Спорт • 26 Қыркүйек, 2022

«Кіші әлем чемпионаты» деп аталған турнир

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесін сарапқа салған қазақ күресі турнирі биыл Сайрам ауданының Ақсукент ауылын­да өтті. Осындағы орталық дендросаябақта ұйымдас­тырылған додаға Түркістан облысының түкпір-түкпірінен құрамында 130-ға жуық спортшы бар 20 команда қатысты.

«Кіші әлем чемпионаты» деп аталған турнир

Аталған турнирдің жөні бөлек, жосығы ерек. Олай деуімізге бір себеп – елiмiзде қазақ күресiнен тарихы терең мұндай жарыс жоқ. Баспасөзде ұлттық спорттың насихатталуы заңды делік. Ал оны насихаттаумен қатар балуандардың бабын сынайтын, мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік берумен бірге ынталандыратын, спорт­шы­лардың рухын көтеретін, жас­тардың қазақ күресіне қызы­ғушылығын арттыратын жарыс өткізу өнегелі де өрелі іс. Яғни қазақ күресiнiң бүгінде халық­аралық деңгейде танылуына өзін­дік үлес қосқандардың көш басында «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң ұжымы тұр.

Басылым тарихы жазылған деректерге жүгінсек, қылышынан қан тамған кеңестiк жүйе кезеңiнде, яғни 1958 жылы қазақ күресiнен жарыс өткiзген. Ал турнир тарихын зерделеген әріптестеріміз 1958 жылы Шымкентте «Оңтүстiк Қазақ­станның» турнирi алғаш рет ұйымдастырылғанын айтады. Сол кездегi ұжым баспасөз күнi құрметiне жарыс өткiзу туралы газет редакторы Мәди Бай­тұрсыновқа ұсыныс жасайды. Кейiн ұжым болып ақылдасып, қазақша күрестен жарыс өткiзу ұйғарылған. Осыдан кейiн де дәстүрлi турнир үзiлген жоқ. Қай­та қанатын кеңге жая түстi. Ал 1993 жылы үнемi Шымкентте өтетiн жарыс Ордабасы ауданында ұйым­дастырылған. Бұл үрдіс 2006 жылдан бері жалғасын тауып, турнир аудандарда өткізіліп келеді.

«Бұл турнир уақтысында қазақ күресінен «кіші әлем чемпионаты» деп аталған. Ол кезде қазақ күресінен бұдан басқа бірде-бір турнир жоқ болатын. Ұлттық күрестен қазір ұйымдастырылып жүрген барлық жарыстың із­ашары – осы сіздер куә болып отыр­­ған жарыс. Яғни біз тағы бір тарихи сәттің куәсі болайын деп тұрмыз», деді «Оңтүстік Қа­­зақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан тур­нирдің ашылуында. Иә, биыл облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған тур­­нирдің өткізіле бастағанына 64 жыл толып, осымен 59-рет ұйым­дастырылып отыр. Яғни ке­шегі жарыс жеңімпаздары мен жүл­дегерлерінің есімі турнир тарихында қалары анық.

Жарыстың ашылу салтанатында Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қазір елімізде қазақ күресінен «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» додалары мен әлем, құрлық чемпионаттары өткізіліп, ұлттық спор­­тымыз халықаралық дең­гейге көтерілгенін, ал осындай жетістіктерде қара шаңырақ басылым «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен осы басылым турнирінің үлесі мол екенін атап өтті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев турнирдің тарихы тереңде екеніне тоқталып, шын мықтылар жеңіске жете берсін деген лебізін білдірді. Алты салмақ дәрежесі бойынша тартыс­ты өткен турнир нәтижесінде, әсі­ресе жас таланттар биіктен көрінді. Ал командалық есепте Түркістан қаласының командасы топ жарды. Екінші орынға Сауран ауданының, үшінші орынға Шар­дара ауданының балуандары көтерілді. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпаз және жүлдегерге диплом, медаль, Алғысхат және ақ­шалай сыйлықтар табыс етілді.

Әрине, жарыстың шарықтау шегі де, жұрттың асыға күтетіні де түйе балуандар сайысы. Турнир тарихына көз жүгiртсек, «түйе балуандар» сайысы ең алғаш рет 1961 жылы өткізілген екен. Ол кезде алып балуандар сайысы абсолюттi салмақ дәрежесiндегi жарыс деп аталыпты. Оған соңғы төрт ауыр салмақ дәрежесiнде топ жарған 4 жеңiмпаз ғана қатысқан. Бүгінде қатысушылар саны да, балуандарды ынталандыру жолы да өзгерген. Яғни 2007 жылы жарыс тарихында тұңғыш рет «темiр тұлпар» тiгiліп, доданың бәсі арта түсті. Кешегі турнирде «түйе балуан» бәсекесіне 31 балуа­н қатысты. Ақтық сында боз кілемде түркістандық балуандар күш сынасып, Тоқтарбек Ай­дарбек жеңімпаз атанды. Сөй­тіп, «Оңтүстік Қазақстан» газе­тінің жүлдесіне арналған 2022 жылғы турнирдің «түйе балуаны» атанды. Жеңімпазға «темір тұл­пардың» кілті тапсырылды. Ал Бейбарыс Әбдіғани екінші орынды иеленсе, үшінші орын үшін белдесуде шардаралық Қайсар Шамшиддинов қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнирді келесі жылы Төлеби ауданы өткі­зетін болды. Төлеби ауданы әкі­мінің орынбасары Сержан Дүйсе­баев жарыс эстафетасын сай­рамдықтардан қабылдап алды.

Айта кетелік, бұған дейін Кен­тау қаласында өткен турнирде 80 спортшы, ал Келес ауданында өткен жарыста 120 спортшы бақ сынаған болатын. Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан 17 команда сынға түскен-ді. Биыл­­ғы Сайрамдағы жарысқа 20 команда, 130 балуан қатысты. Яғни бағы мен бабын сынаған балуан­дардың саны өскені турнирге деген қызығушылықтың артқанын білдіреді.

 

Түркістан облысы