Таубай ата таңертеңнен тағат таппай терезеге телмірді де отырды. Жүрегінде жалын, кеудесінде күрсініс, жанарында жас бар. Торыққан жүзінде әлдекімді іздеп зарыққан сағыныш табы байқалады. Ол айналып келіп терезе жақтауынан ұстап, әйнектің арғы бетіне қарағыштай берді. Есік сарт етіп ашылып, әлдекім көктемнің жұпарындай әдемі бір леппен кіріп келетіндей.
– Уф!
Осы бір күрсініс үн үйді де шайқап жібергендей еді. Айнала мүлгіген тыныштық. Япыр-ай, шыныменен бәрі де бұдан күдер үзгені ме? Күні кеше ғана емес пе еді, жағымпаздар мен жалтаңбайлардың қоғадай иіліп, аяғына жығылатыны. «Тау тұлғалы тарлансыз», «болмысы бөлек бүркітсіз» деп айналасында бал көрген арадай құжынап жүретін қызметтестері, үзеңгілестері қайда қазір? Иә, жалған дүниеде жылтырақтың бәрі де алдамшы екен-ау. Дүрия дәурен, барқадарлы баршылық, жалықтырмас жиын-той, дүбірлі думан, шуақты шаттық, қылықты қызықшылық таусылмастай, түгесілместей көрінген. Енді қарап отырса, бәрі де бір күнгі сәуле екен ғой. Шолақ дүние құйрығын ұстатпай қыр түлкісіндей белден асып жоқ болады деп кім ойлаған?
Жалғызілікті қарт тағы күрсінді. Қалт-құлт етіп орнынан тұрып, ас бөлмесіне өтті. Газ плитаға оттық тигізіп, шай қойды. Қасында шүйіркелесіп отырар шүйкедей кемпірдің бар кезі де жақсы екен ғой. Жападан жалғыз соқа басы сорайып отырып ішкен ас тамағынан өтер ме? Сонда да шықпаған жанға үміт үйірсек, шай-пай ішіп әл жинаса, бәлкім, аула ішіне барып серуендеп те қайтар. Сөйтіп, жүргенде өзі шіріген жұмыртқаға балаған жалғызы жалт етіп көріне қалса, жүректегі жара жазылып сала бермей ме? Алайда, сол бір күн келер ме?
Бет-аузын шаюға барған қарт шаң басқан ескі айнадан сақал-шашы өсіп кеткен жабайы адамды көргендей өне бойы дір етті.
– Е, мені кешегі күркіреген Кеңес үкіметінің күрескері деп кім айтар? – деп іштей мырс етті шал.
Кеңес үкіметі...
Иә, оның бүкіл ғұмыры дерлік сол Кеңес үкіметін көркейтемін деп-ақ келмеске кетті.
Оның санасынан өткен жылдар елесі сырғып өтіп жатты.
Бала кезінен пысық болып өскендіктен бе, ол атқа ерте отырды. Бәлкім, жетімдігі де ширықтырған шығар, ол жастайынан тек өзіне ғана сенетін. Сондықтан да, үнемі қатарластарынан қалмауға тырысып бақты. Өзге құрдастары сабақтан соң сөмкені атып ұрып салпақтап доп қуғанда, бұл түкпірдегі бөлмеге тығылып алып кітап оқып отырды. Есейгенде осы кітапқұмарлығы септігін тигізді. Сол кезде де жоғары оқу орындарына дөкейлердің балалары көбірек түсуші еді. Әуелі оқуға іліге алмай Таубайдың да аяғы көктен келген. Бірақ, тауы шағылған жоқ. Әскери борышын өтеп келгеннен соң тағы да бағын сынады. Сәтін салып, институттың кешкі бөліміне оқуға түсіп кетті. Бір жылдан соң алғыр студентті күндізгі бөлімге ауыстырды. Соңында сенері жоқ Таубай енді күндіз оқи жүріп, кешке жұмысқа шықты. Жұмыс таңдамады. Аула сыпырушы да, күзетші де болды. Сөйтіп, жүріп киімін өзі бүтіндеді. Тоқ жүрді.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған». Гүлсіммен үшінші курста оқып жүргенде танысты. Алғашқы таныстық бірте-бірте жарасымды достыққа, достық мөлдір махаббатқа ұласқан. Гүлсім жігіттің жарлы-жақыбайлы жағдайын танысқан күні-ақ білді. Бірақ, пысық жігіттің өмірде өгейлік көрмейтінін қыз жүрегі сезген. Сонымен, институт бітірерде олар ерлі-зайыпты болып, Кеңес үкіметін гүлдендіруге қол ұстасып аттанды.
