Жиынды белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілік жүргізіп отырды. Кіріспе сөз кезегі тиген Мажарстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, түркітанушы, этнограф Давид Қара Ахмет Байтұрсынұлының есімін алғаш ұстазы Қоңыр Мандокиден естігенін жеткізді.
«Содан соң Қытайдағы Шыңжаң аймағында тұратын қазақтармен танысып, араласып, солардан қазақ тілін төте жазу арқылы үйрендім. Кейін Қоңыр аға осы төте жазуды ойлап шығарған Ахмет Байтұрсынұлы екенін айтты. Өзім әлі күнге дейін төте жазуды қолданамын. Ахмет Байтұрсынұлы – сегіз қырлы, бір сырлы адам. Оны ғалым ретінде ғана емес, қайраткер ретіндегі тұлғасы да биік. Алаш идеясын қолдап, қозғалысты құрушылардың бірі болды. Оның қазақ елінің мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегі зор» деп жылы ілтипатын білдірсе, онлайн байланысқа шыққан Анкара университетінің профессоры Севиль Пириева да ұлт ұстазының еңбегі мен мұрасы туралы парасатты ой өрбітті.
Ал Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли Ахмет Байтұрсынұлының 100 жыл бұрынғы ортақ әліпбиі және бүгінгі түркі әлемі зиялыларының қатынасу мәселелері тақырыбында ой қозғап, өткен ғасырдың басындағы түркі зиялыларының болашақ туралы бір пікірде болғандығын айтты.
«Әсіресе алфавит мәселесінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы түркі зиялылары пікірлерінің бір болуы – олардың арасындағы ортақ бір түсініктің қалыптасқандығын көрсетеді. XX ғасырда түркі әлемінде болған қайғылы оқиғаларға байланысты ол үдеріс тоқтап қалды. Бірақ кейін тәуелсіз түркі мемлекеттері пайда болғасын, түркі әлемінде жаңа үміт оянды. Бүгінде Халықаралық Түркі академиясы түркі әлеміндегі өзекті мәселелерге назар аударып, солардың шешу үшін жаңаша жобаларды дамытты» дей келіп, осы бағытта түркі әлемі ғалымдарынан құралған терминология комиссиясы жұмыс істеп жатқандығына маңыз берді.
Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақыпов «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілінің мәселелері» атты баяндамасында ұлт ұстазының араб жазуы негізінде қазақ жазуын шығарудағы ерекшелігіне тоқталды.
«Қандай жазу болсын ол дінмен байланысты. Мәселен, латын жазуы католик, кирилл жазуы православ, араб жазуы ислам дінімен, Міне, осыны жақсы білген Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында араб жазуын таңдады. Жақында мен Санкт-Петербургтегі архивте болып келдім. Сонда Ахаңның өз қолымен орысша 4-5 бет жазылған жазуын көрдім. Сол жазудың әдемілігі мен сауаттылығы – сол мұрағатта сақталған басқа жазуларды шаң қаптырады. Және ол кісі орыс-қазақ училищесін бітірген. Сөйте тұра, араб жазуын таңдады. Неге десеңіз, алдымен ол ұлт мәселесін ойлады. Себебі сол кезеңде қазақ халқын жаппай шоқындыру басталған болатын. Сондықтан Ахаң араб жазуының негізі тұрғанда қазақтың ешқашан шоқынбайтынын білді. Сол үшін араб жазуын алды деп ойлаймын. Екіншіден, араб жазуы жазуға ыңғайлы. Сағат бойымен, жердің айналуымен бірге үйлеседі. Ал кирилл мен латын жазуы табиғаттың қозғалысына қарсы. Соны Ахмет Байтұрсынұлы білді» десе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рахымжан Тұрысбек ұлы ғалымның артында қалған мол мұрасында қазақ руханиятына қатысты тұстар аса мол екендігін баяндады.
«Ахмет Байтұрсынұлының әсіресе ғылым, білім жүйесіндегі мұралары ерекше назар аудартады. Одан кешегі мен бүгінгінің арасындағы байланысты аңғарамыз. Мысалы, Байтұрсынұлының шығармашылығынан менің бір байқағаным, қазақ филологиясына қатысты тұстары аса мол. Оны біз тіл бағытынан да, әдебиеттік жағынан да, фольклорлық қырынан да анық көреміз. Ғалым орта мектеп жүйесіне қатысты да бірқатар еңбек жазды. Олардың көсемсөздік сипаты болғанымен бүгінгі күнмен үндесетін тұстары бар» деді.
Сондай-ақ конференция барысында Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мағрифа Қайранбайқызы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Жандос Смағұлұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Болат Қорғанбек және тағы да басқа ғалымдар өз баяндамаларында ұлт ұстазының сан қырлы бейнесі мен әдеби мұрасын жан-жақты сараптады.