Президент • 13 Қыркүйек, 2022

Президент пен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы мен Рим Папасы келіссөз жүргізгеннен кейін «Қазақстан» орталық концерт залында азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президент пен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті

Мемлекетіміздің басшысы бүгін еліміз үшін тарихи күн екенін атап өтті.

«Рим Папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет апостолдық сапармен келді. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Себебі бүгінгі кездесу біздің түрлі саладағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтереді», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың игілігі жолындағы Понтификтің қажырлы және табанды күш-жігерін қолдады.

«Сіз Қазақстанға адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңінде келдіңіз. Түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің бейбітшілік, әлеуметтік үйлесімділік және өзара қолдау көрсету жолында адамдарды біріктіру үшін даналық пен күш-қуат көрсететін уақыты жетті деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына негізделген өзіндік этносаралық және дінаралық келісім моделін қалыптастырғанын атап өтті.  

«Бүгінде Орталық Азия елдері арасында католик  қауымының ең көп өкілі Қазақстанда тұрады. Христиандар басқа діндарлармен бірге төзімділік пен өзара құрмет үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құруға зор үлес қосып келеді», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу Қазақстанның әлемдегі келісім мен диалогты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерінің бір көрінісі екеніне назар аударды.

«Съезд алғаш рет 2003 жылы шақырылған уақыттан бері адамдардың әралуандығына қарамастан оларды жақындастырудың жақсы үлгісіне айналды. Тек диалог, адамдардың бауырмалдығы мен сыйластығы ғана бірге бейбіт өмір сүруге және толеранттыққа жол ашатынына кәміл сенемін. Осы ретте мен Қасиетті Тақтың Съезд жұмысына өлшеусіз үлес қосып, кең қолдау көрсеткенін жоғары бағалаймын», деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, Съезге католик шіркеуі басшысының  қатысуы шараның табысты өтуіне ықпал етіп, бүкіл әлемдегі католиктердің жүрегіне қуаныш пен шаттық ұялататынына сенім білдірді.

Бұдан кейін Рим Папасы Франциск жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол ежелгі қазақ жеріне жасаған апостолдық сапарына көңілі толатынын жеткізді. Понтификтің айтуынша, ол мұнда диалог пен бірлік іздеу мақсатымен бейбітшіліктің елшісі ретінде келген.

«Сіздерде «береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ Қазақстанды көпұлтты, мультимәдениетті, көпконфессиялы бірегей мекенге айналдырды және бұл мемлекеттің Кездесулер елі деген ерекше атына сай келеді», деді Понтифик.

Католик шіркеуінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда өлім жазасын алып тастау жөніндегі шешімін қолдады. Оның пікірінше, бұл әрбір тұлғаның үміт етуге құқығы жолындағы адам өмірінің құндылығын растайды.

Рим Папасы қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында аса қажет диалогқа қолдау көрсету үшін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға шақырды.

«Араздықты шиеленістірмеуді үйренетін, блоктардың бір-біріне қарсылығын күшейтуді тоқтататын уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен диалогқа ықпал ете алатын және «Хельсинки рухын» қайта жандандыратын, мультилатерализмді нығайтуға ұмтылатын, өскелең ұрпақ үшін тұрақты әрі бейбіт әлем құратын көшбасшылар керек. Бұл үшін бәрімен түсіністік, төзімділік және диалог қажет. Қайталап айтамын, бәрімен!», деді Рим Папасы Франциск.

Понтифик қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, экономиканы көміртегінен арылту және энергияның баламалы көздеріне инвестиция құю жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады. 

«Дінаралық диалог орнату ісімен қатар мұның бәрі адамзаттың ортақ болашағы үшін егілген үміт дәні. Қасиетті Тақ осы жолда сіздерді қолдайды», деді Рим Папасы.

Католик шіркеуінің басшысы сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі.  

Жиын соңында Қазақстан Президенті Понтификке жылы лебізі мен елімізге деген құрметі, сондай-ақ мазмұнды сөзі үшін алғыс айтты.