* Кеден одағы құрылғалы Қазақстанда автомобиль өндірісі 24 есеге өсті. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бәкеновтің айтуынша, осы аралықта шет елдерге аккумулятор экспорттау 1,7 есеге, конденсатор шығару 1,3 есеге өскен. «Бұл Үкіметтің интеграциялық үрдіс аясында өткізіп отырған оқиғаларымен де байланысты», – деді ол.
* 2017 жылғы Универсиаданың нысандары белгіленген мерзімде тапсырылуы тиіс. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов кеше оңтүстік мегаполистің инфрақұрылымына қосылатын құрылыстарды көру барысында осындай тапсырма берді.
* Астанада 15 мамырда Есілдегі кеме жүзу маусымы ашылады. Қазір осыны қамтамасыз ететін кәсіпорын флотында 8 кеме қызмет көрсетуге сақадай-сай дайын тұр. Бұған қоса, өзен бойында «Кенесары» және «Рэдиссон» деп аталатын 2 айлақ құрылған.
* Шымкентте автомобиль шығаратын зауыт салуға ниет жасалды. Мұндай мәмілеге Кореяда өткен Оңтүстік Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері көрмесінде қол жетті. Форумда түстік өлкенің «ЖилСтройИндустрия» ЖШС мен кореялық «Seolim Trading» компаниясы арасында «Daewoo» автокөліктерін шығаратын кәсіпорын ашу жөніндегі келісімге қол қойылды.
* Өскеменде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық олимпиада өтті. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Қанипа Бітібаева атындағы білім сайысына Қазақстан аймақтарынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Ресей мемлекеттерінен келген 9-10 сынып оқушылары қатысып, қазақ тілінен білім жарыстырды.
* Қызылорда облысының Қазалы ауданында апатты жағдайда тұрған 7 мектеп ғимараттары жаңартылады. Мұның жайын бұрнағы күні өңірде өткен актив жиналысына қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тарқатып айтты. Білім ғимараттары келер жылдың соңына дейін салынады. Аймақ басшысының айтуынша, олардағы жарық мәселесін шешуге облыстық бюджеттен 182 млн. теңге қарастырылады.
* Ақмола облысының Атбасар қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үйлер салынып жатыр. Сарапшы ұйымдардың шешімдері бойынша 45 пәтерден тұратын 4 үй салу жоспарланды. Сол сияқты медицина колледжінің бұрынғы жатақханасы күрделі жөндеуден өткізіліп, 29 бөлмесі зардап шеккендерге берілмекші.
«ҚазАқпарат», «Қазақстан жаңалықтары», Egemen.kz
хабарлары бойынша дайындалды.