Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2022

Шаруашылық сұлуы – Вероника

1182 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Верониканың әу бастағы таңдап алған кәсібі сұлулық модельері болатын. Оған жұқалтаң келген дене бітіміне, әдемі түріне қарап үш қожалықты қалай басқарып жүрсің деп таңданыс білдіретіндер жоқ емес. Жанашыр тілектерге, қамқор көңілдерге алғысы шексіз. Облыстан, ауданнан өте алыс, түкпірде орналасқан ауылда фермерлікті меңгерудің өте қиын екені, жүйкеге салмақ, ауыртпалық түсіретінін ол жақсы түсінеді. Бірақ былайғы өмірін мал шаруашылығынсыз елестете алмайтын сияқты. Тәрбие арқылы қанына сіңген әдетке балайды.

Шаруашылық сұлуы – Вероника

Тұлымшағы желбіреген кезінен бас­тап аталары мен әжелерінің бауырында өсті. Олардың аялы алақанының ыстық табын әлі күнге дейін сағынады, аңсайды. Үлкендердің үй жануарларына деген сүйіспеншілігі керемет болатын, малсақ қасиеттер солардан жұққан. Нағашы атасы Анатолий Голунецті ерекше мақтан етеді, тебірене еске алады. Нағашы әжесі екеуі жолдамамен Украинадан Қазақстанға тың игеруге келіп, Казанка елді мекенінде біржола тұрақтап  қалған.  Атасы егіс бригадирі қызметін қалтқысыз атқарды. Жұмыс десе, жанын салатын, тыным таппайтын. Жайдары мінезімен, жарасымды әзіл-қалжыңымен айналасын нұрландырып тұратын. Адамдарға көмек қолын созудан еш бас тартқан емес. 2006 жылы бидай өсірумен шұғылданатын «Зерно» және «Арман» атты шаруа қожалықтарын құрып, қасына ұлы Николайды қосып алды. Әжесі Валентина фермада сауыншы, мал дәрігері бола жүріп, қожалықтың аяғынан тік тұрып кетуіне көмегін аяған жоқ. Анасы да қолғабыс етті. Сөйтіп, отбасылық бизнестің ойдағыдай дамуына бәрі бір кісідей жұмыла еңбек етті. Әкесінің ата-анасы – Виктор және Тамара Саловтар Ресейге көшерде ауыл­дастарымен қимай қоштасып, ағыл-тегіл жылағандары көз алдында. Олар да саналы ғұмырының көп бөлігін туған жердің өркендеуіне арнады. Татар дәмі таусылып, жалған дүниеден өткен аталарының қиындықты шыдамдылықпен, төзім­ділікпен жеңіп, тығырықтан шыға білетін, өз күшіне ғана сенетін адал ең­бекке баулыған құрыштан құйылғандай сом тұлғаларын, жарқын бейнелерін ешқашан ұмытпайды, әрқайсысы жайлы әңгімелеуден жалықпайды.

Аталары кейін екі шаруашылыққа жетекшілік ету құқығын тал шыбықтай бұралып өскен немересіне тапсырып, аманаттап кеткен соң маңдай тердің шүмектеп аққан кермек дәмін шын сезінді. Әкесі егіншілік саласын өз міндетіне алды. Оның егіс танаптарын аралаудан, жыл бойы үзіліссіз жалғасатын науқандық шаралардан мойын бұруға мұршасы болмайтын. Іс қағаздары мен қажетті құжаттарды рәсімдеуді, тап-тұйнақтай етіп реттеуді қызына тапсырды. Бұдан бөлек, мал шарушылығына да тікелей жауапты болды. Тәжірибесі әбден толысып, алға қойған мақсатқа жетпей қоймайтын табандылығын аңғарды білем, бірде әкесі мал шаруашылығымен түбегейлі айналысуға кеңес берді. Сол-ақ екен, бойына буырқанған күш бітіп, 2018 жылы «Ника» деп аталатын жеке кәсіпкерлік құруға бел байлады. Бір жағынан білімін жетілдіріп, экономикалық мамандық  алып шықты. Қазір бағымында абер­ди­н-ан­­гус, қазақтың ақбас сиыры, герефорд тұқымдас жүзге жуық ірі қара малы мен 30 жылқы бар. 2 100 гектар алқапқа  бидай, арпа, зығыр егіледі. Былтыр өндіріс орындарын кеңейтіп, шағын ферма іске қосылды. Жарықтандырылып, су құбыры тартылды.

