14 Мамыр, 2014

Күмістің кереметі көп

855 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жалпы, сіздің хоббиіңіз не? Осы сұрақты тілшілер қауымы сұхбат берушіге жиі қояды. Әрине, бір хоббимен шұғылдануды армандамайтын адам некен-саяқ. Жұмыр басты пенденің көпшілігі негізгі кәсібінен бөлек, көңіліне ұнаған қосымша бір тірлікпен айналысқанды жақсы көреді. Бірақ, шынын айту керек, біздің қазақта  коллекция жинаумен  айналысатындар өте сирек. DSC00433Тіпті, мұны кей адамдар еріккеннің ермегі көруі мүмкін. Бірақ, коллекция жинау да үлкен ізденісті, берік шыдамдылықты қажет ететін өнердің бір түріне жататынын мойындауымыз керек. Біз бұған белгілі ғалым, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры Жомарт Қошқаровтың қолындағы дүниелермен танысқан кезде көз жеткіздік. Жомарт Қасымханұлы күмістен жасалған өте көне әшекей бұйымдарды жинаумен айналысады. Әрине, бұл өте қымбат дүниелер, бірақ мәселе оның бағасында емес. Мәселе мұның тарихи мәнінде, осы бұйымдар арқылы қазақтың тарихына, өткеніне, мәдениетіне көз жүгіртуге болады. Қазақ мәдениеті өз тарихында көп құндылықтарын жоғалтып алды. Өткен ғасырдың 1928-1930 жылдарындағы кәмпеске кезінде көптеген байлар шетелге қашып, біраз  құндылығымыз солармен бірге кетті. 1932-1933 жылдарғы аштықта жарым қап бидайға қос уыс алтын-күміс сатылып, талан-таражға түсті. Ең соңы 1960-1970 жылдары көп құндылықтарымызды Ленинградтағы Эрмитажға жинап әкетті. Ендеше, Жомарт Қошқаровтың бұл еңбегі ұлт өнеріне, тарихына, мәдениетіне деген жанашырлық деп бағалау қажет. – Бұл коллекцияны жинағаныма 15 жылдан асты, – дейді Жомарт Қасымханұлы. – Балалық шағым әжемнің қолында өтті, 1998 жылы әжем қайтыс боларының алдында «көзімдей қылып сақтарсың» деп 17 бұйым тастап кетті. Сол кезден бастап менде осы күміс бұйымдарға деген қызығушылық  пайда болды. Әр бұйымның өз тарихы бар. Содан ел аралап осындай жәдігерлерді жинай бастадым. Бүгінгі күні менің коллекциямда 400-ден астам бұйым бар. Баяғының байлары тұрмыстық заттарды негізінен күмістен жасаған. Күмістің өте керемет қасиеті бар. Тіпті, кейбір күміс ыдыста тұрған тағамға у дарымайды екен. Қазір ғой алтынға малынып жүргеніміз, әйтпесе, бұрынғы қазақтар алтыннан гөрі күміске жақын болған. Баяғыда апаларымыз айран ұйытқан кезде қолындағы күміс білезіктерін шешіп, айранның ішіне салып жіберетінін де көзіміз көрген. Сәби  туылған кезде суға күміс теңге тас­тап шомылдырады. Баланы сүндетке отырғызған- да «мұсылман болды» деп күмістен ер жасатқан. Кәмелеттік жасқа келді деп күміс белдік берген. Жігіт үйленген кезде неке қияр суына тағы күміс тиын тастап ішкізген. Менің коллекциямда екі-үш, төртеу болып қосылып тұрған білезіктер бар. Әрине, бұл білезіктер ажыратылып, кәдімгі білезік болады. Бұрынғы қазақтар алысқа барып, білезікті үш-төрт қызына бірден жасатқан. Содан әр қызы күйеуге шыққан сайын әр білезікті бөліп беріп отырған. «Өнержиек» деп аталатын бұйымға үш зат кіреді: біріншісі тырнақтың астындағы кірді тазалайды, екіншісі құлақ, үшіншісі тіс тазалайды. Пирамидаға ұқсайтын жүзікті отау жүзігі дейді. Отау жүзікті не үшін тағады? Барған жерде отауың берік болсын, төрт бұрышы төрт құбылаң тең болсын дегенді білдіреді. Бұрынғы қазақ әйелдерінің шашы ұзын, қос бұрымды болған. Ондай шаштың өзін қарау, күту оңай емес. Сол кездегі шашқа тағатын кейбір шолпылардың салмағы 2 килоға дейін болған екен. Бұл біріншіден, шолпы таққан кезде басты артқа қарай тартып тұрады. Яғни, әйелдің кеудесі көтеріңкі, бойы тік болады. Сосын шолпының салмағы шашқа массаж жасайды. Одан басқа күміс теңгелерді шашбауға таққан. Николай патшаның кезінде үш теңгеге бір сиыр алуға болады екен. Яғни, бір шолпының өзі екі сиырдың құны болған. Екі саусаққа бірдей кіретін күміс жүзікті «құдағи жүзік» дейді. Бұрын қазақ біреудің егер қызына құда түсіп келетін болса «онда мен сендерге құдағи болып келе жатырмын» деп бәйбіше осы жүзікті қолына тағып барады екен. «Құдағи жүзікті» көрген кезде ауылдың бәрі оның не мақсатпен келе жатқанын бірден білген. Сондай-ақ, күміс белдіктің қалың болғаны адамның дәрежесін білдіреді. Белдігіндегі ою-өрнегіне қарап, қай жүзден, қай рудан екенін білген. Күміс белдікті қазақ қатты бағалаған. Тіпті, құда түсіп келе жатқан жігіт қызға сырға емес, бірінші белдік тағады екен. Күміс белдік тағылып барып, содан кейін қызды алып кететін болған. ...Әрине, өз тарихын білмеген мемлекеттің болашағы жоқ. Тарихи құндылықтарымызды сақтауға арнайы бағдарлама бар. Қазір зергерлік бұйым көп, бірақ бәрі шетелден әкелінеді. Жомарт Қасымханұлы әңгіме арасында қазақтың зергері деген мамандықтың жойылып бара жатқанын өкінішпен айтып қалды. Иә, шынында қазақтың әрбір көне бұйымынан, әшекей затынан, ондағы ою-өрнегінен өткен тарихымызды, мәдениетімізді болжауға болады емес пе? Осы жағынан келгенде зергерлік мамандықты әлі де жандандыра түсу қажет-ау. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.