Екеуі де қызметке орналасты. Таубай көп кешікпей аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысты. Сол күннен бастап оның өрлеу баспалдағы басталды. Гүлсім балалар дәрігері еді. Таубай аудандық атқару комитетінің төрағасы, одан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалғанда-ақ жұмысынан қол үзді. Өйткені, үйге келім-кетім кісі көп-ті. Екі қыз бен бір ұлдың күтімі тағы бар. Әуелі балалар бақшасында тәрбиеленген ұл-қыз мектеп табалдырығын аттаған соң оларға бір күтуші керек-ақ еді. Қазіргідей әр үйде бала бағушы, үй қызметшісі ұстайтын кезең емес, осы жүктің барлығы Гүлсімнің иығына артылды. Жақсы келіншек жарының жағдайын ойлайды. Гүлсім де «қызметім қалып барады» деп көп қыңқылдай қоймады. Кейіннен Таубаймен ілесіп Одақтың әр түкпіріндегі курорттар мен санаторийлерге бару оған да ұнайтын еді. Ауруханада жүргенде бірінші хатшының әйелін бастығы ақысыз демалысқа кез келген уақытта жіберері сөзсіз. Дегенмен, күн сайынғы қонағы бар, жыл сайынғы демалысы бар, Гүлсім әріптестері арасында ала қарға атанғысы келмеген.
Жалындаған жастық жігерін үйден гөрі түздегі жауапты қызметіне арнаған Таубай желмая жылдардың қарттық деген қырт ауылға қалай жақындатып тастағанын сезбей де қалды. Қарбалас тірлік, қауырт науқан, қызметтестер қошеметі екі көзді тұмшалап тастайды-ау, шамасы. Қалай ғана байқамаған, сезбеген. Арпа ішінде бір бидай, көзінің қарашығы санайтын жалғыз ұл кержалқаудың өзі болды да шықты. Оның үстіне тым шолжаң. Жасы отызға тақаса да ойын баласы сияқты алаңсыз. «Университетте оқып жүр» деп үлде мен бүлдеге орап қойған жалғыз ұл байлық пен баршылықтың арқасында басқа «оқу» бітіріп шығыпты. Астында қымбат көлік, барған жері – мейрамхана, ортасы – өзі сияқты еркесылқымдар болған соң оңа ма, тәрбиесі түңілтерліктей төмендеген. Бұл білмейді екен, Алматыда оқып жүріп, істемегені қалмаған. Біреудің қызын бүлдіріп қойып, әупіріммен құтылған. Сірә, әйелі Гүлсім астыртын әлдекімдер арқылы жәрдем берген болар. Ол ұлы Арманның жолында жанын қиятын еді ғой.
Обалы не керек, екі қыздың ауыртпалығы да, салмағы да білінген жоқ. Оқуларын бітіріп, бір-бір ауылға келін болып түсті де өз-өздерімен болып кетті. Жылына бір рет балапандарын ертіп келіп төбе көрсетіп кетеді. Құдалар да жақсы адамдар болып шықты.
