– Болат Қалыбекұлы, әңгімеміздің әлқисасын дәстүрлі сұрақтан бастайықшы, өнерге бала күніңізден ынтығып, актер болуды армандап келдіңіз бе?
– Менің балалық шағым Кеңес дәуірінде өтті. Мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі болдым. Енді оны балалық қызығушылық десем де, бірақ есейе келе өнерге аңсарым ауды. Әскерден оралып, ауылда жұмыс істеп жүргем. Бір күні сол кездегі «Лениншіл жас» газетінен «Құрманғазы атындағы консерваторияның театр бөліміне абитуренттер қабылдаймыз» деген хабарландыруды оқып, жүрегімнің түкпірінде жасырынған арманым қайта оянды. Оқуға баруыма әке-шешем де қарсы болмады. Сөйтіп 1975 жылы Алматыға келіп, консерваторияның актер бөліміне оқуға түсіп, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекованың класына қабылдандым. 1978 жылы театр факультеті консерваториядан бөлініп, Алматы театр және көркем сурет институты болып құрылды. Біз осы оқу ордасының алғашқы түлектеріміз. Оқу бітіргесін мені жолдамамен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрына жіберді. Бірақ белгілі режиссер Маман Байсеркенов мені Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына алып қалғысы келді. Өйткені ол кісі дипломдық комиссияның төрағасы болды да, сонда көрсеткен рөлімнен қабілетімді байқап қалса керек. «Қарағандыға бар да, рұқсат алып қайтып кел» деді. Қарағанды театрында белгілі режиссер, марқұм Жақып Омаров қарсы алды. Оған жөнімді айтып, Алматыға қайтамын десем, Жақып аға бетіме қарап: «Қай жердің баласысың?» деді. «Қарқаралыдан» деп едім, «Е, бала, бері қара, Алматыны қайтесің, институтты енді бітірдің, бізде жұмыс істе» деп жібергісі келмеді. Сосын Маман ағаға қоңырау шалдым, ол кісі: «бәрін таста да кел» деді. Алматыға қайтып келгеніммен, бәрібір министрлік рұқсат бермегесін Қарағанды театрына қайтып келіп, сонда 1990 жылға дейін қызмет істедім. Бірқатар рөлді ойнап, елге танылдым.
– Қаллеки театрының іргетасын қалаған азаматтардың бірісіз, сол тарихи кезеңге тоқталып өтесіз бе?
– 80-жылдардың соңынан бастап, жариялылық желі оңынан соғып, қоғам да, уақыт та өзгере бастады. Халқымыз өз тарихына, жүріп өткен жолына үңіліп, ұлттық оянуды бастан кешті. Алаш ардақтылары ақталып, ортамызға оралды. Әсіресе бұл серпіліс өнерде өзгеше байқалды. 90-жылдардан бастап бірқатар өңірден қазақ театры ашылады деген жағымды жаңалық тарады. Қарағандыға іргелес отырған Ақмолада да қазақ театры ашылады, оған Жақып Омаров көркемдік жетекші әрі режиссер болып барады дегенді естідік. Қарағанды театрында Жақып ағамен 5-6 жыл бірге істеп, ағалы-інілідей сыйластық. Кейін ол кісі басқа театрға ауысты. Ақыры Ақмоладан театр ашылатын болып, Жақып Омаров оған қабылдап алатын актерлердің тізімін өзі жасап, соған мені де қосыпты. Біраз ойландым. Бір жағынан, өнер жолымды алғаш бастаған Қарағанды театры жібергісі келмеді. Дегенмен Жақып ағаның бірауыз сөзін жерге тастамай, осында келдім.
– Театр құрылуы мен қалыптасуында қандай қиындықтар кездесті, соны айтасыз ба?
