2 айда 91 тұрғын үй салынады
Мемлекет басшысы қабылдаған жедел шешімдердің нәтижесінде Әулиекөлдегі тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд теңге қаражат бөлініп, 9 мердігер компания өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға тұрғын үй салу жұмысын бастап кетті. Қазір құрылыс басында коммуникациялық инфрақұрылымды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысшылар бүгінге дейін отыз үйдің іргетасын құйып үлгерген. Облыстық құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Берік Таңжарықовтың айтуынша, құрылыс материалдарын сатып алу, жеткізу жұмыстары да жүріп жатыр. Жоспар бойынша барлық коммуникациялармен қамтылған, заманауи үйлер екі-екі жарым айдың ішінде салынып бітуге тиіс. Әулиекөлдің шығысындағы бос жерге тұрғын үй салу бас жоспар бойынша 2017 жылы бекіген.
Алайда өрт салдарынан баспанасыз қалған 15-20 шақты тұрғын шұғыл салынып жатқан бұл үйлерге көшкісі келмейтінін айтады. Олар жаңа баспананың бұған дейін өздері тұрып келген Аманқарағайдан тұрғызылғанын қалайды.
– Бұл жердің топырағы бау-бақша егуге жарамсыз. Сәл қазсаң астынан су шығып кетеді. Ертең ылғал тартып, үй ішін көк басуы мүмкін. Бұдан адам түрлі ауруға шалдығады. Қыста жолды қар басып қалады, қатынасқа да қиын. Мұның сыртында, біз бұл жерге көшіп келсек, бұрынғыдай мал ұстап, құс өсіре алмаймыз, – дейді өрттен зардап шеккен Аманқарағай ауылының тұрғыны Владимир Гейзер.
Бас жоспар бойынша барлық қажетті сараптамалардан өткен аумақтың тұрғын үй салуға жарамды екенін алға тартқан аудан әкімдігінің мамандары азаматтардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр. Ал жаңа аудандағы үйге қоныстанудан үзілді-кесілді бас тартқандарға өтемақы беріледі.
– Мұнда көшіп келуден бас тартқандардың үйін бағалайды. Сосын бағасына сәйкес өтемақы береді. Мысалы, үй 10 млн теңгеге бағаланса, өртенген үйдің иесінің сол ақшаны алып, өзі қалаған жерден баспана сатып алуына болады. Үйсіз қалған 91 отбасының 70 пайыздан астамы осында келіп, құрылыс барысын көріп кетті. Олардың көбі бұрын ескі үйлерде тұрған. Мәселен, бұрын 40-60 шаршы метрлік шағын үйлерде тұрып келген тұрғындар мұнда көшкен соң, дайын жиһазбен жабдықталған, газ бен суы өткізілген 100 шаршы метрден асатын кең үйге кіреді, – дейді Әулиекөл аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Нұрханов.
Қалай десек те баспанасыз қалғандардың дені жедел қолға алынып жатқан құрылыстың тезірек аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Мәселен, алапат өрт кезінде баспанасымен бірге бар жиған-тергенінен айырылған Аманқарағай тұрғыны Елена Кисленко қос ұлымен қоса, қайтыс болған туысының екі перзентін қанатының астына алып, асырап отырғанын айтады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткен жаңа баспаналарды салу жұмыстары әп-сәтте қолға алынады деп ойламаған едім. Қазір қауырт жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына қарап тұрып, көңіл тоғаяды. Қиын-қыстау сәтте қамқорлығын аямаған елге шексіз алғысымды білдіремін. Барлық жағынан көмектесіп жатыр. Оқитын екі балаға мектепке қажеттің бәрін алып берді. Сабақтарына барып жүр. Құрылыс уақытында аяқталып, өзіміздің баспанамыз болғанын асыға күтемін, – дейді тұрғын.
Жаңа ауданның аумағы – 12 гектар. Осы жерге әрқайсысының көлемі 100 шаршы метр болатын, төрт бөлмелі 91 үй салынады. Газ, жарық пен су тартылып, асфальт төселеді. Құрылысты қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Өрт кезінде жоғалған бір адам іздестірілуде
Облыстағы арнайы прокурорлар Әулиекөл ауданындағы өртке қатысты Қылмыстық кодекстің 341-ші – ормандарды жою немесе зиян келтіру бабы мен 202-ші – бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Мұның сыртында, салааралық жедел топ құрылыпты.
Полиция департаменті басшысының орынбасары Дүйсенбай Байбосыновтың айтуынша, қазір өрттің шығуына түрткі болуы мүмкін бірнеше себептер тексеріліп жатыр.
– Тергеу шаралары құпия түрде жүреді. Сондықтан қазірше, бұл жөнінде ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Аманқарағайдағы 87 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты қызметтік тексеріс басталды. Мұның нәтижесін кейінірек қосымша хабарлайтын боламыз, – деді полиция полковнигі.
Өрт кезінде 8 адам жоғалып кеткен. Бүгінге дейін соның жетеуі аман-есен табылып, қазір полиция із-түзсіз кеткен Аманқарағай ауылының 56 жастағы тұрғынын іздестіріп жатыр.
Мал шығыны мол
Облыстық ветеринария басқармасының қызметкерлері Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай, Озерное, Лесное елді мекендері мен Қарасу ауданына қарасты Люблинка ауылында болған өрттен өлген мал мен құстың есебін шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған екі ауданды қосқанда 23 техника және 37 ветеринар-маман тартылған.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ахат Шектібаевтың айтуынша, Әулиекөл ауданында өртенген аумақтан 30 бас ірі қара, 2 ұсақ мал, 105 шошқа, 100 тауық, 30 қаз табылған. Қарасу ауданындағы өрт салдарынан 8 бас ірі қара, 117 шошқа, 582 үй құсы өлген.
– Ветеринарлық стансалардың мамандары өрт кезінде өлген жануарлардың өлексесін түгелдей жинап, арнайы инсинераторлардың көмегімен жойды. Табиғи апат кезінде өртеніп кеткен ауыл шаруашылығы жануарларының шығыны жергілікті бюджеттің есебінен өтеледі. Өрттен зиян шеккен тұрғындар өздеріне келген шығынның өтемақысын алу үшін өлген малының есебін көрсетіп, оған жеке басын куәландыратын төлқұжатының көшірмесін қосып, өтініш жазып өткізуі керек. Мұндай өтініштерді жергілікті атқарушы органдар тіркеуге алып, сол күннен бастап шығынды бағалау жұмыстарына кірісетін болады. Өтемақы көлемі өрттен жапа шегуші жоғалтқан мүлік пен малдың жергілікті өңірдегі нарықтық бағасына сәйкес анықталады, – деді басқарма басшысы.
Қостанай облысы