Қоғам • 04 Қыркүйек, 2022

Алкогольдің зардабы ауыр

616 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Ауылда кім арақ, сыра сатады ей? Қарызға бере ме екен?». Түнгі қызыққа құмартқан жасөспірімдердің әңгімесі шамамен осылай басталады. Сатушының тілегені де сол. Қарызға берсе де, ішімдіктің бағасын қымбаттатып, көлеңкелі бизнес арқылы көсегесін көгертіп отыр. Бұл былықты тұрғындардың жария еткісі жоқ. Қысылғанда баратын жері...

Алкогольдің зардабы ауыр

Түнгі сауданың әлегі

Иә, үлкені бар, кішісі бар «түнгі дүкеннің» тұрақты клиенттеріне айнал­ған. Аяқ астынан қонақ келе қалса, «пенсиядан бере қоямын» деп жеңгелер зыр жүгіріп жүргені. Жасөспірімдер де «үй іші біліп қоймасын» деп ұнатқанын алады. Салықтан жалтарған сатушылар әу баста құр ішімдік сатумен айналысса, қазір өнім түрлерін көбейткен. Тіпті бензин сататындар да бар. Қосымша табыс қалтаны тессін бе? Африкадан банан әкеліп сатасың ба, өзің біл. Бастысы тәртіпке бағынып, заң жүзінде жұмыс істеу қажет.

Биыл мамыр айында Павлодар ­облысына қарасты Ертіс ауданының 7 тұр­ғыны минералды тыңайтқыштың құ­тысына құйылған ішімдіктен ұрт­тап, жан тапсырған болатын. Мұны айтып отырғанымыз, салық төлеу былай тұрсын, көлеңкелі бизнеспен айналысып жүргендердің санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауы екіталай. Ресми тіркелген сатушылардың өзі ішімдікті белгіленбеген уақытта сатуға құмар. Бұл ретте, тәртіп сақшылары ар­найы рейдтер ұйымдастырып, заң бұзушылықтардың алдын алуда.

Мәселен, Павлодар облысының полиция қызметкерлері жыл басынан бері қоғамдық орындарда ішімдік ішкені және мас күйде болғаны үшін 6 973 фактіні анықтады. Сонымен қатар 118 иесі алкоголь өнімдерін белгіленбеген уақытта сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Түнгі рейд барысында Павлодар ауданының полицейлері ауылдардың бірінде алкогольге қарсы заңнаманы бұзу фактісін анықтады. Дүкеннің 39 жастағы сатушысы 29 жастағы ауыл тұрғыны­на көлемі 0,5 литр болатын бір бөтелке арақ сатқан. Осылайша, Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабының 3-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықты жасады. Сауда орнының иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қысқасы, шағын ғана «чекушка» үшін де айыппұл арқалайтыныңызды ұмытпаңыз.

Алкоголь өнімінің көлеңкелі айна­лымы мемлекетке зиян келтіріп қана қой­май, халықтың денсаулығына елеу­лі зиян келтіретінін атап өту қа­жет. Жуыр­да Алматы қаласында Ресей Фе­де­рациясынан жалпы көлемі 13 484,5 литр алкоголь өнімдерінің (сыра) заң­сыз әкелуі және сақталуы анық­талды. Қазақстан Республикасының қол­даныс­тағы заңнамасына сәйкес алкоголь өні­мі­нің пластикалық ыдыстардағы және рұқ­сат құжаттарынсыз айналымы­на ты­йым салынады. Бұдан бөлек, тексерілген объектіде контрафактілік алкоголь өні­мін өндіру бойынша жасырын цех, атап айт­қанда алкоголь өнімін виски, бурбон және т.б. түрінде дайындау үшін пай­да­­ла­нылатын айшықты аппарат және құ­ра­мында спирт бар сұйықтықтар анықталды.

Акциздік салықтың ақыры

Елімізде әрбір үшінші шөлмек арақ контрафактілік жолмен өндіріледі екен. Мұны алкоголь өнімдерін өндіруші­лер қауымдастығының мамандары растап отыр. Олар елде заңсыз дайындалатын өнімдердің азаймай тұрғанын айтады. Салдарынан ішімдіктен көз жұм­ғандардың саны да көп.

Қазақстанда пандемия кезінде алкоголь өнімдерін тұтыну біршама азай­ған. Індет басталған алғашқы екі айда ішімдікті сату көлемі 25-30 па­йыз­ға төмендепті. Дей тұрғанмен елде кон­трафактілік өнімдер азаймай тұр. Астыртын цехтарда жасалатын арзан, сапасыз арақты ішіп, уланған деректер күрт өсіпті. Көлеңкелі саудадағы арақтың көлемі 2 есеге артқан. Мұны сала мамандары акциздік салықтың ұлғаюымен байланыстырады.