– Ақмола – кеңес дәуірінде Тың игерудің орталығына айналып, өзге ұлт өкілдері көбірек қоныстанған. Біз келгенде қала Целиноград аталады. Қаладағы қазақтардың саны 12-13 пайызды құрайды. Қоғамдық көліктен екі-үш қаракөзді көрсек қуанамыз. Бірақ сол кезде өңірдегі ұлтжанды азаматтар қоғамдық ұйым құрып, қазақша мектеп, балабақша ашуды қолға алып, жұмыс істеп жатты. Шынымды айтсам, Жақып ағамыз ер еді ғой, сол кісі бар қиындықты қайыспай көтерді. Біз де қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық. Әсіресе театрдың ашылуы мен оның аяғынан тік тұрып кетуіне сол уақытта Целиноград облыстық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған Светлана Жақияқызы Жалмағамбетова үлкен қолдау көрсетті. Кейбіреулердің тарапынан қарсылық болғаны да жасырын емес. Соған қарамастан осындағы ауылшаруашылық, педагогика және медицина институттарына барып, оқытушылармен, студенттермен кездесіп, қазақ театры ашылғанын насихаттадық. Колледждерге барып кездесу ұйымдастырдық. Мектептерді араладық. Сөйтіп болашақ көрермендерімізбен танысып, байланыс орнаттық. Алғашында театрдың нақты мекенжайы болмады, кейін бұрынғы Ленин ауданы әкімдігінің ғимаратын берді. Шағын залы ғана болды. Соны жөндеп, тұңғыш премьераға дайындала бастадық. Жақып аға бізге: «Жаңа театр құрылып, аяғынан тұрып кеткенше біраз қиналамыз. Оған шыдайсыздар, сосын бәрі жақсы болады, үй де аласыздар» деп көңілімізді жұбатып қоятын. Актерлер «Мәскеу» қонақүйіне орналасты. Жаңа өнер ордасына қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың есімін беруі төбемізді көкке көтерді. Театрдың алғашқы шымылдығы 1991 жылы 15 қарашада қазіргі «Астана» концерт залында классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасымен ашылып, Ақмола жұрты ақ түйенің қарны жарылғандай қуанышқа кенелді.
– Жаңа өнер ордасының бастапқы шығармашылық құрамында қанша актер болды?
– Қарағанды облыстық драма театрынан Шәміл Жүнісов, Рымкеш Омарханова секілді тәжірибелі, елге танылған оншақты актер келдік. Өйткені Жақып, аға сонда жұмыс істеген, олардың қарым-қабілетін жақсы білді. Басқа өңірлерден де өнер иелері тартылды. Жалпы, сол жылдары елімізде С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры, Алматыдағы М.Әуезов драма театрынан кейінгі екінші үлкен өнер ордасы болды. Біз Семей театрымен ғана тайталасатынбыз. Ақмола театрына ауысқасын өнер жолымды қайта бастағандай сезініп, көрермендер көңілінен шығу үшін әр рөліме аянбай еңбектендім. Міне, содан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Сол жылы өмірге келген бала отызға толып, бір отбасының иесі атанды. Отыз жылда көп дүние өзгерді. Ақмола астана болып, театрымыз елордалық мәртебеге ие болды. Мемлекеттің қолдауымен зәулім театр ғимараты салынды. Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты драмасындағы Едігенің бір сөзі бар: «Мен марқұм Қазанғаппен кездескенде бүкіл ғұмырым Борандыда өтеді деп ойлаппын ба?». Шынында да, мен де өнердегі ғұмырымның көбі Қаллеки театрында өтеді деп ойлаған емеспін.
– Қазір сіз де аға буын актердің бірісіз. Кешегі театр мен бүгінгі театрды сараптағанда, нені байқайсыз?
