Таным • 04 Қыркүйек, 2022

Қазыналы Көкшенің қойнауындағы із

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бурабай баурайындағы Құмдыкөл ауылының маңында ғалымдардың пайымдауына қарағанда, сонау темір дәуіріне, орта ғасырлық кезеңдерге тиесілі археологиялық жәдігерлер табылды.

Қазыналы Көкшенің қойнауындағы із

Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының қызметкерлері әр төбесінің астында көне тарих­тың көмбесі бұғып жат­қан Бурабай өңірін барлаған. Шынын айтуымыз керек, бұл жерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Кезінде талай құнды дүниенің құрдымға кеткені де рас. Көненің көзін, арыдағы жұрттың ізін бар­лаған уақытта бұл аумақ­та «Регион дорстрой» серік­тестігіне бөлінген жерден ат ба­­сындай олжа табылады деп кім ойлаған. Әуелі ор­талық қызметкерлері Жаңажол ауылының маңында жидек теріп жүрген адамдармен тілдескен. Олар осы маңда тылсым тарихтың тұ­­нық сыры бұғып жатқан жер кезігуі мүмкін деп жөн сілтесе керек. Дер шағында та­уыпты, әйтпесе, жеті қат жер­дің астындағы құнды жә­дігерлердің табиғи және ан­тропогендік себептердің әсе­рінен жойылып жатқаны да жасырын сыр емес қой.

п

– Зерттеу барысында қор­ғандағы шұңқырдан те­мір дәуірінде күн кешкен сақ жауынгерінің мәйіті та­былды. Жанынан дөңес ті­реуіштері бар ауыздық, жү­генді әшекейлеген әрқилы бұ­йымдар, сүйектен жасалған заттар тәрізді жәдігерлер шықты. Құстың басы таңба­ланған, күн құдайының бел­гісі көшірілген жапсырмалар да бар. Қанжар, пышақ, тасқайрақ, он дана сақ-скифтік үлгідегі жебенің ұштары, қыс­қа қылыш та ғалымдар назарын аударып отыр, – дейді орталық директоры Жасұлан Укеев.

р

Табылған жәдігерлер то­лық зерделеніп, зерт­телген­нен кейін облыстық тари­хи-өл­кетану музейіне тапсы­рылмақ.

р

 

Ақмола облысы