Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан көмек сұрай келген Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруалары осылай деп отыр. Облыс орталығына арнайы келген диқандар бұған дейін әкімдік «ақ алтынның» тоннасы 374 мың теңгеден қабылданады дегенімен, жекеменшік мақта қабылдау зауыттары тоннасын 200 мың теңгеден асырмай отырғанын айтады. Облыс әкімдігіне келген диқандардың талабы жалғыз – мақта бағасын көтеру қажет. «Зауыттың директорлары 200 мың, әрі кеткенде 250 мың теңге деп жатыр. Аудан әкімі шеше алмайды, зауыттың директорлары да шеше алмаймыз дейді. Қайта бізге бұдан да сорақы бағаны айтып жіберіп жатыр. Дизель отыны, барлығы көтерілді. Бірақ біздің мақта солармен бірге неге көтерілмейді?» дейді диқандардың бірі Төрехан Нұрлыбеков.
Биыл мақта алқабы өткен жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға артқан. Алайда бұған дейін мақтаны алып жүрген шетелдіктерден биыл сұраныс жоқ көрінеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанбеков санкцияға және логистика қым-
баттағанына байланысты мақтаға сұраныс азайғанын айтады.
«Мақтаның бағасын сырттан келетін трейдерлік компаниялар қояды, бізде тоқыма зауыттары аз. Яғни Ливерпуль биржасында баға белгіленгенімен, трейдерлік компаниялар мақтаны әлдеқайда тиімді жолмен алуды жөн көреді. Ресейге санкция салынғаннан кейін Молдова, Латвия сияқты елдер тасымал бағасын қымбатсынып отыр. Бұл жағдай қыркүйек айының соңына таман шешілуі мүмкін», дейді сала басшылары.
Мақта мәселесіне қатысты, яғни диқандардың талабын жеткізу үшін облыс әкімі өңірдегі мақта өңдеу зауыттары басшыларымен және халықаралық трейдерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында мақта шаруашылығындағы өзекті мәселелер талқыланып, облыс әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныстар айтылды. Халықтың уәжін жеткізген облыс әкімі зауыт басшыларына бірқатар талап қойды.
«Сіздермен маңызды мәселені талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Шаруалармен кездесуімде олар мақта шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселені ортаға салды. Бірден айтайын, біз – халық жағындамыз. Мен халықтың уәжімен келісемін. Сіздерді түсінеміз. Дегенмен халықтың жағдайын ойласаңыздар. Шаруалар бейнетпен өсірілген ақ алтын бағасының төмендетілуімен келіспей отыр. Мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханалардың мақта сапасын қасақана түсіруі секілді жағдайларға жол берілмеуі керек. Жалпы, сіздерді мақтаны тазалап, сатумен ғана емес, қайта өңдеумен айналысуға шақырар едім. Тігін фабрикалары ашылса, көп мәселе шешіледі. Шаруаларға да тиімді, ішкі нарық артады. Жұмыс орындары да ашылады. Осы істі қолға алсаңыздар, біз қолдауға дайынбыз», деді Д.Сатыбалды.
Кездесу нәтижесінде шитті мақтаның бір тоннасына шаруаларға 250 мың теңгеден алдын ала төлем жасалатыны айтылды. Ал соңғы баға биржаға байланысты болмақ. Айта кетелік, шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді, Ливерпуль биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Өңірде 21 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеті бар. Бүгінде өндіруші компаниялар тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен жұмыс істейді. Ал трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады.
Облыс әкімімен кездесуде мақта зауыттарының басшылары дәл қазіргі кезде сұраныстың жоқтығын алға тартып, баға мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді. Жалпы облыста биыл 125 мың гектардан астам алқапқа мақта егілген. Бұл жалпы егістіктің – 15%-ы. Шитті мақтаның гектарынан 26,2 центнерден, жалпы 330 мың тоннадан астам мақта жиналады деп болжанып отыр. Бүгінде облыста 16 мың тонна мақта жиналды. Бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылым еңбек етеді. Былтыр шитті мақтаның тоннасы орташа 320-380 мың теңгеден қабылданып, Ресей, Қытай, Түркия, Латвия, Молдова, Беларусь, Германия, Бельгия елдеріне 68 мың тонна мақта талшығы экспортталған. Ал қалған 19 мың тонна мақта талшығы ішкі нарықта сатылған.
Түркістан облысы