Медицина • 28 Қыркүйек, 2022

Қарашада тұмаудың үш штаммы таралуы мүмкін

493 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова ОКҚ брифингінде Қазақстандағы тұмаудың штаммдары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарашада тұмаудың үш штаммы таралуы мүмкін

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, елде жыл сайын тұмау вирусының айналымы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады.

«ДДҰ мәліметтері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда вирустың үш штаммы өзекті болады, олар A (H1N1), A (H3N2) және B», деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Ол өткен жылы ЖРВИ-мен 3,9 млн адам ауырғанын және 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда республика бойынша сырқаттану 1,3 есе өскенін айтты. Өсім Қарағанды облысын қоспағанда, барлық өңірлерде байқалды. Науқастардың 80%-ы балалар мен жасөспірімдерге тиесілі.

«Сонымен қатар жыл сайын айналымдағы штаммдар өзгеріп отыратыны байқалды. Өткен маусымда тұмау вирусының 2 штаммы – A (H3N2) және B айналымда болды, барлығы 915 тұмау жағдайы анықталды, жүйелеу нәтижелері бойынша штаммдар вакциналық штаммдарға сәйкес келді», деп қосты вице-министр. 

Қазақстанда тұмаудан бөлек басқа да вирустар анықталды. Өткен маусымда барлығы 10 мыңнан астам үлгі зерттелді, олардың ішінде риновирус, МС вирусы, аденовирустық инфекция, парагрипп, метапневмовирус, бокавирустық инфекция анықталды.

Бас санитарлық дәрігер аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі вакцинация екенін атап өтті.