Жалғыз ұлдың жыры жуық арада біте қоймады. «Аяғына тұсау салсақ, өзі-ақ жынынан айырылған бақсыдай тынышталар», деп үйлендіріп те көрді. Сыралғы достың сұп-сұлу қызы бар еді. Таубайдың сөзін екі етпейтін. Құда түсіп барғанда бір ауыз қарсы сөз айтқан жоқ. «Балалардың өздері біледі ғой», дегеннен әрі аспаған. Гүлсім құдасы Нұрболат пен құдағиы Сырғашқа қалыңмалды келістіріп берген. Негізі Гүлсім мен Сырғаштың сыйластығы әу баста жақсы еді. Бір-бірімен құдағи болғанда екеуі де кәдімгідей қуанған.
Таубай құдасы Нұрболатты туысынан кем көрген жоқ. Екеуінің әңгімесі таусылмайтын. «Балалар бақытты болса, бізге одан артық не керек», деп отырады. Бетіне қараған жалғыз ұл ел бетіне қарағысыз етіп кетті. Әсіресе, Нұрболат пен Сырғашқа қарауға бет жоқ. Ескі таныстарын араға салып жүріп зорға орналастырған қызметінен қырсыздығынан, жалқаулығынан, қырттығынан шеттеп қалды.
Япыр-ай, «мыржық әйелге тыржық күйеу», «ұрының әйелі өзіне лайық болады» демекші, кержалқау ұлдың әйелі де көксоққандар қатарына тез-ақ қосылды. Әлде Арманға ерегісті ме екен? Көп ұзамай күйеуімен бірге кафелететінді шығарды. Сірә, сырадан да сіміретін болар, кейде үйге жүзі жайнап келетін болды. «Үйде атам мен енем бар-ау» деген қаперінен шыға бастады. Шыбыш сияқты секектеп жүріп бір ұл туып еді, келін болып бесік тербетуді білмеді. Немере қырқынан шықпай жатып ене қолына ауысты. «Көп жортқан түлкі терісін алдырмай қоймайды» деген рас-ақ екен, күлімсіреуі көп келіннен күдік алған ұл сөзге келмей онымен ажырасып тынды. Соқа басы сорайып қалған тексіз ұлда тұрақ болмады. Әкесі мен шешесінің зейнетақысын ішіп-жеп, сыбай-салтаң өмірдің қызығына белшеден басып, гу-гумен жүріп жатты.
Бірде Таубай ұлы Арманға:
– Шырағым, қашанғы осылай жұмыссыз жүресің. Біз өлген соң қаңғырып далада қаласың ғой. Бір лайықты қызмет тауып орналассаңшы. Сосын келінді үйге ертіп әкел, – деп көріп еді, басы құтылмас дауға қалды.
Арман тағы да тойып келген.
– Апа, арақ әкел, – деді ол тілін тістеп тұрса да.
– Онсыз да атауыңды ішіп келіпсің ғой. Бар, жат, – деп Таубай ашу шақырған.
Бірақ, оны тыңдайтын Арман ба, құтыдан шыққан жындай долданып шыға келді. «Жалғызыңнан арақты да қызғанасың ба?» деп әуелі шешесіне тілі тиді. Соңында әкесіне тиісті. «Бұдан былай әрнені шатып жыныма тие берсеңдер, екеуіңді де өз қолыммен тұншықтырып өлтіремін», деді-ау дүмбілез.
Ертесіне отағасы төсегінен тың шешімге тоқталып тұрды.
– Әй, кемпір! Жинал, елге барамыз, – деді ол таңғы шай үстінде.
– Көтек! Қайдағы елді айтып отырсың?
– Әй, кәрі қақпас, немене, елді ұмытып алжиын дегенсің бе?
– Таубай-ау, өзің ғой, ел жайында айта бермеуші едің, ендігің не? Елге барғанда сені қай туысың құшақ жая қарсы алайын деп отыр еді?
– Сен бұлай менің намысыма тие берме. Елден кетсек те, естен кеткен жоқпыз. Шүкір, елде ағайын-туыс жетеді. Соларға барып сіңісеміз. Мына ұл жалғыздықтан жабырқап жұбайы мен ұлын өзі-ақ іздейді. Артынша отбасына тамақ керек болады. Сосын қара жұмыс болса да жегілмей көрсін. Ал, біз тұрғанда мұның масыл болғаны, болған.
