14 Мамыр, 2014

«Үйге қайтамыз!»

442 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тәслимат апайдың жан сыры Біздің отбасылық досымыз, балқар жігіті Әзіреттің жүзінен иманы төгілген, өте мейірбан, ақылды анасы болды. Марқұм осыдан төрт жыл бұрын дүниеден өтті. Өзі әңгімешіл еді. Әңгімешіл дегенде, көрген-білгенін, оқығанын, ауылдың әңгімесін емес, өз басынан өткен тағдырын кейінгі ұрпақтың қайталамауын, өзінің қателігінен өзгелер сабақ алса деген ниетпен айтып отырушы еді. Сол кейуананың айтқандары еш жадымнан кеткен емес. Өйткені, елу бес жыл жесірліктің дәмін татып, елу бес жылдық жалғыздықтың ащы запыраны өзегін өртегені өміріндегі өзі кешпейтін қателігі деп санады... ТАСЛИМАТ АПАЙ   Қырқыншы жылдары сталин­дік солақай саясаттың құрбаны болған кавказдықтардың ішінде 16 жасар балқар қызы Тәслимат та Қазақстанға жер аударылып ке­леді. Ол жылдардағы қасірет та­бы жасы 80-нен асқан кейуананы әлі күнге әсерсіз қалдырмайды. Жер­гілікті халықтан сондағы көр­ген жақсылығын Тәслимат әжей: «Қазақтардан айналайын, басы­мызға пана, жанымызға демеу болған», – деп айтып отыратын. Тағдырдың жазуы дейміз бе, оң жақта бойжетіп отырған Тәс­лимат Шамалғандағы Талан де­ген балқар жігітімен көңіл қоса­ды. Жансурат, Зулихат деген қыздары, одан кейін ұлы Әзі­реті дүниеге келіп, ол бір жасқа толғанда дәм-тұздары жараспай ажырасады. Ол жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған халықтар ақталып, «Ер туған жеріне...» деген, көш басталып кетеді. Әзірет 5 жасқа толғанда Тәслимат та балаларын қолтықтап Кавказға көшеді. Бірақ баласының қазақ топырағына ұя басқаны соншалық, барған соң: «Мынау ма Кавказың, үйге қайтамыз», – деп жылап, жерсінбей далаға қашып қоймаған соң, көп кідірмей Қазақстанға қайта қоныс аударады. Келгеннен кейін жесір әйелдің баласы дегізбейін деп, бар қиын­дыққа шыдап, балаларының көй­легін көк, тамағын тоқ етіп, жаны сол балаларының үстінде болады. Кішкене Әзіреті де ержетіп, жоғары оқу орнын бітіріп, қыз­мет істеп үлкен азамат болады. Ел қатарлы қыздарын ұзатып, ке­лін түсіріп, ернін жібітіп немере сүйеді. Өзінің бағына, ние­тіне шығар, келіні Людмила Хи­сай­қызын «қайын ененің топы­ра­ғынан» деген, иманды, адалынан береді. Әзіреттен Хасан, Мәдина, Әми­на атты үш алтын асықтай немере көреді. Үйде үлкен адам болған соң, алдымен амандасып сол кісінің жағдайын сұрайсың ғой. Кейде өз өміріне қатысты әңгіменің шетін шығарып қалғанда, ұзақ сөйлесіп, арасында қалжыңдасып қоямыз. Сондай бір әңгіме барысында:– «Апа, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген, жас кезіңізде, тіпті әдемі болған шығарсыз. Күйеуіңізбен неге ажырастыңыз? – дегенім бар. Сонда Тәслимат апай жүзін төмен салып, терең бір күрсініп алып, неше жылғы шерменде көңілінің шерін тарқатқан еді. – Жас кезімізде ақымақ болғанымыз сонша, қазір не үшін ажырасқанымызды білмеймін. Жай, майда-шүйде әңгіме болуы керек. Содан бір кеткен соң намысқа тырысып, кішірейе қоймадым. Жасырақ кезімде сөз салған азаматтар болды, бірақ жолатпадым. Сізге айтайын, үстіме еркек шыбын қонса қонған шығар, ерімнен ажырасқалы 55 жыл өтсе де бір ер-азамат білегімнен ұстаған емес. Балаларымның әкесіне деген тазалығыммен ана дүниеге аттанғалы отырмын. Сендер жассыңдар, күйеудің қадірін біле бермейсіңдер. Мен 55 жыл жесірліктің, жалғыздықтың не екенін көрдім. Қалай айтсаң да, еркексіз әйелдің күні қараң. Олардың сесінің өзі не тұрады. Күйеуің болмаса үйіңдегі отың да дұрыс жанбайды, шамың да жарық болмайды екен. Күйеуі жоқ әйелді баланың буы ғана көтереді. Әйел еркектің бас жарып, қол көтеріп жатпаса, анау-мынау еркелігін көтеріп, ақылға салып, бәріне шыдамдылық жасағаны абзал. Өйткені, еркек дегеніңіз ойнақшып тұрған диірменнің үстіңгі, ал әйел заты астыңғы, орнықты тасы ғой. Ол көнбіс, бәріне шыдайды. Былайша айтсам, еркек ұршықтың басы, ал бассыз ұршық айнала ма? Біздің халықта бір нақыл сөз бар. «Байын қинаған әйел ана дүниеге орақ секілді иіліп, қиналып барады», – деп әңгімесін бір қайырған апай, әрі қарай өмірден көріп, түй­ген­дерін айтып жалғастырған еді: – Еркекті өзі кетпесе, өзің қ­у­ма. Біздің балқарда «Еркек келсе – қонақ, кетсе – қазық» де­­ген мақал бар. Қазақ «Ат айна­лып қазығын табады» демей ме. Ой­нақ­тап-ойнақтап бәрібір қазы­ғы мықты болса, айналып келе­ді. Еркек – жалаң етіңе кірген дұш­пан, жақсы көрсе – ұстайды, жаман көрсе – шығарып жібереді. Түй­генім, ажырасқанмен мәселе ше­шіл­мейді екен. Балқарларда жесір әйелге жаны ашып садақа береді. Құдайға шүкір, бүгінде балам­ның арқасында не ішемін, не киемін демеймін. Ал бірақ мен жесір қатынмын. Жесірдің аты – жесір. Сондықтан, маған есігімнің алдына келіп біреу садақа берсе, арланбай, рахметімді айтып алуым керек. Ал әйел затын осыншама мүсәпір етіп, қорлағаннан артық дүниеде азап жоқ шығар. Еш оқу бітірмесе де өмір уни­верситетінен тәлім алған көкірегі ояу балқардың қарапайым әйе­лі­нің айтқан өмірлік тағылымы әлі жадымда. Нұрыңыз пейіште шал­қысын, Тәслимат апай! Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.