Президент «Азаматтардың сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобалары жүзеге асырылды», деп өзін-өзі басқарудың кейбір қадамдарына қанағат білдірді. Осындай жұмыстардың шығыны аудандар мен ауылдық округ бюджеттеріне енгізілсе, мұндай жобалар жалғасын таба берер еді және жүйелі түрде жүргізілер еді. Сонда ауылдарымыз жайнап, қандастарымыздың көші-қонын арттыруға өзінің ықпалды үлесін қоса берер еді. Қоғамдық кеңестер мен ауыл белсенділерінің өтініштері ескеріліп, ауылішілік жолдарды жөндеу, көрнекті жерлерді абаттандыру секілді жұмыстардың шығыны бюджетке енгізілгеннен кейін олардың сапалы орындалуын бақылау осы ұйымдарға арнаулы тәртіппен жүктелсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жолдауда жастардың жұмысшы мамандықтарын алу мәселесі де айтылып, Үкіметтің осы мәселеге назар аударуы тапсырылды. Әйтпесе жыл сайын мектеп бітірген мыңдаған жасөспірім жұмысқа тұра алмай, мамандық ала алмай жұмыссыздар қатарын толтырады. Президент сол мәселеге назар аударып, олардың алдын ала жоспарланып, шешіліп отырғаны дұрыс болар еді деген пікірін де өте дұрыс деп санаймын.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жолдауда халыққа қуанышты хабарлар да жеткізілді. Әсіресе 18 жасқа дейінгі балалардың әрқайсына есепшот ашылып, оған мемлекет тарапынан арнаулы жарна салынып отыратыны өте үлкен қуаныш. Дамыған араб елдерінде, мұнайлы мемлекеттерде мұндай тәжірибе баяғыдан бар, соны біздің мемлекет кешеуілдетіп келген еді, енді сол іске асатын болыпты. Бұл әсіресе көпбалалы отбасылар үшін үлкен қуаныш. Әрі бала тууды ынталандыруға да көмектесетін ықпалды шешім. Еліміздегі халық санының өсуі өзекті мәселенің бірі екені даусыз, енді сол ептеп шешілетін болар деген үміт оянды.
Әйелдердің зейнет жасының 61-ге дейін азайтылуы да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ақтайтын шешім болып отыр. Қазір жасы 60-қа таянған адамдарды ешқандай мекеме-ұйымдар, кәсіпорындар жұмысқа алғысы келмейді. Бұрыннан істеп келе жатқандарды түрлі себептермен, соның ішінде ІТ технологияны еркін игере алмағандығын себеп қылып, жұмыстан қысқартуға тырысады. Міне, осы адамдардың жұмыссыз қиналып жүргені жүректі ауыртатын еді. Енді тым болмаса әйелдер қауымы 61-де зейнетке ілегетін болды, оған да шүкір дейміз. Дегенмен осы мәселені әлі де тереңірек зерттеп, жеңілдікті ұлғайта түссе – артық болмас еді. Жалпы, биылғы Жолдау елімізге, халқымызға жақсы жаңалықтар әкелді деп санаймын.
Жанат МҰХАМЕДЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан облысы Азаматтық Альянсы» ЗТҰ және «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы