Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2022

Сөзден іске көшу керек - саясаттанушы

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз Президенттің әр Жолдауынан жақсылық күтеміз. Халық үшін, мемлекет үшін қандай жаңалық болар екен деп тапжылмай отырып тыңдаймыз. Бұл жолғы Жолдауы да елді елең еткізді деп ойлаймын.

Сөзден іске көшу керек - саясаттанушы

Бірқатар бағдар бойынша өз ойымды айта кетейін. Ауылдық жерде мал саны артқан сайын жер дауы жиілей бастады. Жайылымның тарлығы, шабындықтың жоқтығы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Міне, бүгінгі Жолдауда Президент жер мәселесіне назар аударды. Әлбетте, игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, шаруашылықпен шындап айналысып отырған азаматтарға үлестіріп беру қажет. Әйтпесе, он сиыры бар азамат жер таппай жүреді де, бір тұяқ малы жоқ азамат жүздеген гектарды иеленіп отырады. Әділдік қайда? Жыл соңына дейін 5 млн гектар жер қайтарылу керектігін айтты. Ол үшін жергілікті жерлердегі комиссия жұмыс істеуі тиіс.    

Сондай-ақ Президент жол құрылысындағы сапасыздықты тілге тиек етті. Басқаны білмеймін, Шығыс Қазақстанның жолдары әбден тозды. Салынып жатқан Омбы – Майқапшағай күре жолы сағыздай созылып кетті. Жолдаудан кейін жол жөнделер деп бір түйіп қойдық. Айтқандай, битумның тапшылығын да сөз етті Президент. Кәдімгі битум мәселесін Мемлекет басшысы Жолдауына қосып отырған соң жергілікті жердегі әкімдерден не сұраймыз?!

Жолдауда ауыл шаруашылығына да назар аударылды. Субсидия алғандарға бақылау күшейтілу керек деп қосты. Рас, субсидияны алуын алып, еңбегінен нәтиже көрсетпей отырған шаруалар жоқ емес. 

Иә, әйелдердің зейнет жасының 2028 жылы 61 жасқа дейін түсетінін айтып қуантты, балаларға қор ашылатынын айтып тағы қуантты. Білім саласында да жақсы жаңалықтар болатын көрінеді. Бәріне тоқталмай-ақ қояйын, бірақ тәрбиешілердің жалақысы көтеріліп, аттестациядан өтетіндігі туралы дөп басып айтты. Иә, жалақыны көтеру керек. Бірақ бала тәрбиесіне, білімді, білікті тәрбиеші қажет. Ол үшін міндетті түрде сыннан өтуі тиіс. Әйтпесе, балабақшаларда бейнекамераға түсіп қалған тәрбиешілердің тәрбиесіздігін көріп жағамызды ұстаған едік.

Жолдауда жаңалық көп. Енді оның бәрі жүзеге асуы үшін біз жұмыс істеуіміз керек. Жолдауды ұйып тыңдап алып, Президентке қарап отыруды қою керек. Жүзеге асыратын өзіміз. Рас, сөзден іске көшу керек.

 

Әділ Сайлаубек,

Қоғам белсендісі, саясаттанушы