Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тілдің мәртебесін арттыруды мақсат еткен жиын ел тәуелсіздігі жолында күрескен ұлт зиялылары мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастауында тұрған академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының орасан зор еңбегін еске алып, рухына тағзым етіп, Құран бағыштаумен басталды.
ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдығы аталып отырған Ахмет Байтұрсынұлының тіл мәртебесі жолындағы күресі, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз» деп кемеңгерлікпен айтқаны бүгінгі қоғамда өзектілігін жойған жоқ. Ұлт көсемдерінің ел мұраты жолындағы ісін жалғастыру мақсатында өткен жылы қараша айында Түркістан қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI Құрылтайы өткен болатын. Жиын модераторы, төрағаның орынбасары Мұхтархан Абаған осы орайда Құрылтайда қабылданған шешімдер, алға қойған мақсаттар күні бүгін қалай іске асуда әрі нақты іске көшудің механизмдері қандай?» деген сауал тастай отырып, баяндамашыларға сөз кезегін ұсынды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласы бойынша төрағасы Құсман Шалабаев ана тілімізді ардақтап, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тұғырына қондыру мәселесінің әлі күнге өзекті болып отырғанын жеткізді. «Қазіргі кезде VI Құрылтайда көтерілген маңызды міндеттерді іске асыру үшін өңірлер бойынша тығыз әріптестікте жұмыс атқарылуда. Осы орайда елімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің тіліне, діліне, салт-дәстүріне құрметпен қарай отырып, мемлекеттік тілді дәріптеу баршамызға ортақ міндет болуға тиіс. Сонда ғана мерейтойы халықаралық деңгейде тойланып жатқан ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының тіл мәртебесін арттыру жолындағы ерен еңбегінің нәтижесін көреміз», деді Қ.Шалабаев.
Тілдің қолданыс аясын кеңейту кейінгі отыз жылда қоғамды толғандырып отырған басты мәселеге айналды. Бұл бағытта түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Дегенмен істің нәтижесіз болуынан бұл тақырып әлі күнге пікірталас деңгейінде қалып отыр. Осы орайда жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай үндеу қабылдаумен қатар, қолданыстағы тіл туралы заңды қайта қарау қажеттігін ұсынды. Ал тіл зор сұранысқа ие болу үшін балабақша, бастауыш сыныптағы балалар ұлтына қарамай, қазақ тілінде білім алуға тиіс екенін атап өтті. Бұл пікірге қолдау білдірген профессор Ғарифолла Әнес ұлт ұстазының еңбектері хақында ой қозғап, «Елімізде бастауыш мектеп қазақ тілінде оқытылмай, қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды. Ол үшін мектептер тек мемлекеттік тілде оқытылуы қажет. Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бізге қалдырған аманаты», деді.
«Конституциядағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деген 7-баптың «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген 2-тармағын қайта қарастыру қажеттігін ұсынған жазушы-публицист Марат Тоқашбаев басты құжаттағы мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың аражігін ажыратып алу мәселесін ұсынды.
Алқалы жиында көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа тілдің мәртебесін көтерудегі еңбегі үшін құрмет көрсетіліп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қаласы бойынша төрағасы Құсман Шалабаев «Қазақ тілі» медалін табыс етті. Өз кезегінде М.Шаханов тіл тұғырына қону үшін тек шынайы пікірлер мен ақиқат айтылуы қажет екенін жеткізді.
Жиын барысында сонымен қатар қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, қалалық Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет тағы да басқа тіл жанашырлары тәрбие ошақтары қазақшаланғанда ғана тілдің қолдану аясы кеңейіп, мәртебесі артады деген пікірге қолдау білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, ғылым-білім, қаржы, медицина, жарнама саласында, әлеуметтік желілерде, ғаламтордағы қазақша контенттер мен өзге де маңызды салалардағы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту туралы ұсыныстарымен бөлісті.
АЛМАТЫ