Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі «Ұлттық қор – балаларға» жобасын Ұлттық қормен бірлесіп іске асыру тетіктерін пысықтап жатыр. Алдымен 18 жасқа дейінгі барлық балаларға дербес жинақтаушы шот ашылады. 2024 жылдан бастап жыл сайын қордың инвестициялық кірісінің жартысынан түскен қаражат әр баланың шотына аударылып отырады. Төлем механизмі бүгінде қосымша есептеліп жатқанын айтқан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қордың инвестициялық шешімі коммерциялық мақсаттылық, ұзақ мерзімді мүдделер және негізгі критерий тиімділік қағидаттарына негізделетінін алға тартты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, қордың инвестициялық жобалары мен активтерінің портфелін қайта қарау, оның ішінде оларға сыни бағалау жүргізу қажет. Басымдықтарды белгілеу және активтер мен жобалардың оңтайлы портфелін қалыптастыру, оның ішінде инвестицияларды жекешелендіру, ресурстарды босату және қайта бөлу тетігі арқылы қалыптастыру болжануда. Ел, өңір, сала үшін стратегиялық маңызы бар, оның ішінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа салалар мен жоғары технологиялық өндірістерді құруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беріледі», деді министр.
Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі салық саясатының негізгі тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Әлібек Қуантыров: «Президент қойған жаңа міндеттер бюджеттік жоспарлауды бюрократиядан арылтуға және бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге байланысты жұмыстың қисынды жалғасы болады. Сондықтан мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасының ережелерін және басқа да өзекті мәселелерді қамтитын жаңа Бюджет кодексін әзірлеу тиімді және үнемді бюджет саясатын қамтамасыз етуге жаңа серпін береді. Жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу, қоғаммен бірлесіп және сарапшылардың бизнес қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін болады», деді.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Өңірлердегі маңызды мәселелерді жедел шешу үшін өкілетті мекемелер кеңейтіледі», деп мәлімдеді министр. «Бұл шаралар мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделін құруға мүмкіндік береді. Президент Жолдауда әлеуметтік-экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты азаматтардың әл-ауқатын сапалы және инклюзивті арттыру екенін атап өтті. Жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, бәсекелестікті дамыту, ұлттық табысты әділ бөлу басымдықтар ретінде белгіленді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйелері арқылы азаматтарға инвестиция салатын және неғұрлым осал әлеуметтік топтарға қолдау көрсете отырып, барлығы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін экономикалық дамудың ашық және болжамды моделі құрылады», деді Ә.Қуантыров.
Ал сән-салтанат салығынан түсетін қаржы шамамен 8 млрд теңгені құрамақ. Бұл салық негізінен көліктің қымбат түріне салынады. Сондай-ақ яхта, шетелде вилласы, жеке ұшағы бар бай-манаптар да сәйкесінше жыл сайын салық төлеп, қазына қорын толықтырмақ.