– Шал, сен сол ауылыңа өзің кете бер. Мен мына жалғызды соқа басын сорайтып жұртқа тастап кетпеймін.
– Соңғы сөзің бе бұл?
– Мен осыған бекініп отырмын.
– Онда мен кеттім. Алда-жалда олай-бұлай бола кетсем, топырақ салуға келерсіңдер.
– Қайдағыны көкіме. Ағайындарыңа жексұрын болған күні-ақ қайтып келерсің.
– Келмеспін.
...Елге келіп, ағайын-туыстың сыйын көріп болған соң, иесі қалаға көшіп кеткен үйлердің біріне кіріп алған. Ағайынның бірі төсек, бірі төсеніш әкеліп, кәдімгідей үй болып-ақ қалған. Бүйтіп қартайғанда қадірі қашады деп кім ойлапты? Елге ертерек келмеген екен, қартты бір жағынан қуаңшылық, екінші жағынан қымбатшылық, үшінші жағынан сиырдың кепкен терісіндей сығып таршылық есеңгіретіп тастады. Қалада қалған қатын мен ұлдың жағдайы қай күйде? Түтін түтеткен үйіне тартып-ақ кеткісі келеді, бірақ намыс деген кісен аяғын алға бастырмайды-ақ. Кемпірінің күңкілі де бауыр жаздырмай кібіртіктете береді. Қала жақтан хабар жоқ.
Оның есіне Мұқағали Мақатаевтың «Ұлыма» деген өлеңі түсті.
Өмірімде бір иілген емеспін,
Менмендігі менен өткен жоқ ешкім.
Боламын деп «жалын жүрек, от кеуде»,
Бола алмай, қуыс кеуде боп өстім.
Енді, міне, ұлым маған қарайды,
Өткір көзін өңменіме қадайды.
Көп қателік жіберіппін амал не?
Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!
Иә, өмірде өз қателігін мойындай білу де үлкен ерлік!
Таубай бүгін ерте тұрып, мал өргізіп шыққан туыстарымен бірге ауыл шетіндегі жотаға қарай келеді. Айнала түрленіп кеткен. Сан түрлі гүлдердің иісінен басы айналғандай көбелектер қалбаң қағады. Тұнып тұрған шөптің қайсысына бас қоярын білмегендей жылқылар осқырынады. Ырғын тоқшылық жануарларды да шалқақтатып жібергендей. Жан қиналмай тапқан есепсіз байлық адам түгілі малды да масайратып жібергендей.
Шалдың шәркес сезімі іштей арбасып, көңілі алғаржақ тартып келеді. Ол айналасындағы сұлулықты сезінуден ада. Екі көзі бұлдырап сағымдана түссе де қия жолдан құлдилай түскен шаңды жолға талмай қарайды. Кімді, нені күтетіні өзіне ғана аян.
Кенет ол шөп арасында ыршып жүрген шырылдауық шегірткені көзі шалып қалды. Гөлайттап жүріп жазды алған шырылдауық шегірткенің қысты күні көрері күңгірт. Осыны ойлап келе жатқанда алдынан әлдеқандай құс ұясы кездесе кетті. Ұяда бес-алты жұмыртқа бар екен. Бір жұмыртқа ұядан тыс жарылып жатыр. «Тауық бір жұмыртқасын әдейі шірітеді» деуші еді, мына сырттағысын беймәлім құс бекерге тастамаған болар?» деген бір ой санасында жүгіріп өтті.
– Шіріген жұмыртқа!
Осы сөз аузынан қалай шығып кеткенін Таубайдың өзі де сезбей, сасқалақтап қалды.
Соңынан ауылдың қарасирақ екі-үш баласы жүгіріп келеді екен.
– Ата, ата! Әжем үйге келіп, шай ішсін деп шақырып жатыр.
Келінде кеткен құлдыраңдаған немере есіне түсіп, Таубай тізерлеп отыра кетті...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.