Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2022

Ғұлама ғибраты: Бекасыл Биболатұлының 200 жылдығы туған жерінде атап өтілді

387 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Рухани ілімді терең меңгеріп, өз заманының ғұлама данагөйі болған Бекасыл Биболатұлының туғанына биыл 200 жыл. Осыған орай, оның туған жері Түркістан облысы Төле би ауданында қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық V форумы өтті. Форумға қатысушылар алдымен Кеңесарық ауылындағы Бекасыл әулиенің кесенесіне барып, Құран бағыштады, музейінде болып ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ғұлама ғибраты: Бекасыл Биболатұлының 200 жылдығы туған жерінде атап өтілді

Ал «Ривьера Қасқасу» демалыс ор­нында ұйымдастырылған ғылыми-кон­ференцияда Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» еңбегіне, ғылыми мәліметтер мен дінтану туралы ой-тұжырымдарына талдау жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойы­на арналған құттықтауын Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. «Дархан даламызда өсиет сөз, өшпес із қалдырған тұғырлы тұлғалар аз емес. Сол тарихи тұлғалардың бірі – «сахара ғұламасы» атанған Бекасыл Биболат­ұлы. Қасиетті Түркістан топырағын­да дүниеге келіп, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан ғұламаның «Зикзал» атты еңбегі халқымыз үшін асыл мұра. Бекасыл Биболатұлы – ға­сырлар бойы халқымыздың бойында жинақталған өмірлік тәжірибені, салт-дәстүрді, дала даналығын жеткізген ағзам жандардың бірі. Ол өмір бойы адалдық пен тазалыққа, еңбекқорлық пен отансүйгіштікке үндеген. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, халықты татулық пен бауырмалдықты сақтауға шақыр­ған. Өзінен бұрынғы ойшылдардың шығыстық тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін медресе-мектеп ашып, білім мен мәдениетті дамытқан. Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап, оның «Зикзал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған. Ғұлама Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойы Халықаралық форумның аясында атап өтілуде. Мен баршаңызды қасиетті тұлғаның салтанатты шарасының басталуымен құттықтаймын. Бұл той – қазақ руханиятының, түркі ойының тойы!» делінген Президент жолдаған құттықтау хатта. Мемлекет басшысының құттықтау хаты әулие-бабаның ұрпағы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Исақұловқа табыс етілді.

Конференцияда Қырғыз Респуб­ликасының халық ақыны Қожагелді Күлтегін мен Жоғарғы Кеңесінің экс-спикері Зайнидин Құрманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Президент жанындағы Мем­­лекеттік басқару академиясы инс­ти­тутының директоры Зұлпықар Ғаипов Бекасыл Биболатұлы еңбектерінің ерек­шеліктері мен құндылығы туралы баяндады. Ел ынтымағы мен бір­­лі­гінің маңыздылығы айтылды. Сон­дай-ақ конференция барысында сөз алған баяндамашылар оның Сайрам, Қарнақ, Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Шам (Сирия) еліндегі білім ордаларын түгел меңгерген данышпан, теолог, астролог, астроном, математик, фило­соф, шипагер, кие дарыған кісі бол­ғанын, Ислам қағидаттарын, өмір сал­тын терең меңгерген даналығын айтты. Бекасыл Биболатұлы туған же­рінде медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан, шығармашылық­пен айналысып, көптеген кітап жазған. Көзі­нің тірісінде-ақ әулие атанған Бек­асыл Биболатұлының исламның асыл қасиеттері, салт-дәстүрі, ғылымның сан-саласы қамтылған, қазақ топырағында бұрын кездеспеген, өмір тылсымдары­ның сырлары мен құпияларын аша­тын, адамның күнделікті өміріне керекті пайдалы кеңестер, ғылыми мәліметтер мен басқа да тұжырымдар бар «Зикзал» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тəуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі ретінде бағала­нуда. Оның бір дәлелі бүгінде «Зикзал» қазақ оқырмандарының тарапынан зор сұраныс тудырып отыр. Ғалымдардың пікірінше, «Зикзал» – кез келген қазақ­тың төрінде тұратын қасиетті кітап. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқарма-сы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі дінтанушы, араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған «Зикзалды» қазақ тіліне аударған Зәріпбай Оразбай бұл еңбекті әлемдік деңгейдегі Ханафи мазһабын дәріптейтін бірден бір ғылы­ми кітаптардың қатарына жатқызады. «Бекасыл Биболатұлы Құранның тәпсір ілімін, хадис ілімін, пайғамбарлар тарихын өте жоғары деңгейде білген. Ша­риғат ғылымдарын өте жақсы мең­герген. Және соны өте шебер тілмен баян­дап бере алған. Кітабының «Зикзал» деп аталуының себебі бір еңбекте бір­неше кітапты жинақтап, құрастырып жазуында. Мұндай өте күрделі тәсілмен кітап жазған ғұламалар сирек. Бірнеше кітапты бір-бірімен ғажап байланыстыра құрастырады. Бір тақырып ретінде қарайсыз, ал оның ішінде бірнеше кітап бар. Соның ең алғашқысы «Палнама» деп аталады. Бұл – дүниежүзіндегі «Палнама» аталатын кітаптардың тоғы­зыншысы. Яғни «Палнама» туралы қалам тартқан әлемнің тоғыз ғұла­ма­сының бірі – Бекасыл баба деген сөз. Бұл кітапқа дейін бұрын дүние жүзі бойынша «Палнама» деп аталатын кітаптардың сегізі мәлім екен. Оны америкалық ғалымдар дәлелдеген. Яғни бұл дүниежүзілік деңгейдегі ең­бек. Соған сүйене отырып та ол кісі­ні дүниежүзілік деңгейдегі ғұлама деп тұжы­рым жасауымызға болады. «Зик­зал» тағылымы мол, көп қырлы: пай­ғамбарлар тарихы, ислами ақиқат ілімі, сопылық санаты, жұлдызнамалық ілім, жорамал жасау, дұғалармен емделу, бұржылық ілім негіздері, өмірдегі түрлі құбылыстар баяны, жылдар сипаттамасы қамтылған жан-жақты терең ілімді қасиетті кітап. Мен «Зикзалды» оқырманға түсінікті болу үшін қара­пайым тілде аудардым, көптеген түсі­ніктемелер бердім», дейді белгілі шы­ғыстанушы Зәріпбай Оразбай.