«Қазақстанда көлеңкедегі арақтың көлемі жылдан-жылға көбейіп келе жа­тыр. 2010-2012 жылға қарағанда көлең­кедегі арақтың көлемі 2 есе көбейіп кет­ті. Негізгі себеп – жоғары көлемді ак­циз­дік салықтың өсуі. Соған байланыс­ты бағасы да жоғарылап, халық оны ең­бек­ақысына адал өндірілген арақты алу­ға шамасы жетпей, көлеңкедегі арзан арақ­ты сатып алуға сұраныс көбей­ді», деді Қазақстанның алкоголь және те­мекі өнімдерінің адал өндірушілері, им­порт­таушылары мен сатушылары қауым­дастығының президенті Әміржан Қалиев.

Отандық дәрігерлер пластик ыдысқа құйылған арақты тұтынудың денсаулыққа аса қауіпті екенін айтады. Оның қандай сумен жасалғанын, ол таза су ма, таза емес пе, қандай спирттен жасалғаны белгісіз. Кезінде Қытайдан келген метил спиртінен адамдар уланып, көзі көрмей қалған кездер болған. Ол техникалық спирт пе, оны анықтау өте қиын. Қазіргі таңда қолдан жасалған арақты адамдар алып ішеді деген бір ойға да келмейді екен. Өйткені дүкендерде алкоголь өнім­дерінің бәрі жеткілікті.

«Қазақстанда арақ-шарапты плас­тикалық құтыларға құюға рұқсат жоқ. Себебі арақ құйылған пластикалық бө­телке арақтың құрамындағы спирт пен пластик реакцияға түскенде адам ден­саулығына қауіпті улы заттар бөле­ді. Оның үстіне егер пластикалық бөтел­кедегі арақ күннің көзінде, ыстық жерде тұрып қалса, оның әсері 10-20 есе күшейеді», деді Әміржан Қалиев.

Ұрпағымыз уланбасын десек...

Қазақстанда ішімдікке салын­ған­дардың саны жүз мыңнан асады. Әйелдер мен ерлер үшін ішімдікке салынудың ең көп кездесетін жасы 30-44 боп есептеледі. Ішімдіктің зияны жайлы бәрі біледі. Бірақ...

Британдық психиатр және фармаколог Дэвид Наттың зерттеуіне көз жүгіртер болсақ, алкоголь адам денсаулығына ең қауіп төндірер зиянды нәрсенің бірі. Яғни оның героин, кокаин, LSD және тағы басқалармен салыстырғанда да қаупі жоғары.

Алкоголизммен күрес жөнінде Америка институтының статистикасында адам­дардың 87 пайызы он сегіз ­жастан бастап барлық өмірінде ішімдікті пайдаланса, 71 пайызы өмірінің соңғы жылдары шарапқа ауыз салған. Ал 56%-ы дүние саларының соңғы айларында ащы сусынға әуестенген. Алкогольдің зияны кейбір есірткілерден де жоғары. Оған бірден бір себеп – ішімдіктің кез келген адамға қолжетімді болуы.

Нарколог Бақытжан Әшірбеков алкоголизмнен арылудың жолдарын былай көрсетеді: «Алкоголь пайдалану эмоционалды босаңсудың, еркінсудің алғышарты іспетті. Жалпы алғанда, ол жайлы, ыңғайлы сезімдерге бөлейді. Оны жиі пайдалану адамның санасында жайлы жағдай мен ішімдікті пайдалану арасында байланыс орнатып тастайды. Келе-келе адам босаңсуды, жан рахатын алкогольден алуға көшеді, үйренеді. Тек ащы сусын оның жанын жайландырушы құралға айналып шыға келеді. Одан кейінгі нәрселер алкоголь сияқты көңілінен шықпай жатады. Ішпейтін достары қызықсыз бола бас­тайды. Шаттану, қуану, көңіл көтерудің барлығы шараптың айналасына үйіріледі. Адам тек шарап арқылы әлгі жақсы сезімдерді бастан өткеремін деп ойлайтыны рас. Ішпеген күндер оның жанын жабырқатып, зеріктірмек. Алдымен, «керемет» көңіл күйге жеткізуші алкоголь тек демалыс күндері пайдаланылса, біртіндеп апта ортасына қарай көше бас­тайды. Адамның сенбі-жексенбіні күтуге шыдамы жетпейді. Сол себепті алкоголизмнен құтқаратын ең дұрыс профилактика – өзінің жаны қалайтын хоб­бимен шұғылдану. Егер сізде ішімдікке деген әуестік артып бара жатса, жүрегіңізге жақын қызықты іспен шұғылданыңыз. Ол мүмкін музыка, түрлі аспаптар, сурет салу, басқа да түрлі өнер түрлері».

Сатушыларға арақтың пайдасы бар шығар. Бірақ қоғамға зияны көп. Ауыр қылмыстардың барлығы дерлік ішім­діктің әсерімен жасалатыны белгілі. Бір қуантарлығы, қазір жастардың көбі арақтан аулақ жүреді. Десе де сыра ішіп, сырын айтады. Айналып келгенде, бәрі – бір ішімдік. Ұрпағымыз уланбасын!