Қоғам • 01 Қыркүйек, 2022

Білім күніндегі мейірім

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үш айға созылған демалыстан соң мектебі, сүйікті ұстаз­дары һәм сыныптастарымен сағынысып қауышқан балдыр­ғандардың алабұртқан сезімін сірә оқушы болған кез келген жан жақсы түсінеді. Әйтсе де бала көңілі үшін осы бір ерекше сәтті бақытқа ұластыруға, өкінішке қарай, кез келген отба­сының материалдық жағдайы мұрсат бере бермейді. Өйткені мектепке қамдану – қуанышты ғана емес, күрделі де шығынды кезең. Осыны ескерген Astana Opera театрының ұжымы 1 қыркүйек – Білім күніне орайластырылған қайырымдылық акциясы аясында елорданың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына тосын сый жасады.

Білім күніндегі мейірім

– «Қуантсаң – баланы қуант» дейді. Балалар жылында өскелең ұрпаққа ерекше назар аударып отырмыз. Баланы мектепке әзірлеу – кез келген отбасы үшін маңызды оқиға. Өкінішке қарай, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін бұл ауыртпалық тудыратын іс-шара. Осы жағ­дайды саналы түрде ұғынған театрымыздың еріктілері сауабы мол іс-шарадан қалыс қалмай, мектепке қажетті кеңсе және басқа тауарлардан, сондай-ақ мұқ­таж жандарға арналған азық-түлік жиынтығынан тұратын арнайы бокстар жинақтады, деген Astana Opera дирек­то­ры­ның орынбасары Айжан Құр­манғалиева мұндай қолдау­дың қаншалықты маңызды еке­нін атап өтті: – Оқушыны мектепке даярлаудың қаншалықты жауапты жұмыс екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да өмірлік қиын­дықтар көріп жүрген адам­дарға шынымен жанымыз ашиды және жаңа оқу жылына да­йындықты барынша жеңіл­детуге тырыстық. Осы орайда барлық әріптестерімізді жағ­дайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге шақырамыз.

Astana Operaның сыйлық жиынтықтарына ең қажетті мектеп жабдықтары, атап айтсақ, арқа қоржындары, дәптерлер, қаламдар, қарындаштар, сыз­ғыш­тар, қаламсауыттар, бояу­лар, ермексаз бен әр балаға қа­жет­ті басқа да заттар енген. Театр еріктілері арнайы аралап жүріп бақытты оқушыларға сый­­лық­тарды өз қолымен табыстады.

– Бізді қайырымдылық жасау шабыттандырады, себебі біз адамдарға көмектесу мүмкін­дігіне ие болғанымыз үшін шын қуанамыз, олардың эмоцияларын көреміз. Әсіресе сыйлықтарды қызыға көріп жатқан балалардың күлімдеген жүзін көру бір бақыт, деп атап өтті еріктілер.

Қайырымдылық қызметі теат­р өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын және тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын атап өткен жөн. Ол белгілі бір ба­ғытпен немесе формамен шек­телмейді. Astana Opera қыз­мет­керлерінің назарында тұр­ғын­дардың түрлі топтары қам­тылған. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жал­ғыз басты аналар, мүмкіндігі шек­теулі жандар, ата-анасының қам­­қорлығынсыз қалған балалар бүгінде Astana Opera театрының қам­қорлығына бөленіп келеді. Мәселен, Жеңіс күні қарса­ңында еріктілер елордалық арда­гер­лердің үйінде қонақта болса, ал Дүниежүзілік аутизм мә­се­лесі туралы ақпаратты тарату күні Astana Opera-да аутис­тік спектрі бұзылған бала­лар қа­тыс­қан қайырымдылық кон­церті өтті. Көрерменді бі­ре­гей өне­рімен ғана емес, шек­сіз мейірім-қам­қорлығымен де қуа­ныш­­қа бөлеп жүрген ұйым­шыл ұжым­ның өнегелі ісі көпке үлгі.