Бекасыл Биболатұлы философ, астролог, теолог, шипагер, қаламгер сияқ­ты қасиеттердің барлығын бір бо­йына тоғыстырған ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі екенін филология ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов та атап өтті. «Жаңа билбордта Бекасыл баба­­мыздың сан қырлы қасиеті айтыл­ды. Соның ішінде бір қасиеті көрсе­тілмегенін мен іштей дұрыс деп отырмын. Ол – көріпкел деген сөз. Біраз кітаптарда, біраз мақалаларда сол кө­ріпкел деген сөз айтылады. Жалпы, кө­ріп­келдік, әрине адамзат баласының тари­хында талай көрінген қасиет. Сонау Нострадамустан кешегі Вангаға дейін, біздің өзімізде де Мөңке биден тартып көптеген көріпкелдер өткен. Бекасыл бабамыз да өмірден өтерінде «...осындай күндер келеді құл-құтан көтері­ліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарады. «Жы­лан тақыр» боласыңдар. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Қатын ел билейді», деген сияқты көп әңгімелерді айтып кеткен. Бірақ мұның жағдайы сәл басқашалау. Мен 1986 жылы Болгарияға журналистік сапармен бардым. Сонда бізді Вангамен жолықтырды. Кейін біраз кітаптарды қарап, оқып жаздым да. Ол шынында да зағип адам, ғылыми дүниелерді оқуы мүмкін емес, яғни оның көріпкелдік қасиеті бар. Ал Бекасыл бабамыздың алдағыны болжауы ол аса терең білімнің нәтижесі. Ғұламалықтың арқасы, арғы-бергінің бәрін көкірегіне түйгеннің арқасы. Осы жайды ғана айтқым келеді. Тағы бір айтатын дүние Мемлекет бас­шысының құттықтауында айтылған «адалдық пен тазалыққа үндеген» деген сөзге назар аударғым келеді. Қазір­гі кезде заман өзгеріп, қоғам өзгеріп, адам өзгеріп тарихымызда жаңа дәуір басталады деп отырған кезде Бекасыл бабамыздың сөзі бізге бұрынғыдан да керек. Өйткені қазір біз адалдыққа, таза­лыққа шақыратын сөзге де, сондай өне­геге де зәру жағдайда тұрмыз. Оның бәрін өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар. Сол күндеріміз келсін, сол күндерге жетуге Бекасыл бабамыздың рухы дем берсін!» деді Сауытбек Абдрахманов.