– Әрине, кешегі театр мен бүгінгі театрдың арасы жер мен көктей дер едім. Кеңес заманында қазақтың болмысы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы – бәрі театрда шынайылығымен, көркемдігімен айшықты көрінді. Өйткені театрда ауылда туып, халқымыздың барлық асыл қасиетін бойына сіңірген аға-апаларымыз еңбек етті. Театрға олар қазақылықты әкеліп, соны әрі дамытты. Студент кезімде Алматыдағы М.Әуезов театрының сахнасынан Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Мүлік Сүртібаев, Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев секілді тау тұлғаларымыз ойнаған спектакльдерді көріп, ерекше әсер алып, содан күні бойы арыла алмайтынбыз. Сондағы театр сахнасынан «алтын күрек» желі секілді қазақы леп есетін. Қазір содан біртүрлі алыстап бара жатқандаймыз.
– Бұған не себеп дейсіз?
– Енді ол үшін біреуді кінәлаудан аулақпын. Бір жағынан, қазіргі кезең мен талғам басқа. Заман ағымына қарай техникалық прогресс алға дамып барады. Соған орай спектакльдерді сахналаудың формасы өзгерді. Алайда классик жазушыларымыздың бұрын жазылған драмалық шығармаларын қойғанда олардың түпкі мазмұны, кейіпкерлердің сөзі мен бейнесі, олардың болмысындағы ұлттық колорит өзгермеу керек. Мысалы, «Қарагөздің» бірнеше қойылымын көрдім. Бірақ Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Қарагөз» бен кейінгі сахналанған «Қарагөз» бір-біріне мүлде ұқсамайды. Қазір театрға жас режиссерлер келді. Олар шетелде оқыған, білімді жастар. Бірақ таным-түсінігі мен көзқарасы ерекше, өзгеше ойлайды. Бұл мені қуантады, олардың жаңашылдығын қолдаймын. Дегенмен олар сахналаған классикалық шығармаларда заманауи бейне мен техникалық құрал-жабдықтар алға шығады да, ондағы кейіпкер сөзі, мазмұны, ең ақыры ұлттық болмысымыз көмескіленіп қалады. Даңғырлаған айқайға басымдық беріледі. Негізінен, біз сөзді қадірлеген, бірауыз кесіп айтқан көркем сөзге мән берген халықпыз. Сондықтан театр сахнасынан баяғы от тілді, орақ ауызды билердің айшықты сөздері, айбынды батыр бабаларымыздың текті мінездері көріну керек. Әсіресе бұл қазіргі уақытта кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына отаншылдықты дарыту үшін қажет. Театрдың мықтылығы – ұлттық болмысында. Тарихымызға үңілсек, халқымыздың көрмегені жоқ. Соғысты да, аштықты да, отаршылдықты да көрді. Соған төзіп, жер бетінен жоғалмай ұлт болып қалуына өнердің құдіреті әсер етті. Театр – ұлттың ұйытқысы. Қанша дегенмен, жастардың ойы, көзқарасы өзгерсе де біз олардың ағымымен кетпей, олар біздің ағынға келуі керек. Бір сөзбен айтқанда, театрдан ұлттық болмысымызды жоғалтып алмасақ деймін.
– Бір жағынан, ол үшін театрдағы аға буын мен жас буын арасындағы сабақтастық үзіліп қалмау керек секілді...
