Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2022

Мұнайлы өңірдің мүмкіндігі мол

2860 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр өткен жұмада Атырау облысын кешенді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев, Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсенбаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев баяндама жасады.

Мұнайлы өңірдің мүмкіндігі мол

Көкжидеден су құбыры тартылса...

– Атырау облысында экономиканың барлық саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Биылғы жеті айда өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері өскені байқалып отыр. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2%-ға, ал құрылыс саласы 15%-ға өсті. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 29 ауылдық елді мекенде 41 жоба іске асырылып жатыр. Инженерлік инфрақұрылым мен күре жолдарды жаңғыртуға қатысты бұл жобалардың жалпы сомасы 11 млрд теңгеден асады. Облыс әкімдігі өңірдің дамуы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге бөлінген қаражатты тиімді әрі уақтылы игеруі қажет, – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы азық-түлік тап­шылығы мен оның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңызына тоқталды. Бұл бағытта әкімдік сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасын» белсенді түрде қолдануы тиіс. Ал өзге өңірлерден ерте пісетін көкөністерді жеткізу үшін тікелей шарттар жасасуы қажет. Облыс әкімдігінің тағы бір басты міндеті – өңірлік экономиканы әрта­рап­тандыру. Мәселен, 2024 жылға дейін 406 млрд теңгенің 260 жаңа инвестициялық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазір тағы да 2,7 трлн теңгенің 114 жоба әзірленіп жатыр.

– Бұл жобаларды іске асыру нәти­жесінде қосымша жұмыс орындары құры­лады. Барлық жоспарланған жобаны уақтылы іске қосып, жаңа жобаларды сапалы пысықтау қажет, – деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов кеңес қорытын­дысы­мен облыс әкімдігіне бірқатар тапсыр­ма жүктеді. Оның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарын Көкжи­де жерасты тұщы су қорынан сумен жаб­дық­тау жобасын іске асыруға техни­калық құжаттама дайындау бар. Көкжиде Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 300 шақырымдай қашықта, бірақ Ақтөбе облысының аумағында орна­ласқан. Бұл 1983 жылы мұнай-газ өнер­кәсібінің кәсіпорындарын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау мақсатында барланған болатын. Қазір су көзінің шығыс бөлігін Ақтөбе облысының мұнай-газ кәсіпорындары шаруашылық мақсатта пайдаланып отыр. Одан тәулігіне 750 мың текше метр су шығаруға болады.

Су шаруашылығы саласын жетік білетін мамандардың айтуынша, Көкжиде жерасты қорындағы су өте тұщы. Мұнда минерализация дециметріне 0,1-0,3 грамнан аспайды. Демек, мұндағы судың сапасы «Ауыз су» стандартына сәйкес келеді. Бұдан 40 жылдай бұрын Көкжидеден су құбырын Атырау облысының елді мекендері мен мұнай кәсіпшілігіне жеткізу мәселесі қозғалған. Бұл мәселе 5-6 жыл бұрын тағы да қозғалып еді. Алайда әлі күнге шешімін таппай келеді.

Үкімет басшысы жүктеген тап­сыр­маның қатарында Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріздік желілерді реконструкциялау жобасын түзету, Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы автожолын реконструкциялауды жеделтету бар. Сондай-ақ Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін қарау, облыстық перинаталдық орталыққа күрделі жөндеу жүргізу, «Теңізшевройл» компаниясының өндірістік нысандарынан босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру тапсырылды.

Қазір өңірде жалпы білім беретін 200 мектеп бар. Білім ұяларында 142 843 оқушы дәріс алады. Оның ішінде 15 834 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны былтырғыдан 600 оқушыға көп. Олардың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Оқушыларға 12 424 мұғалім дәріс береді. Өткен жылы мектептерге жұмыс істеуге жаңадан 600 педагог келген. Ал биыл 1 мыңға жуық педагог жұмысқа қабылданып отыр.

Атырау қаласындағы 11 мектепте сабақ үш ауысымда өткізіледі. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, шаһар тұр­ғындарының арасында демогра­фиялық өсім байқалып отыр. Екіншіден, бұған көші-қон қозғалысы әсер етеді. Үшіншіден, орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдер жетіспейді. Өңірде төрт мектеп апаттық жағдайда тұрғанына қара­мастан, білім беруді жалғастырады. Мұн­дай білім ордасының біреуі Атырау қала­сында орналасқан. Бұл мектептің жаңа ғимаратын салу үшін тендер өткі­зі­ліп, келісімшартқа қол қою жүріп жатыр. Ал ауылдардағы осындай үш мек­теп үшін жаңа ғимараттың құрылысы бас­тал­ған.

