«Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Шынын айтайын, мұндай мәндегі мәлімдемені мен өзге қоғам мүшелерімен бірге күткен едім. Президент пен Үкіметтің сенімді және жоспарлы жұмысы үшін қоғамдағы жағдай тұрақты болуға тиіс. Әрбір сайлауда демократиялық дамуымызға басқа қырынан үңілуге, халықтың талап-тілегінің жаңа тоғысуларын байқауға мүмкіндік аламыз. Биыл маусым айында Ата Заңымызға енгізілген өзгерістерді жүзеге асырудың кезеңі осы Жолдаудан басталатыны айқын аңғарылды. Басты заңымыз қуатты болуы үшін ол басқа заңдардан үстем болуы керек.
Алда іске асатын реформалар ауқымды, әрі қамтитын салалары да аз емес. Әсіресе, белсенді жастарымызға жасалатын қолдау түрлері, оларға мөлшерлемесі төмен несие беру, реформаларды жүзеге асырудың жаңаша тетіктерін енгізу, әлеуметтік көмек түрлерін ұлғайта отырып, халықтың табысын арттыру мәселелері қоғам үшін аса өзекті. Сондықтан маңызды құжат бұл жағынан алғанда аса құнды. Келешекте жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс деген тапсырмасы да жүрекке жылы тиді.
Юрий КОЛЕСНИКОВ,
заң ғылымдарының кандидаты,
С.Торайғыров мемлекеттік университетінің деканы
Павлодар облысы