–Иә, дұрыс айтасыз. Қарағанды театрында Қазақстанның халық әртісі Жәмила Шашкина деген үлкен апамыз болды. Әйгілі жазушы Зейін Шашкиннің зайыбы. Тағы басқа да жасы үлкен ардагер актер ағаларымыз жұмыс істеді. Солардың жан дүниесі ғана емес, сыртқы бейнесінің өзі бізге өнеге еді. Жәмила апа тоқсан жасқа толғандағы салтанатты кеште «Ана-Жер-Анадағы» Толғанайдың монологын еш жаңылмастан он минут оқыды. Сонда актрисаның дикциясына бәрі таңғалды. Қазақ театрының іргетасын қалаған аға-апаларымыз кәсіби жоғары білім алмаса да, өнердің құдіретін түсініп, басқа жұртты мойындатты. Мысалы, Мәскеуде Қазақстан мәдениетінің он күндігі өткенде Қалибек Қуанышбаев Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасын ойнағанда, оның шеберлігіне орыстың атақты актерлері тәнті болып, жоғары бағалаған. Шәкен Айманов Шекспирдің «Оттелосындағы» монологын айтқанда қазақша түсінбесе де ағылшындар риза болыпты. Әзекең қойған «Ваня ағайдағы» басты рөлде ойнаған Әнуар Молдабековті әлі күнге дейін аузымыздан тастамаймыз. Біз осындай таланттардың өнерін көріп, солардан тәлім алдық. Енді соны кейінгі жастарға мүмкіндігімізше беріп кеткіміз келеді. Сабақтастық деген осы. Қазір біздің театрға келіп жатқан жастардың өнеріне өзім тәнтімін. Шетінен сегіз қырлы, бір сырлы. Солардың болашағынан үлкен үміт күтемін.
– Аса көрнекті режиссер, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов кезінде сіздің «жұлдызыңыз» жанды деп айтады?
– Енді «жұлдызым» жанды деп айту артықтау шығар, дегенмен Әзекеңнің біздің театрға келуі шығармашылық серпіліс әкеліп қана қойған жоқ, өнер ордасының тіршілігін қайта жандандырды. Әзекең Мәскеуде оқыған, тоқығаны мол, әкемтеатрда алыптармен жұмыс істеген. Қазақ театрына тың жаңалық әкеліп, батыл, ізденімпаз, суреткер екенін танытқан тұлға. Ол кісі театрға 1999 жылы көркемдік жетекші болып келді. Бір қарағанда, сұсты, тәкаппар көрінгенімен, жаны қылдай нәзік. Бір жағынан, актердің таланты ғана емес, сыртқы келбеті де әдемі болуы керек. Менің бойым орташа, көркім де сымбатты емес. Сонда да ол кісінің көзі маған түскеніне таңмын. Әзекең театрға келгесін режиссер, марқұм Қадыр Жетпісбаев бастап кеткен «Қыз Жібек» спектаклін қоюды қолға алды. Мен осы қойылымда Төлегеннің әкесі Базарбайды ойнадым. Күнде дайындық болады. Ол кісі актерлердің ойынын қарап, зер салып отырады. Көп сөйлемейді. Бір кезде Базарбайдың баласы Төлегенмен ұстасып қалатын жері бар, осы көріністе Әзекең мені таныды. Сосын сахнаға шығып бір-екі кеңес берді. Сонда өз кейіпкерімнің образын ашудағы ізденісімнің дұрыстығына көзім жетті. «Қыз Жібекті» жұртшылық өте жылы қабылдады.
Жалпы, театр сахнасында біраз жыл еңбек етіп жүрсем де «осы мен актермін бе?» деген ой мені жиі мазалайтын. Соны Әзекеңнің өзінен сұрап алғым келді. Егер ол кісінің пікірі дұрыс емес болса, басқа салаға ауысайын деген шешімге келіп, бір күні оған кірдім.
– Не шаруамен жүрсің? – деді.
