Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2022

Қоқыс ортасында қалған елді мекен

670 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоқыс қай жақта да бар. Бірақ Байзақ ауданындағы ағайын қолқаны қапқан иістен әбден зәрезап болған. Өртенген қоқыстан шыққан түтінге тұншыққан халықтың жергілікті атқарушы билікке деген өкпесі қара қазандай. «Қусақ-2» ауылының тұрғындары 13 гектар аумақты алып жатқан қоқыс полигонынан қашып келген қаңғыбас иттерден де шаршағанын айтады.

Қоқыс ортасында қалған елді мекен

Жергілікті халықтың талабы да түсінікті. Олар қоқыс полигонын біз­ден аулақтатса дегенді алға тартады. Деректерге сенсек, мұнда жы­­лына 8 тонна қоқыс жиналады екен. Ал жиналған өндірістік қал­дық­тар өртенген кезде маңайдағы ауылға иісі желмен жедел жетеді. Өз кезегінде жағымсыз ауаны жұтуға мәжбүр бол­ған халық түтін иісі ден­сау­лық­қа кері әсер ететінін жасырмайды. Бір сөзбен айтқанда, қоқыстың құрсауында қал­ған қусақтықтардың мәселесі күннен күн­ге күрделеніп барады.

«Біздің ауылмен ешкімнің шаруа­сы жоқ. Өз басым демікпе ауруына шалдыққанмын. Дәрінің көмегімен жүрген адаммын. Қоқыстың иісі бізді әбден ауру қылып бітті. «Жағдайларың қалай?» деп сұрайтын ешқандай құзырлы органды көрген жоқпыз. Ал кешқұрым кәнігі «құдаларымыз» се­кіл­ді қаңғыбас иттер қаптап келеді. Олар ауламызға кіріп кетеді. Қысқасы, 40 үй­дің тұрғыны сол иесіз иттерді кү­тіп аламыз. Ал мына иіс деген әбден ты­ны­сымызды тарылтып бітті», дейді ауыл тұрғыны Шырынкүл Ерден­бе­то­ва жағдайды түсіндіріп.

Осылайша, Байзақ ауданына қа­рас­ты шағын ауыл тұрғындары қо­қыстан қалай құтылатынын білмей шағым айтып отыр. Жергілікті жұртшылық балаларының аллергиялық ауруларға шалдыға бастағанын да жасырмады.

«Қоқыс мәселесін айта-айта шар­ша­дық. Балалардың денесінде жара пайда бола бастады. Жел тұрған күні қарасаң, демалу былай тұрсын, бір-бірі­мізді табуымыз бен тануы­мыз мұңға айналып кетеді. Бұл мәселені қа­шанғы көтеретінімізді кім білсін?! Нақты қай кезде дұрыс шешілетінін де білмей дал болып отырмыз» дей­ді ашуға булыққан ауыл тұрғыны Пернегүл Тұрлыбаева.

Тараз қаласының іргесінде орна­ласқан Байзақ ауданындағы «Қусақ-2» елді мекенінің тұрғындары әзірге тү­тінге тұншыққаны тұншыққан секіл­ді. Өйт­кені бұл өткір мәселе жуық арада ше­шіле қоятынға ұқсамайды.

Мәселенің мән-жайын түсіндірмек болған тұрмыстық қатты қалдықтарды қабы­лдау орнының басшысы Әбді­сейіт Момбаев: «Біз өртті шамамыз кел­генше сөндіреміз. Алайда өрт то­лық өшеді деп айту қиын. Өйткені оның тереңдігі бірнеше метрге дейін же­теді», дейді.

Шағын ауылдағы 40 үйдің халқы қалай болған күнде де қолқаны қаба­тын жағымсыз иістен қалай болса да құ­тыл­ғысы келеді. Сол үшін де «Қусақ-2» елді мекенін қоқыс зардабы­нан құтқарыңыздар», деп дабыл қа­ғып отыр. Бірақ жергілікті билік өкілдері бұл мәселе оңынан шешілуі үшін біраз уақыт керек екенін айтады. Осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасарына хабарласып, халықтың қалауы қашан орындалатынын сұраған едік.

«Қоқыс мәселесімен айналыса­тын жекеменшік компания бұл жерді 25 жылға жалға алған. Сондықтан бұл мә­селе қазіргі таңда жан-жақты қарас­ты­рылып жатыр. Алда қыс келе жатыр. Өрт енді басылды. Оларға дәл қазір жер берген күннің өзінде қоқыспен бірге көшіп кете алмайды. Алайда жер беру мәселесі назарымыздан тыс қалған емес. Халықтың талабын түсі­­неміз. Алайда қусақтықтардың мә­­селесі нақты мына күні шешімін табады деп қолмен қойғандай айта алмаймыз. Жекеменшік компания айтарлықтай табыс таппаған соң кетуге де бел буған еді. Өзекті мәселені ал­дағы уақытта толық шешу жо­лында жұмыс жүргізіледі», дейді жағдайды түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов.

Соған қарағанда «Қусақ-2» елді мекенінің тұрғындарына әлі біраз уақыт жағымсыз иіске төзуіне тура келетін секілді. Әрине, қыста өрттің тұтана қоюы екіталай. Алайда келер жаз қусақтықтар қоқыстан шыққан түтінге қайта тұншықса, бұл мәселе тым күрделене түсері түсінікті.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы