Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

Аустриядағы айшықты апталық

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Венада алғаш рет «One world. New generation» мәдени іс-шаралар апталығы аясында Қазақстан балаларының сурет көрмесі ашылды. Еуропа жүрегіне қазақ елінің атынан барған жас таланттар – балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Жануарлар – менің достарым» және «Менің жасыл планетам» байқауларының жеңімпаздары.

Аустриядағы айшықты апталық

«Жануарлар – менің дос­тарым» және «Менің жасыл пла­нетам» конкурстары 2020 жылы Бала құқығы жөнін­дегі уәкіл Аружан Саинның идея­­сы негізінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қам­қорлығымен өткен болатын. Бастаманы Дүние­жүзі­лік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өту аясында БҰҰ қоршаған ортаны қор­ғау бағдарламасы, Білім және ғылым министрлігі, Мәде­ниет және спорт министрлігі, «Бала­лар бейбітшілікті салады» және «Мейі­рімділік» қорлары қолдады. Осы жо­бада қатарластарынан оқ бойы оз­ған 10 жеткіншек айтулы көр­меге Қазақ­станның Аустрия­дағы елшілігінің және Бас демеуші EduStream компа­ния­­сының қолдауымен келді.

«Жобаның басты мақ­саты – қо­ғам санасының жа­нуарларға деген қарым-қатынасын өзгерту және қа­ты­гездікке жол бермеу», дейді ұйым­дастырушылар. Тақырыпқа терең үңілген 6 мыңнан астам өрен тек сурет салып қойған жоқ, сонымен қатар ересектерге арнап эссе, бейнеүндеу жазып, қатыгездікті сынға алды, қо­ғамды мейірімділік пен ма­хаббатқа шақырды.

«Ересектер кіп-кішкен­тай қорған­сыздарды қалай қаң­ғытып қояды, бұл менің миыма сыймайды. Адамдық қасиетімізді жоғалтпайық, үй жануарларын және жер шарындағы барша хайуанаттарды қорғайық», деп жазды өз эссесінде сарыөзектік Ақжан Қа­йырбекқызы. Ал павлодарлық Ар­тем Кус­­тов балаң үнін табиғатты қор­ғау та­қы­рыбында жазған өле­ңімен жет­кізді.

– Балаларымыздың жан айқайы еленетініне үмітіміз зор. Олардың ересектер­ге, Парламентке және Үкі­метке жасаған ұсыныстары жер шарын, біз­дің сүйікті Қазақстанымызды, таби­ғат­ты, жануарлар әлемін сақ­тап қа­луға ықпалын тигі­зер. Балалардан бұ­рын, ере­сектердің санасы өзге­рісті қа­жет етеді, неге де­се­ңіз, бала жағ­дайы мен ғалам­шарымыздың қауіп­сіздігі соларға байланысты, – дейді Қазақстандағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин.

Апталық аясында Қазақ­станның Аустриядағы ел­ші­­сі Қайрат Омаров­тың қа­ты­­­суымен балалар суреті көр­­­ме­­сінің салтанатты ашы­лу рәсімі өтті. Жас жеңім­паз­дар­дың туындысын БҰҰ Вена­дағы бөлім жетекшісі Гада Вали, аустриялық парламент депутаттары, бірқатар мемлекет елшілері, ЕҚЫҰ басшылары, сондай-ақ Вена мэриясы мен жергілікті мем­лекеттік білім органдары бағалады.

– Балаға білім беру ісінде мәдениет пен өнер қатар жүр­гені абзал. Адам бойына қор­шаған ортаға деген сүйіспеншілікті жастайынан сіңіру, принциптік тұрғыда маңызды. Жалпы, адамзат құндылығы табиғатымызды қорғау дамыған елдердің мектепте білім беру стандартында ескеріледі. Қазақстан­ның білім беру саласының қаты­сушысы әрі новаторы ретінде біз мектепке оқулық дайындағанда әлемдік талапты негізге аламыз, – дейді EduStream компаниясының бас директоры Наталья Мұха­меджанова.

Балғын суретшілерге ша­быт берген бағдарлама көр­мемен қатар тіл мектебінде шеберлік сабағын өтуге, сон­дай-ақ Аустрияның айшықты орын­дарын аралауға мүм­кіндік сыйлады.

 

АЛМАТЫ