Саясат • 13 Қыркүйек, 2022

Әлеуметтік оң өзгерістер қуантады

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел ішіндегі түйткілді мәселелерді қамтыды. Бүгінгі таңда қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген жандар Жолдауда айтылған маңызды тақырыптардың мәнін ашып, әрі қарайғы бағыт-бағдарын талқылауда. Тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер, басқосулар мен пікір алмасулар өтуде.

Әлеуметтік оң өзгерістер қуантады

Жолдаудағы өзекті мәселелерді елордалық студенттер де талқылады. Аталған іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, белсенді, продюсер Азат Әбікен, жастар ұйымдарының өкілдері мен елордалық ЖОО студенттері қатысты.

«Мемлекет басшысының биылғы Жол­дауын мұқият тыңдадым. Әдет­тегі­дей маңызды, өзекті сұрақтар қарас­тырылған. Оның ішінде Ұлттық қор инвестициялық табысының жартысы балаларға арналған. Ұстаздарға, жас мамандарға арналған жалақының өсуі – жас мамандарға мотивация. Үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Одан да бөлек, халықтың сұранысына байланысты сұрақтар мен мәселелер жарияланып, тапсырмалар берілді. Бұл Жаңа Қазақстанның тек сөзбен емес, жалпы іспен де іске асатынына дәлел деп ойлаймын. Биылғы Жолдауда айтылған «Ұлттық қор – бала­ларға» жобасы жастар арасында қызу талқыға түсуде. Себебі Прези­дент «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аудары­лып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп­шоттан шығарып алуға болмайды» деген болатын. Бұл жастарға, өске­лең ұрпаққа күтпеген жаңалық бол­ды. Себебі жас азаматтар өздерін толған­дыр­ған көптеген сұрақтың жауабын алды. Сол мақсатта бүгін бас қосып отырмыз. Алдағы уақытта олардың ойын тыңдап, пікір алмасатын боламыз», деді Astana Jastary жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Арайлым Сапарәлі.

Аталған іс-шараға 70-ке жуық жас жиналды. Олар – 35 колледж бен 16 жоғары оқу орындарының студенттері. Бұл жастар арасында Президент жүргізіп отырған саясатқа қызығушылық артқанын көрсетеді дейді ұйымдастырушылар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын тыңдадым. Әрбір айтылған сөз елдің болашағына, экономикасына, білім мен денсаулығына, отбасы мәселелеріне, жастарды қолдауға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғаны көрініп тұр. Елдің көңілі толмайтын қоғамдағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын да көрсеткен. Менің ойымша, Президент айтқан Жолдаудан кейін көптеген өзгеріс орын алады. Әсіресе жастарды қолдау туралы айтқаны, олардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты қабылданатын оң өзгерістер шынымен қуантты. Жас отбасыларға қолдау, оның ішінде дүниеге келген нәрестелерге де қаржылық демеушілік жасалады деді. Жаңа өмірге қадам басқан отбасылар үшін оның көмегі көп деп ойлаймын. Енді тек іске асуын күтеміз деді», деді студент Жорабек Дәулет.

Қоғам белсендісі, продюсер Азат Әбікен ел ішіндегі жаңалықтарды жіті бақылап отыратынын және осы жолғы Президент Жолдауы жастар арасында қолдау тауып, оларды қуанышқа бөлегенін жеткізді.

«Бұл – елдің көптен күткен жаңа­лығы. Қоғам арасында айтылып жүрген Әділетті Қазақстан деген ұғымның бар екенінің айқын көрінісі. Менің ойымша, Мемлекет басшысы жастардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасауда. Егер Отанымыз бен отбасымызда бәрі дұрыс болса, жас буын өкілдері ел абыройын аспандатады. Биылғы Жолдауды жастар жақсы қабылдады. Жоғарыда айтып өткенімдей, елдегі жаңалықтарды жіті қадағалап отырамын. Соның ішінде Президент айтқан мә­се­лелерді замандастарымның жылы қа­был­дағанын жазбаларынан анық аңғар­дым. Баса мән беретінім, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мұндай қор әлем елдерінде бар дегенде қызыға да, қыз­ғана да қарағанымыз жасырын емес. Енді осындай жоба өзімізде де құ­ры­лады. Бұл шынымен бақыт қой», деді ол.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, жастар арасында мұндай кездесулер мен пікір алмасулар алдағы уақытта да өткізіледі.