Мұнайлы өңірде 2021-2025 жылдар ара­лығында жаңадан 48 мектептің ғимара­тын салу жоспарға енгізіліп отыр. Қазір 10 мектептің құрылысы және 1 мек­тептің жанынан жапсарлас ғимарат құ­рылысы жүріп жатыр. Ал биыл 6 мек­тептің құрылысын жүргізуге респуб­ликалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген. Жаңа нысанның бесеуі Атырау қала­сында, біреуі Индер ауданында салынады. Өзге мектептер үшін жер телімін бөлу мәселесі нақтыланып жатыр. Бұл мек­теп­тер пайдалануға берілген кезде қосымша 20 мыңға жуық оқушы мектепке қабылданып, 2 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қарашүңгілден басталған «қара алтынның» қайнары

Атырау экономикасы туралы айтқанда, алдымен мұнай мен газ өнеркәсібі ойға оралады. Өйткені бұл сала дәл осы өңір ғана емес, ел экономикасының драйверіне айналып отыр. Оның үстіне қазақ жеріндегі «қара алтынның» алғашқы тамшысы 123 жыл бұрын осы өңірдегі Қарашүңгіл аталатын жерден алынған.

Дерекке жүгініп айтар болсақ, 1899 жылы Жылыой ауданының аумағында Қарашүңгілдегі №7 ұңғыдан 42 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы атқылаған. Мұнайшылар үшін өте тайыз саналатын тереңдіктен тәулігіне 22-25 тонна құрайтын «қара алтын» алынған. Осы жерден торсыққа құйылып, түйеге артылған 100 тонна мұнай Каспий теңізінің жағалауында күтіп тұрған тасымалдаушы кемеге жөнелтілген.

Ә.Смайыловтың айтуынша, қазақ мұ­­найының бастауында тұрған Қара­шүңгіл жерінен табылған «қара алтын» еліміздің брендіне айналды. Қазақ­станның шежірелі тарихына 1899 жыл Жылыой ауданында мұнай көзі табылған жыл ретінде енді. Ал 1922 жылы трест ретінде құрылып, кейін отандық мұнай-газ өнеркәсібінің алыбына айналған «Ембімұнайгаз» – бағытын нақты айқындаған, қадамын нық басқан қуатты кәсіпорын.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығына, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды өркендетуде атал­ған салаға, отандық мұнайшылардың еңбегі зор екеніне ерекше көңіл аударып келеді. Соның ішінде ембілік геолог­тар еліміздің батыс аймағындағы ірі мұ­най кеніштерін ашуға зор еңбек сіңірді. Мұ­най­шылардың ерен еңбегінің нәтижесінде мұнай-газ саласы ел экономикасын дамы­тудың локомотивіне айналды, – деді Ә.Смайылов.

Бір ғасырлық тарихы бар «Ембі­мұнайгаз» АҚ-да даңқты мұнайшылар әулеті еңбек етіп, мыңдаған ұлттық кадр дайындалды. Қазір бұл кәсіпорын геоло­гиялық барлауды, мұнай-газ кен орындарын игеруді, мұнай мен газды өндіруді және дайындауды жүзеге асырып отыр. Кен орындарынан өндірілген мұнайды экспортқа және ішкі нарыққа жөнелтеді. Кәсіпорынның орташа жылдық мұнай өндіру көлемі 2,6 млн тоннадан асады.

Отандық кәсіпорын тек мұнай-газ өн­дірумен шектелмейді. Өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, өндіріске жаңа технологияларды енгізіп отыр. Соңғы 10 жылда Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға шамамен 6 млрд, демеушілік пен қайырымдылық шараларына шамамен 4 млрд теңге аударды. Осы кезеңде салыққа 1 трлн 113 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

– Жер қойнауындағы қазба байлықты іздеуден бастап, оны игеру мен дамыту мол қажыр-қайратты, терең білім мен табандылықты талап етеді. Осындай қиындыққа төтеп беріп, мұнай өндіріп, ел игілігіне үлес қосқан мұнайшылар еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Президент Қа­зақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілу керектігін атап өтті, – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы құрылғанына бір ғасыр болған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 25 ардагері мен мұнайшысына мемлекеттік наградалар тапсырды. Мәселен, еңбек жолын осы кәсіпорында бастап, кейін Атырау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Есен Тасқынбаев пен ардагер Табын Оржанов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, сала ардагерлері Мәнсия Бабашева «Парасат» орденімен, Меңдеш Салихов, Қазира Сүйінғариева, Жұмабек Жамауов, «Қайнармұнайгаз» басқармасының бас технологы Дәрмен Төреғалиев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ал ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ор­деніне ие болғандар қатарында «Дос­сор­мұнайгаз» басқармасының операторлары Ерболат Ахметов пен Нұрлан Оразов, «Жа­йықмұнайгаз» басқармасының цех басшысы Қуанғали Әбежан мен мұ­най-газ саласының ардагері Жұмажан Нұр­жанов бар. Бір топ ардагер мен мұнай­шы «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

 

Атырау облысы