Президент • 21 Қыркүйек, 2022

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді

6107 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын.

2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президент сайлауында ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

4. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін уақытында жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», делінген құжатта.