Оның тәжірибеден түйгені, ниет еткен, көңіл қалаған жұмысты жақсы көру жеткіліксіз екенін, жан-дүниемен беріле атқару қажеттігін анық ұғынды. Глаша, Тишка, Император, Граф, Цезарь деп шақырғанда жас төлдер анасына еркелегендей жан-жақтан шапқылай жеткен сәтте шаршағаны лезде ұмытылып сала береді. Еңбектің шынайы рахатын сезіну осы болар. Қауырт қарбаласқа толы мал төлдеу науқаны жаңа жабдықтар сатып алу, қоймалар, ангарлар салу, жұмысшы-қызметкерлерге әлеуметтік жағдай жасау, жерді арамшөптерге қарсы өңдеу, тыңайтқыш сіңіру жұ­мыстарына жалғасады. Ауыл кәсіп­кер әйелдерінің бірінші форумына қа­тысты. «Бастау» бизнестің жол картасы, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік университеті мен Duke университетінің (Англия) онлайн-бағдарламалары шең­берінде білімін жетілдірді. Көкшетау қаласында «Герефорд» және «Ангус» республикалық палаталары өткізген «Етті мал шаруашылығындағы генетикалық прогрестің заманауи құралдары» деген тақырыпта селекция және генетика курс­тарын тәмамдады. Қазір қазан айында Мәскеуде өтетін мал шаруашылығы көрмесіне дайындалуда. Бизнес-тур бойын­ша келіссөз тиімді шешілсе, Түр­кияға аттанады. Өкінішке қарай, шаруашылықта мал дәрігері жоқ, бұл міндетті анасы екеуі бірлесіп атқарады. Оған білімдері де, біліктіліктері де жетеді. Ауылдықтар үшін мал маманы өте ділгір мәселелердің бірі. Емдеу құралдары мен дәрі-дәрмектер де тапшы. Жас кадр­лар келіп, орнығып жатса, етті және сүтті бағыттағы ірі қара малын өсірумен айналыспақ. Аудан бойынша бекітілгені – бір  ғана мал дәрігері. Оның 10-15 ауылды жүйелі түрде қамтуы қиын. Жан-жақтан қысқан қымбатшылық кәсіпкерлердің еңсесін түсіріп, адымын аштырмай, қолын қысқартып қойған жайы бар. Жеңілдікті несие рәсімдегеннен не пайда, теңге тез арада құнсызданып шыға келеді. Әсіресе ісін жаңадан бастаған  шағын бизнес өкілдері қарызданып-қауғаланып жүр. Техника сатып алу, жемазық әзірлеу олар үшін өте қымбат. Сондықтан осы жайттарға Үкімет, жергілікті билік орындары назар аударып, бақылауға алса, дейді фермер қыз.

Арманы сұлулық модельері болу еді. Бірақ өз қалауымен басқа кәсіпті таңдағандықтан, оған еш өкінбейді. Сонда да бала кезден аңсаған асыл мұраты өзіне тартпай тұрмайды екен. Биыл жаз айында «Қазақстанның бизнес-ледиі» сұлулық конкурсына қатысып, «Леди Бренд» аталымы бойынша Гран-приді жеңіп алды. Қазылар алқасы да, көрермендер де үш шаруа қожалығына жетекшілік ететініне сенер-сенбесін білмей әрі-сәрі күй кешкендей болды. Спортпен, оның ішінде баскетбол, футбол ойнайтынын, шаңғы тебетінін білгеннен кейін күдіктері басылды. Әкесі мен анасы да спортпен шұғылданады. Өзі болса «ОК Моделс» модельдік мектебінде оқып, «Андрес» агенттігімен  тығыз  байланыста. Парижге барып, әлемдегі ең көне кітапты көру арманы.

Өмірдегі басты ұстанымы – адал болу, шынайы еңбек ету, сүйікті ісімен айналысу. Қалаға көшу немесе қызмет түрін өзгерту ойына кіріп те шыққан емес. Тағдырын ауылмен байланыстыру фермер қыз Вероника Салова үшін ең үлкен бақыт.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист    

 

Солтүстік Қазақстан облысы,                                                                                                       

Ақжар ауданы