Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2022

Қытымыр қыстың сынынан сүрінбеу үшін...

299 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірде қысқа дайындық жұ­мыс­тары алдын ала жос­пар­ланған кесте бойынша жүр­гі­зілуде. Қазіргі күні жалпы ны­сан­дардың дайындығы өрмек жүзі­нен ауған. Қарастырылған қаржы көлемі толық игерілуде.

Қытымыр қыстың сынынан сүрінбеу үшін...

Аязы қатты, боран-шашыны жиі өңірде қысқа дайындық мәселесі өте өзекті. Өткен көктемде облыс орта­лы­ғы мен Степногор қаласының тұр­ғындары біршама абыржулы күйде болды. Көпқабатты пәтерлерде тұ­ра­тын тұрғындар жылудың азай­ған­ды­ғын сезінді. Себеп, жылу беретін қазандықтардың әбден ескіріп, тозығы жетуінде болып отыр. Биыл жылу көздері мен желілерін жөндеуге және жаңғыртуға, сондай-ақ энергия ресурстарын сатып алуға 8,8 млрд тең­ге қаражат бөлінді. Оның 8,1 млрд тең­ге­сі облыстық бюджеттен, 0,7 млрд тең­гесі республикалық бюджеттен қа­рас­тырылып отыр. Құрылыс және жаң­ғырту бағытында 8 инвестициялық жобаны іске асыруға 7,4 млрд теңге бағытталды.

Күні бұрын барлық мәселе електен өткізіліп, таразы басына тартыл­ға­ны­мен, Аршалы, Атбасар, Астрахан, Бурабай тәрізді бірқатар аудандағы қысқа дайындық жұмыстарын тия­нақ­тау үшін қосымша қаражат қажет болады. Дайындық жұмыстарын сәл таратып айтсақ, облыс бойынша барлық қазандықдың жылу беру маусымына әзірлігі 76 пайыз төңірегінде. Оның ішінде білім беру нысандарының 82, денсаулық сақтау нысандарының 85, әлеуметтік маңыздағы нысандардың 79, көпқабатты тұрғын үйлердің 67 пайызы жылу қабылдауға әзір. Жылу желілерінің 76 пайызы жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ сумен жабдықтау желі­лерінің 68 пайызы қытымыр қыс­тың қатал сынына тап-тұйнақтай да­йын.

Солтүстік өңір үшін соңғы жылдары уақтылы көмір жеткізудің өзі ай­тар­лықтай мәселеге айналып келе жатқан жайы бар. Қазір өңірге 58,1 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл – екі айлық қажеттіліктің 42 пайызы. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелеріне отын жеткізу үшін барлық жерде конкурс өткізілді. Қазір ішінара тасымалдануда. Өңір тұрғындары уақтылы көмір дайындап алу мәселесі де назарда. Егер барлық жылу беру маусымына 831 мың тонна көмір қажет болса, әзірге 140 мың тонна көмір жеткізілді. Алдағы уақытта бел­гіленген кесте бойынша бұл жұмыс тұрақты жүргізіледі. Облыстың ком­му­налдық кәсіпорындарына 36 мың тонна мазут қажет. Биыл бұл мөлшер 53 мың тоннаға дейін көбейтілмек. Бүгінгі таңда өңірдің коммуналдық кәсіпорындары үшін көмір сатып алуға Үкімет резервінен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданды.