– Әзеке, кешіріңіз, осы өнерде жүргеніме біраз жыл болды. Бірақ өзімнен-өзім «осы мен актермін бе, актер емеспін бе?» деп қуыстанып жүремін, бетіме айтыңызшы, егер сіз «актер емессің» десеңіз жөнімді табайын деген едім, дүңк ете қалды. «Ты дурак, сен актерсің. Кім айтты саған актер емессің деп. Бар жұмысыңды істе». Кетіп бара жатыр едім, тоқтатып алып: «Шыңғыс Айтматовты оқыдың ба, жақында оның «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін қоямын, саған Едігені беремін, дайындал» деді. Содан Едіге рөліне дайындығымды бастап, жазушының «Боранды бекет» романын оқыдым. Едіге қарапайым теміржолшы болса да ой тұңғиығына үңіліп жүретін философ. Сондықтан оның бейнесін ашуға біраз күшімді салдым.Оған Әзекеңнің қосқан үлесі де мол болды. Премьера өте табысты өтіп, көрермен жақсы әсер алды. Одан кейін спектакльді Қарағандыға апарып қойдық. Сонда ол кісі маған «Сен Едігені ешқашан мұндай ойнаған жоқсың» деп ризашылығын білдірді. Тағы бірде Әзекең А.Чеховтың «Ваня ағай» спектаклін қоятын болды да, маған басты рөлдегі Ваня ағайды ұсынды. Және өзіне ассисент етіп алды. Бұл кейіпкерім менің есімнен кетпейтін бейне болып қалды. Одан соң Дель Мардың «Баянсыз бақ» қойылымын сахналады, онда да Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова екеуіміз басты рөлді сомдадық. «Қарагөз» спектаклін сахналағанда Сырымның әкесі Жабайды ойнауға берді. Бұл өзі кішкентай рөл болса да, көтерген жүгі ауыр болғандықтан барымды салдым. Кейіпкердің өз баласын жамандыққа қимай, оның мойнындағы арқанды өз мойнына орап алады. Бұл менің ізденісім еді. Әзекең соны байқапты. Дайындық аяқталғасын, оны талқылап отырғанда: «Жабай өзі кішкентай рөл болса да Ибраев одан образ шығарды» деді бірауыз сөзбен. Осыған кәдімгідей ішім жылып қалды. Әріптесім Асылболат Смағұлов: «Әзекең саған риза болды ғой» деп қолымды алды. Шын мәнінде, ол сахналаған қойылымдардан Мәмбетовтің мәнері бірден байқалды. Ұлы режиссер сол туындыларымен Қаллеки театрының даңқын асырып қана қойған жоқ, актерлердің ой-өрісін, ізденісін, талантын даралады. Өнер жолымда Әзірбайжан Мәмбетов секілді біртуар тұлғамен әріптес болып, сол кісінің сенімін ақтағанымды өмірімдегі бір бақытым деп бағалаймын. Кейде өзіңмен өзің оңаша қалғанда Әзекең секілді алыпты ойыма алсам, көңілім босайды.
– Актер жауапкершілігі дегенді қалай түсінесіз?
– Жауапкершілік деген үлкен сөз. Өмірдегі әрбір адамның Отан, отбасы, ата-ана алдындағы жауапкершілігі секілді әр мамандыққа тән де жауапкершілік болады. Әсіресе соның ішінде өнер иесіне жүктелген жауапкершіліктің салмағы оңай емес. Ұлағатты ұстазымыз Шолпан Жандарбекова оқуға түскенде: «Балалар актерліктің қызығы мен шыжығы көп. Өнер жолы – өте ауыр. Өйткені сол жолда түрлі бақталастықты да, қызғанышты да көресіздер. Қиындық да кездеседі. Сондықтан өнерге жеңіл қарауға болмайды. Халықтан үлкен ешкім жоқ, көрермен алдында өздеріңді қарапайым ұстаңдар» деп үнемі айтатын. Шынында актерлік мамандықтың қиын екендігін өзімнің басымнан өткесін білемін. Басқа мамандық иелері сегіз сағат жұмыс істесе, біздің миымыз бен жүрегіміз 24 сағат тоқтаусыз дамыл таппайды. Біз соған үйренгенбіз. Өйткені кейіпкеріміздің образын көрермен көңілінен шығатындай сомдау үшін, күндіз-түні ізденіп, ой үстінде жүреміз. Егер актер өз мамандығына атүсті қараса, ол өзі үшін де, өнер үшін де, ең ақыры көрермен үшін де трагедия. Өнерге жан-тәніммен берілгенде ғана бір нәтижеге қол жеткізесіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»