Ұлыбритания Солтүстік Ирландияға тасымалдайтын ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да тауарларын шекарадан еркін өткізу туралы біржақты шешім қабылдады. Біріккен Корольдік сонымен қатар ЕО бағдарламасының жұмыс тобын, Brexit-ті іске асыру жөніндегі ресми форум өкілдерін осы аптада жиналуын сұрап отыр. The Guardian басылымының мәліметінше жиында Ұлыбританияның HorizonEurope флагмандық ғылыми қорынан шығарылуын талқылауды ұсынған. Сарапшылар «бұл Солтүстік Ирландияға қатысты 16-бапқа қосымша әрекеттер жарияланатынының белгісі немесе Ұлыбританияның келіссөздерді қайта бастауға ресми түрде дайын екендігін көрсетеді» деген пікірде.
Ал Еурокомиссияның өкілі Ұлыбританияның басқосу туралы ұсынысын қаперге алғанын, алайда нақты жауап бере алмайтынын мәлімдеді. Еуропалық Одақ пен Ирландияның көшбасшылары патшайымның қазасы және Ұлыбритания премьер-министрі Лиз Трасс пен АҚШ президенті Джо Байден арасында осы аптада болуы ықтимал кездесу екі ел арасындағы келіспеушіліктерді жойып, мәмілеге келеді деп үміттенеді. Даунинг-стрит бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасамайды, өйткені саяси іс-шаралар патшайымның 10 күндік аза тұту кезеңінде тоқтатылды.
Ұлыбритания Солтүстік Ирландиядағы біржақты әрекеті Брюссельмен ұзаққа созылған дауды шешуге қажетті қадам деп санайды. Қазір Ұлыбританиядан келіп жатқан ауылшаруашылық өнімдері, соның ішінде шұжық, дайын тағамдар және сүт өнімдері Солтүстік Ирландия дүкендеріне ЕО стандарттарына сәйкестігін тексерусіз жеткізіліп жатыр. Ал Брюссель болса «Ұлыбританияның бұл іс-әрекетін толық бағдарлап, бағаламайынша жауап бермейді», дейді сарапшылар.
Сарапшылар Патшайым ІІ Елизаветаның өлімінен туындаған саяси риториканың болмауы жерлеу рәсімінің шеңберінде Байденмен кездесудің реті қиынға соғып, осы аптада АҚШ-та Лиз Трасспен ықтимал екіжақты кездесуге кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады. Брюссельден Еуроодаққа хат Еуропалық комиссия Лондонды тауарларды Солтүстік Ирландияға тасымалдау кезінде кедендік және тәуекелді бақылау талаптарын сақтамады деп айыптап, төрт құқық бұзушылық ісін бастағаннан кейін екі ай өткен соң келіп отыр. Ол сондай-ақ Ұлыбританияны алкогольге қатысты салық ережелерін сақтамады деп айыптады. Брюссельдің төрт даулы мәселесі өткен айда түсірген үш сот процесімен жалғасты. Алғашқы сот ісі 2021 жылдың наурыз айында басталды, бұрынғы Brexit министрі Лорд Фрост бірінші рет ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да тауарларға Brexit тексерулерін біржақты тоқтатты. «Брюссель енді сот ісін одан әрі жалғастырады деп күтілуде, бірақ ол Ұлыбритания секілді келіссөздер арқылы шешім табу үшін екі жақты көзқарасты ұстанады», дейді сарапшылар.
Бұған дейін Германия мен Ирландия бірлескен мәлімдеме жасап, Ұлыбританияны Brexit келісімінің Солтүстік Ирландия бөлігінен бас тартуға тырысқаны үшін қатты сынға алған еді. Екі елдің сыртқы істер министрлері атынан жасалған мәлімдемеде мұндай өзгерістердің «заңды немесе саяси негіздемесі жоқ» делінген. Негізі Ұлыбритания мен ЕО 2019 жылы Солтүстік Ирландияның мәртебесі туралы хаттамаға қол қойған. Содан кейін тараптар Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасында бұрынғыдай, Ұлыбританиядан айырмашылығы, кедендік шекара болмайды деп келісті. Бірақ осы жағдайға байланысты көп ұзамай келіспеушіліктер
туындай бастады. Өткен жылы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон тауарлардың кейбір түрлеріне қатысты дауларға қатысты келісімнің бір бөлігін тоқтатамыз деп сес көрсеткен еді. Маусым айында Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі көптеген тауарлардың ЕО мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекарадан қалыпты кедендік талаптарға сәйкес өтуін талап ететін хаттамаға түзетулер жобасын жариялады. Ал одан соң Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Лиз Трасс хаттаманың кейбір ережелерін түзету қажеттігін мәлімдеді. Осылайша, даулы мәселеге әлі нүкте қойылмай келеді.