Қысқа дайындық кезінде қол­бай­лау болатын жайт, жылдар бойы қордаланып қалған дебиторлық берешек. Биыл тамыз айының 19-ына дейінгі жағдай бойынша қалыптасқан көрсеткішті қарайтын болсақ, деби­тор­лық берешек 1 млрд 487 млн тең­ге­ге жеткен. Оның ішінде жылумен жабдықтау үшін 328,5 млн теңге, сумен жабдықтау және кәріз үшін 278,3 млн теңге, электр қуатымен жабдықтау үшін 880,8 млн теңге берешек бар. Ең үлкен дебиторлық берешектің үлесі облыс орталығына тиесілі. Қарыз көлемі 495,7 млн теңгеге жетіп жығылады. Сондай-ақ Бурабай, Целиноград аудан­дары мен Степногор қаласында да берешектің осы түрі тым жоғары. Кредиторлық берешек те аз емес. Облыс бойынша 3,3 млн теңгені құ­райды. Бұл орайда берешектің көп мөлшері облыс орталығында жи­нақ­тал­ған. Мәселен, Көкшетау қаласы – 1,7 млрд теңге, Бурабай ауданы – 744 млн, Атбасар ауданы 309 млн теңге қа­рыз­ға батқан. Осы арада ірі борыш­кер­лердің де аты-жөнін ай­ғақ­тап айта кеткен жөн. «Көкшетау жылу» кәсіпорны – 1,4 млрд теңге, «Бурабай жылу» кәсіпорны 422 млн теңге берешек. Осы қатардан «Атбасар су», «Есіл горкомхаз», «Термотранзит» кәсіпорындарын атай кетуге болады.

Биыл облыс орталығы мен Степ­но­гор қаласының тұрғындары жылу беру маусымына алаңдап отырғанын жоғарыда айтып өттік. Енді жөндеу жұмыстарының қаншалықты деңгейде атқарылғанын сараптасақ, бүгінгі жағдай біршама дұрысталған тәрізді. Ең алдымен, жөндеу жұмыстарын жүр­гізуге «Көкшетау жылу» кәсіп­орны өткен жылу беру маусымы аяқ­та­лысымен кірісіп кетті. Жалпы, жос­пар­дың 90 пайызға орындалғанын айтар болсақ, алаңдаудың жөні жоқ тәрізді. Жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізуге аталған кәсіпорынға об­лыс­тық бюджеттен 2,5 млрд теңге қара­жат бөлінген болатын. Күні бұрын белгіленген жоспар бойынша 1,8 шақырым жылу желілерінің жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілді. Қа­зан­дықтардың негізгі және қосалқы жө­н­деу жұмыстары да дер кезінде қолға алынды. Сорғы стансаларының ғи­мараттар мен құрылыстардың, жылу камераларының және басқа да тех­но­логиялық, электрмен жабдықтау бағытындағы құрылғылардың 93 па­йы­зы жөндеуден өткізілді.

Степногор қаласында да жылу беру мекемесін жөндеу жұмысы кү­ні бұрын түзілген кестеге сәйкес жүр­гі­зілуде. Жылу электр орталығының барлық жөндеу жұмыстарының 72 пайызы атқарылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық энергетикалық жаб­дықты: 6 энергетикалық қазандық пен 5 турбогенераторды жөндеу жоспарлануда. Қазір №4 қа­зан­дық агрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес №6 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізіліп, №1 және №2 турбогенераторларға ағымдағы жөндеу жүргізілмек.

Күзгі және қысқы кезеңге жұмысқа әзірлік құжатын беру мемлекеттік қызмет стандарттарына сәйкес электронды үкімет порталы арқылы жүзе­ге асырылады. Электрмен жөндеу бағытында да оң сипаттың бар екенін айта кеткен ләзім. Күзгі, қысқы кезеңге мұқият дайындалуды мақсат тұтқан энергиямен жабдықтаушы ұйымдар 460 шақырымдық әуе желілерін жөндеп шықты. Бүгінде электр энергиясын жеткізушілерден сатып алатын электр энергиясының құны 26 пайызға дейін ұлғайып отыр. Сондай-ақ сатып алынатын судың, көмірдің, шикізат пен басқа материалдардың, өзге де қатысы бар ұйымдардың қызмет құны ұлғайды. Қазіргі күні тарифтерді өзгертуге 28 кәсіпорынның алтауы өтінім берген. Көкшетау, Степногор, Бурабай су арнасы мекемелері мен Шаңтөбе энергия кешендерінің тарифтік сметалары бекітілді. «Бурабай жылу» және «Макинск жылу» кәсіпорындарының өтінімдері қарастырылуда.

Жалпы, жағдайды таразы басына тартқан кезде алдағы жылу беру маусымына дайындық тәуір. Қаншалықты сапалы атқарылғанын қытымыр қыс­тың сынағы көрсетеді.

 

Ақмола облысы