Сұхбат • 02 Қыркүйек, 2022

Азаттық күресінің бастауында тұрған тұлға

640 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әр сөзімен һәм ісімен ұлт өресін өсіруді көздеген Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы ұлттық сананы жаңғыртудың айнымас бағдары десек артық айтпаған болармыз. Қайраткердің 150 жылдығына орай жер-жерде Ахаң мұрасын айшықтайтын айтулы шаралардың салтанат құруы, тұлға тағылымының қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететін кемел жол екенін тағы бір айқындайды. Осы орайда белгілі ахметтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлына бірер сауал қойған едік.

Азаттық күресінің бастауында тұрған тұлға

– Өмірхан Әбдиманұлы, Ахаң мұрасын терең теңіз деп алсақ, сол теңіздің түбіндегі маржанын сүзіп жеткілікті деңгейде зерттеп-зерделей алдық па? Жалпы, ахметтанудың бүгінгі өрісі қандай?

– Өткен ғасырдың 1988 жылы қазақ руханиятында қоғамдық өміріміз­ге өзгеше бір өзгеріс әкел­ген тарихи жыл болып қалары сөзсіз. Өйткені бұл жылы қалың қазақ қауымы ұзақ жылдар бойы көз жазып қалған асыл арыстарымен қайта қауышты. Зұлмат заман тұсында жалған жала­мен жа­зықсыз жазаға ұшырап, сталиндік саясатқа құлдық ұрғандар ұлт тарихынан аластатуға тырысқан ұлылардың санадағы шырақ­ты сәулесі қайта жарқырап, шығар­маларындағы нұрлы ойлары жүректерге рухани шуақ шаш­ты. Аңсап жеткен кемеңгерлер тағы­лымына тағзым ете бастадық. Со­ның нәтижесінде қоғамымыз өзінің өткені мен бүгіні туралы ілкі пайымдауларға бет бұрды.

Міне, осы кезеңде қайта танып-біле бастаған арыстарымыздың бірі, бірі емес-ау, бірегей тұлғасы – биылғы жылы 150 жылдық мерейлі мерекесі аталып отырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Ахмет Байтұрсынұлы – XIX ғасыр­дың аяғы мен XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-руха­ни өмірінен айрықша орын ал­ған тұғырлы тұл­ға. Бір басына сан түрлі салқар санат­керлік то­ғысқан осынау ұлы азамат қазақ руханиятындағы теңдесі жоқ құбылыс десек, артық айтқандық емес. Оның кемеңгерлік болмысы мен қайраткерлік қасиетін танып-білу бірер жылдың ішінде біте қалар жеңіл іс емес. Оған тек ұзақ жылдарға созылған көшелі ізденістер нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады.

Иә, Ахметтей адамзаттық ойдың алыбын енді танып, кемел ілімінің кеніне енді ғана кенеліп жатырмыз. Әйтсе де бүгінде бұл тұрғыда біраз ізде­ністер жасалғанын атап өткен жөн. Ахметтануға XX ғасыр бас кезін­дегі Міржақып, Елдес, Телжан, Сәкен, Мұхтар, Смағұлдар сал­ған сара жолды кейіннен Р.Сыз­дықова, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, Т.Кәкішұлы, Ө.Айтбаевтар жал­ғас­тырды.

Көрнекті тарихшы ғалымдар К.Нұр­пейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Қ.Атабаевтар Бай­тұрсынұлының ұлы тұлғасын қоғамдық-саяси қайраткерлік, ұлт күрескері тұрғысынан жан-жақ­ты ашса, әр саладағы жас ғалым­дар түрлі ғылым саласы бойын­ша зерттеп, ізденіс ауқымын ұл­ғайтты. Әрине, Ахаң жайлы жазылып жатқан басқа да мақа­ла­лар, жарық көрген жинақтар бар­шы­лық. В.Күзембаеваның құрасты­руы­мен шыққан «Ұлт­тың ұлы ұста­зы» атты ғылыми-библиографиялық көр­сет­кіште қазақшасы, орысшасы бар Ахаң жайлы жазылған 763 әде­биеттің тізімі көрсетіліпті. Кейбір қалып қойғандарын есептемегенде де, бұлардың аздық етпесі хақ. Сан жағына шүкіршілік еткенмен, сапасына келгенде көңілдің бәсең тартарын да жасыра алмаймыз. Себебі рухани әлемімізге өзгеше өзгеріс әкел­ген санаткер туралы кейінгі кезде жарияланған материалдар қандай көп болса, олардағы бірін-бірі қайталаулар да сондай көп. Ахаң мұрасына әркім әр қырынан келіп жүр. Бір басынан қайраткерлік те, ақындық та, ғалымдық та, тілшілік те табылған Ахаңның тұлғалық қасиетін тұтас зерттеуге үлкен күш, талмас талант керек-ақ.

– Ахаң шығармашы­лы­ғы мен өмірін бір кісідей зерт­те­геніңізді білеміз. Тұр­сынбек Кәкішұлы жетек­шілік еткен ғылыми диссер­тация­ңыз Ахмет публицистикасына арналғанын айтпағанның өзін­де, ұлы тұлға жайлы бірнеше кіта­быңыз жа­рық көрді. Осы бағыттағы ізде­ністер туралы айтып өтсеңіз?

– Ахметтанумен айналыс­қа­нымызға биыл тура 20 жыл­дың жүзі болыпты. Ұлы тұлға­ның әдеби-публицистикалық мұрасы жайлы кандидаттық диссертация қорғап, Ахаң шығарған «Қазақ» газеті туралы монография, «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты 2 томдық оқу құралының Ахмет Байтұрсынұлы туралы үлкен тарауын жазып, «XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралымыздың, «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты, «ХХ ғасыр бас ке­зіндегі қазақ әдебиеті» оқу­лықтарының бір тарауын Ахаңа арнадық. Док­тор­­лық дис­сер­та­циямыздың негізінде ­жа­рық көр­ген «Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея» атты мо­но­­гра­фиялық зерттеуімізде XX ғасыр бас кезіндегі әдебиетте ұлт-азат­­тық идеяның негізін қалаған А.Бай­­тұр­сынұлы екендігін дә­лел­деп, арнайы бөлім жаздық. «Қа­зақ әдебиетіндегі ұлттық рух еңбегімізде де Ахаң­ның әдеби мұ­раларына арналған арнайы тарау бар. 2010 жылы «Арна» бас­пасынан 20 баспа табақ «Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссеміз жарық көрді. 2019 жылы басылып шыққан «Алаштың азатшыл әдебиеті» атты 30 баспа табақ зерттеу еңбегіміздің үлкен бөлігі Ахмет Байтұрсынұлына арналған. Жалпы, бүгінге дейінгі аралықта Ахаң жайлы түрлі басылымдарға үлкенді-кішілі 50-ден астам ғылыми-танымдық мақа­ламыз басылып шығыпты.

– «Ахметтану» атты еңбе­гіңізде Байтұрсынұлы туралы жа­зылған мақалалардың кей­бірі жадағай ой мен құрғақ мақ­таудың әсерінен арыла алмай қалып жататынын айтасыз...

– Мүмкін, өткен ғасырдың 80-жыл­дарының аяғы мен 90-жылдардың басында ахметтануға жаңа бет бұрған тұс­та жата қалып мақтау мен тұра қалып ұрандау қажет бол­ған шығар-ақ. Ал бүгінде арыс­тарымыздың аза­маттық тұлғалары мен толыққанды туындыларын танып-білуге сабырға суарылған салиқалы ойды серік етіп, зерделі зейінмен бару керек. Тереңнен шыққан тебіреніс болмаса, да­быраға еліткен тыз етпе жалған сезімнен ештеңе өнбек емес. Уақыт сұранысы да басқа. Құр ұран, құрғақ айғаймен бітер шаруа шамалы. Ұлы ұстаздың болмысын тану анық та қанық болмаса, таным тым қарабайырла­нып кетуі кәдік емес. Ендеше, бір кездегі М.Дулатов, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов мақалаларындағы айтылған ойларды кеңейте түсіп, ахметтануды бүгінгі жаңаша көз­қарас тұрғысынан байыптап, уақыт талабына негізделген па­йым-парасат деңгейінен өріс­тетудің уақыты жеткен секілді.

