Әлеуметтік кодекс, Салық кодексі қабылданады. Экономикадағы ойын ережелері өзгереді. Кен өндірушілермен және басқалармен қарым-қатынас басқа бағытта өрбиді. Кез келген қалыптасқан жаңа институт жаңа мүмкіндіктер және жаңа демократиялық үрдістермен қатар, жаңа қақтығыстар туғызады. Осының бәрін ескере отырып, Парламент Президенттің өкілеттік мерзімін созып, бір ғана мәрте сайлануын қолдады. Яғни болашақта ешқандай Президенттің билікті басып алып, монополизациялауына, узурпациялауына жол бермейтін шешім қабылдады.
Екінші жағынан, қоғамның пікірін, осы кезге дейін қалыптасқан мәселелерді ескере келе, халықтың ішінде жік салған, бөліп-жарған елорданың ескі атауын қайтару туралы тарихи шешім қабылданды деп айтуға болатын шығар. Сол себепті Мәжіліс пен Сенат бірлескен отырыста осындай шешімге келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев – үлкен саяси тұлға, қайраткер. Әрине, елорда атауын өзі ұсынғандықтан, бұл шешімге бару оңайға соққан жоқ. Байқасаңыз, Жолдаудың ертеңіне «Әділетті Қазақстан» депутаттық тобы өз ұсынысын жариялады. Президент бір аптадай ойланды, саяси консультация жүргізді. Меніңше, бұл үлкен жауапкершіліктен туындаған шешім. Өйткені қоғамдық пікірді де ескеру керек. Бұл – өмірдің логикасы әкелген тарихи шешім. Тарих дәл қазір көз алдымызда жазылып жатыр, өзгеріп жатыр. Біз осы тарихи кезеңнің бір бөлшегі болып отырмыз.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты