бассейн бар. Көкпеңбек айдыны кішігірім көлдей болып көз тартып тұрған мұндай бассейн облыс орталығында тұңғыш рет пайдалануға беріліп отыр. Хауыз суының ең таяз тұсы 1,8 метр болса, терең жері 4 метрден асады.
Зәулім де заманауи спорт нысаны суға жүзу, суға секіру, су добы, синхронды жүзу сынды су спортының барлық түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нысанда көрермен мен жаттығу залдары, киім ауыстыру бөлмелері, гардероб, әкімшілік қызметкерлері мен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, гардероб пен асхана бар.
– Елбасымыз халық арасында бұқаралық спортты дамытуға, денешынықтыруға ден қоюшылар қатарын 30 пайыздан арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Спорт – денсаулық кепілі, көңіл-күйді шаттыққа бөлейтін өнер. Өскеменде соңғы жылдары ауқымды спорт кластері қалыптасқанына куә болып отырмыз. Жаңа бассейннің жанында жекпе-жек сарайы, жеңіл атлетика манежі орналасқан. Бұл – облыс орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға айтарлықтай жағдай жасалғанының көрінісі. Бүгін тұсауын кесіп отырған кешеннен келешекте үздік спорт сайыпқырандары шығатынына сенемін, – деді вице-премьер Г.Әбдіхалықова.
Өңір басшысы Б.Сапарбаев Президент тапсырмасына сәйкес, жабық бассейн кешені жастардың, аймақ тұрғындарының саламатты өмір салтын қалыптастыруға сүбелі үлес қосатынын жеткізіп, бұқаралық спортпен айналысушылар қатарымен бірге кәсіпқой спортшылар санын арттыру бағытында да жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Мәселен, өткен жылы өңірде 100-ден астам футбол алаңы салынды. Биыл 200 орындық спорт интернаты пайдалануға берілмек. Облыс әкімі аталған шараларға демеушілік танытып келе жатқан «Қазцинк», «Қазақмыс», «Қазатомөнеркәсіп» сынды компанияларға ризашылығын білдірді. Аймақ басшысының айтуынша, «Туған жерге – тағзым» акциясы облыстың әлеуметтік мәселелерін шешуге көп көмегін тигізіп отыр. Акция қолға алынған алты жыл ішінде демеушілер қаржысы есебінен әлеуметтік нысандар салуға 23 миллиард теңге бөлінген.
Кешеннің ашылу салтанатында бірқатар спорт ардагерлеріне бассейнде жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін абонементтік карточкалар табыс етіліп, суда жүзушілердің сайысы өтті.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суреттерді түсірген
Есімхан Орынбаев.