Ахметтанудың негізін қалау­шы­­лардың бірі – ұлы Мұхаң сонау бір кезде Ахаңды «Ұлттың рухани көсемі» деп бағалаған екен. М.Әуезов бұл сөзді дер кезінде айтты және тауып айтты. Бірақ осы ұғымның мәнін кеңі­рек ашуға ол кісінің мүмкіндігі болмады. Ахаң тақырыбына қайта бір орала алмады, шындығын айтқанда оралтқызбады. Әйтпесе, Мұхаңдай ғұлама өз жазбала­рын сан рет шұқшия қарап, Ахаң­дай ұлы тұлғаның рухани көсем­дік сипатын толық ашып берген болар еді. Амал кәне, өткенге өкінгенмен, пайда жоқ. Ендеше, сол Әуезов ашқан ұлылық болмысына бүгінгі таным деңгейі­нен көз жіберіп, шама-шарқы­мыз жеткенше осы оқу құралы негізінде талапты білімгерлер­ге Ахаң көсемдігінің сырын ашып, әдеби-публицистика­лық мұрасының мән-мағынасын, ұлт­тық руханияттағы маңызын байытып беруге тырысайық. Мақсат – Ахмет Байтұрсынұлы болмысының белгілі бір қырына ғана назар аудару немесе жекеленген шығармаларын талдау емес, бүтін болмыстың бүтіндігін толық таныту.

Әрбір ұлы тұлғаның тұғыр­лы бейнесі ол өмір сүрген ортаға, тарихи кезеңге тереңірек көз жі­бергенде ғана шынайы аңғарыла бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы – заманына сай туып, дәуірдің жарығы мен қараңғысын бір­дей бағдарлап, жамандығынан жерініп, жақсылығынан үйрене біл­ген жан. Ол – бір басында сан саналы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі болған, қиындыққа толы тартысты ғұмырында қараңғылықта қалған қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген бірегей тұлға.

Ә дегенде-ақ назарға ілігетін бір сипат – Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның бүкіл тірлік-тынысы, адамдық болмысы, ең алдымен, азаттық ұғымымен астасып жа­татын­дығы. Ол – жеке бас, жеке адам бостандығының жоқтау­шы­сы емес, түгел жұрт, тұтас ел азат­тығының ту ұстаушысы. Жалпы, XX ғасырдағы саяси күреспен маз­мұндалған азаттық қозғалыстың бастауында тұрған қайраткер­лердің рух-тұлғасы – осы Ахаң.

– А.Байтұрсынұлының асыл арма­ны ұлтының азаттығы еді. Сөз соңында ұлы тұлғаның таза таны­мын, қайраткерлік қырын бүгінгі ұрпаққа жеткізердей ­бір ой айтсаңыз?

– Ахмет Байтұрсынұлының асыл арманы ұлтының азаттығы болса, ол бұл жолда ештеңеден аянған жоқ. Қорлығын көрдi, азабына төздi, қacipeтiн тартты, ажал oғынa байланды. Бiрақ шегiнген жоқ. Tүciн де, түciнiгiн де өзгерткен жоқ. Алған беттен таймады. Yнeмi ұлтына азат­тық жолының жөнiн сiлтеп, жобасын көр­сетумен болды. Елiн мәдениеттің биiгiне жет­кiзу жолындағы жан-жақты iзде­нiстерi оны танымның биiгiне шығарды. Сол биiктен болашаққа бiлiм нұрын шаша алды. Ахмет бастаған қазақ зиялылары туған әдебиеттiң тiлектестерi ғана емес, жанашыры, қорғанышы бола бiлдi. Бұл әcipеcе, олардың әдеби тiлдi қалыптастыру, ұлттық тiлдің нақышын, көркемдiк бояуын, тазалығын сақтау жолындағы күpeciнeн көзге түседi.

Қорқып, қорғалақтамай шын­­­дықты айтуға неге бару керек? Оның себебiн Ахмет Бай­тұрсынұлы былайша түсiндiре­дi: «Өзгерiс болғанымен, өзгер­мей тұpғaн қазақта қалып көп, қашаннан берi қазақ iшiне ciңіп, орнығып қалған қалыпты өзгерту оңды нәрсе емес. Бас өзгердi, бастық өзгердi, төре өзгер­дi, басқасы әлi қарап тұр. Қа­зақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кемiген жоқ... Қазақты бұрын жегендерi әлi жеп отыр, бұрын зорлық қылғандары әлi зорлық қылып отыр. Өзгерiс кiмгe жағымды, кiмге жағымсыз болып шыққаны көзі бар көрерлiк, eci бар адам бiлерлiк болды». 1922 жылы бұл өте батыл да батыр пiкiр едi. Бұл – Ахаңның рухани көсемдiгiнiң айқын бiр белгiсi. Ахмет Байтұрсынұлы сөз өнерiнің қуат күшiне деген ceнiмiнeн еш айырылмаған жан.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