Ал академик, жазушы Ғарифолла Есім Бекасыл әулие – Алла тағала сөзін жұртшылыққа тереңдеп жеткізуші тұл­ға екенін айта келе, «Зикзал» сөзінің мән-мағынасы туралы өз көзқарасын білдірді. «Бекасыл әулиенің негізгі шы­ғармасының аты – Зикзал. Ол оны толық түсіндірмегенімен өлеңінде бар. Аудармашы зикзал, сірә, қисынды деген мағынаны білдірсе керек. «Қолыма қалам алып жаздым зикзал, Басқаның бір өлімнен ертесі абзал. Жақсылар, оқып көрсең, міне, кітап, Ішінде әрбір түрлі нұсқалар бар», дейді Бекасыл әулие. Ал хакім Абай: «Әуелі аят хадис – сөздің басы, Қосарлы бәйітмысал келді арасы, Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы», дейді. Зикзалды насихат сөз, қисынды сөз не үлгілі сөз деп түсінуге болар. Сон­да не қызықты? Өмір – қызықты. Өмір сүре білу– қызықты. Екі дүние мархабатына бөлену – қызықты. Хакім Абай «Қисынымен қызықты болмаса сөз» деп отыр. Сонда қисынды сөз – Алланың сөзі. Алланың сөзін сөй­леуші, Зикзал айтушы – Бекасыл әулие. Хакім Абай айтқан, толық адам – таза мұсылман адам. Бекасыл әулие – таза мұсылман, яғни ол заманының толық адамы. Кемел тұлға. Жол бастаушы. Жөн көрсетуші. Тура жолға салушы. Алла тағаланың қисынды сөзін айтушы. Зикзал еңбегінің авторы», деді академик. Бекасыл Биболатұлы – өз дәуірінде «Құтб заман» дәрежесіне жеткен әулие, медресе ұстаған ұстаз. Құран ілімін жетік білген адам. «Өзінің Отанына, өз ортасына ізгілік дәнін себуші. Жеті ұлттың тілін білген. Өзінің шығарма­сын жеті ұлттың тілімен өрнектеген, жеткізген ғажайып бір энциклопедия­лық білім иесі. Бекасыл әулиенің «Зикзал» кітабында мынадай керемет ұлы тілек бар: «Бақ, дәулет, ырыздық, несібе аспандай күркіреп келсін, Бұлттай қап­тап келсін, Күндей жарқырап келсін, Судай сарқырап келсін, Қаздай қалықтап келсін, нұрын шаша берсін!». Міне, қандай үлы тілек, ұлы сөз. Бекасыл әулие­нің еңбегі ұлы даламыздың, мем­лекетіміздің рухани өрлеуіне толық үлес қосатын рухани байлығымыз, қазынамыз. Ол мыңжылдық тұлғасы. Сондықтан да Бекасыл әулиенің ұлттық құндылықтарын өзіміздің өмірімізде қолдана білсек, оның шығармаларында мемлекетті басқару ісіне керек ақыл-кеңестер, тәрбие мол. Даналық тәжі­рибесі өмірімізге қажет», дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов.

Ал форумға арнайы келген баянауыл­дық өлкетанушы Алтынбек Құрманов Мәшһүр Жүсіп пен Бекасыл Биболатұлы арасындағы байланыс, қарым-қатынас туралы де­ректердің бүгінге қалай жет­кені жө­нінде әңгімеледі. Айта кетелік, ел газеті «Егемен Қазақстанның» тұ­рақ­ты оқырмандарының есінде болар, ба­сылымның 2013 жылдың 27 қара­шасындағы санында қазақ руха­ния­тындағы алып тұлғалардың бірі Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүс­тікке сапарын баяндайтын «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма?!» деген қолжазбасының мәтіні жарияланған болатын. Баян­ауылдық мәшһүртанушы Алтынбек Құрмановтың ұсынуымен. Аталған қолжазбада Мәшһүр Жүсіп Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен хазірет, ұстаз деп атайды және пір тұтады, ғұламаның қадір-қасиетін айшықты аша түседі, оның «Зикзал» атты еңбегін аса құнды туынды деп бағалайды. Ал биыл газетіміздің 28 шілдедегі нөмі­рінде Мәшһүр Жүсіптің Бекасыл Биболатұлы туралы «Сайрамсуда мың шейіт, Қасқасуда кім жатыр?» деп аталатын тағы бір естелігі жарияланды. Оны да Иманғали Мәненұлы деген атасынан қалған архивтен тапқан Алтынбек Құрманов редакцияға жолдаған-ды. Естелікте Бекасыл Биболатұлының дене тұрқы, ата шежіресі, қасиеті, ұстанымы, үлгілі істері мен қазақ пен қырғыз арасындағы туындаған дауға бітімгершілік жасағаны туралы тың деректер келтірілген.

Форум аясында Бекасыл Биболат­ұлының еңбектерін насихаттау, есі­мін ұлықтау сынды игі істерді ұйым­дастырып, бастамашы болып жүр­ген генерал, саяси ғылымдар докторы, про­фессор Ержан Исақұловқа ауылдас­тары сый-құрмет көрсетіп, ат мінгізді. Он тоғызыншы ғасырда қа­ғазға түскен құнды қолжазба 2003 жылы Бекасыл əулие ұрпағының қо­лына тигелі бері ғылыми айна­лым­ға түсіп, бірнеше конференцияның арқауы етілгенін айта кетелік. Кон­ферен­цияның модераторы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірін­ші орынбасары Ақберен Елгезек «Зик­залдың» құндылығы мен мән-мағы­насына өз көзқарасын білдіре келе, Ержан Исақұловтың Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданғанын хабарлап, арнайы куәлікті табыс етті. Өз кезегінде генерал ғалым халықаралық форум­ның Түркістан немесе Шымкентте емес туған жерінде ұйымдастырылуының себебін айта келе, іс-шараны өткізуге ат­са­лысқандарға және алыстан арнайы келген қонақтарға алғысын жеткізді.

Форум қатысушылары мен қонақ­тары Қырғыз елінің манасшылары мен Төлеби ауданының тумасы, белгілі әнші Нұрлан Өнербаевтың өнерін тамашалады. Жиын соңында Бекасыл Биболатұлы мен оның ата-бабаларына арналып ас берілді.

 

Түркістан облысы