– Азамат, сен күні кеше ғана жер-жаһанның ең белді балуандары бас қосқан байрақты бәсекеде қола медаль иеленіп, барша қазақ жанкүйерлерін қуанттың. Жүлде құтты болсын! Әуелі Белградтың бозкілеміндегі белдесулерің қалай өрбігені жайында әңгімелеп берсең.
– Белградта барлығы бес кездесу өткіздім. Алғашқы айналымда Панамерика ойындарының жеңімпазы, сол құрлықтың үш дүркін чемпионы, кубалық Юрьески Торребланкадан бір ғана ұпай айырмашылығымен басым түстім. Келесі кездесуді Испания туының астында өнер көрсеткен осетин жігіті, Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Таймураз Фриевпен өткіздім. Оны 4:2 есебімен жеңдім. Ширек финалда Майлс Назем Аминмен күрестім. Сан-Мариноның сапында өнер көрсетіп жүрген спортшының АҚШ-та туып-өсіп, сол елде жаттығатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Аминнің Токио Олимпиадасы мен Минскідегі Еуропа ойындарының қола жүлдегері деген атақтары бар. Еуропа чемпионатында бір мәрте финалда күрессе, тағы бір рет үздік үштіктің қатарынан көрінді. Оны 9:1 есебімен ойсырата жеңдім. Содан кейін АҚШ-тың атақты балуаны Дэвид Тэйлормен күш сынастым...
– Осы белдесуге кеңірек тоқтала кетсең. Бастапқы белдесулерінде Тэйлор италиялық Арон Канева мен Пуэрто-Риканың өкілі Итан Рамосты айқын басымдықпен жеңді. Осы жағдай саған кері әсер етті ме, әйтеуір жартылай финалда өзіңе тән күресе алмадың ғой?
– Қарсыласым әккі спортшы болды. Тегін адамның Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Панамерика біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы атанбайтыны анық. Дэвид шыққан бетте қарсыласын бірден қыспаққа алып, мүлдем бас көтертпей қимылдауға дағдыланған. Сол себепті де бірінші кезеңде оның жойқын шабуылдарына төтеп беруге барынша күш салдым. Ол жоспарым жүзеге асты. Өйткені сол аралықта америкалық бір ұпай ғана озды. Үзілістен кейін Тэйлордың қарқыны бәсеңдейді деп ойлап, сол кезде қарымта шабуылға көшуді көздедім. Бірақ мұным бекер екен. Екінші кезеңде АҚШ-тың балуаны қарқынын одан әрі күшейте түсті. Шыны керек, оның осы тегеурініне төтеп бере алмадым.
– Есесіне қола медаль үшін белдесуде Пуэрто-Рико өкілінің тас-талқанын шығардың. Сол балуанмен бұрын-соңды жолың қиысқан ба еді?
– Итан Рамос өз құрлығындағы үздік балуандар қатарында. Десек те былтыр Ослода өткен әлем чемпионатының жұбаныш белдесуінде мен оны айқын басымдықпен ұтқан едім. Соның әсері болса керек, пуэрториколық бұл жолы да жарытып қарсылық көрсете алмады. Бәсеке қызған тұста Рамос аяғыма өтуге ұмтылды. Мен осы сәтті оңтайлы пайдаланып, оны жығып алдым да, кілемнің үстінде әбден иледім. Есеп 10:0-ге жеткенде төреші белдесуді тоқтатты.
– Қола медаль иеленгенде бір марқайып қалған шығарсың?
– Әрине, қатты қуандым. Осы спорт түрін серік еткелі бері төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста жеңіс тұғырына көтерілуді армандап келемін. Сол үшін еңбектендік, тер төктік. Сол еңбегімнің зая кетпегеніне қуандым.
– Бұған дейін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қанша рет қатысқан едің?
– Екі рет қатыстым. 2017 жылы Париждегі жарыстың алғашқы айналымында Иранның даңқты балуаны Хасан Язданиге есе жібердім. Оның финалға шығуының арқасында жұбаныш белдесуінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болдым. Бірақ ол тартыста да жолым болмады. Былтыр Ослода бесінші орынға табан тіредім. Сол сайыста да Яздани сан соқтырып кетті. Ал үшінші орын үшін бәсекеде Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, ресейлік Артур Найфоновтан жеңілдім.
– Белградтағы әлемдік доданың қола медалі әзірге сенің спорттық мансабыңдағы ең ірі жеңісің екені сөзсіз. Ал оған дейін қандай жарыстарда атой салған едің?
– Елішілік жарыстарда дараланғаннан кейін халықаралық аренада өнер көрсете бастадым. 2011 жылы Мажарстанда өткен жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қола медаль иелендім. 2014 жылы Хорватиядағы жастар арасындағы дүниежүзілік доданы үшінші орынмен қорытындыладым. 2017 жылы Польшада ұйымдастырылған 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында да дәл сол межеден көріндім. Сол жылы Нью-Делиде жалауы желбірген ересектердің Азия чемпионатында күміс медальды мойныма ілдім. Аталған жарыстың ақтық сайысында әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, үш дүркін Азия чемпионы ирандық Алиреза Каримиге әлім жетпеді. 2018 жылы Бішкекте қолаға қол создым. Ал биыл Моңғолияда өткен сары құрлықтың басты додасының ақтық сынында Үндістан мақтанышы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дипак Пунияны сан соқтырып, бас жүлдені қанжығама байладым.
– Байқап отырсам, осыған дейінгі дүбірлі додалардың біразында сен Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері, ирандық Хасан Язданиге есе жіберген екенсің. Осы жолы америкалық Дэвид Тэйлордан жеңілдің. Дәл осы апайтөстер 86 кило салмақта бақ сынайтын балуандардың бәрін ұтып, ең мәртебелі жарыстардың бас жүлдесін өзара сарапқа салып жүр. Сонда оларға ешкімнің әлі жетпей ме?
– Дәл қазіргі кезде екеуінің дәурені жүріп тұр. Мәртебесі жоғары жарыстардың финалында Тэйлор мен Язданидің жолдары үнемі қиысады. Бұл балуандардың артықшылығы жайында айтар болсақ, екеуі де аса жоғары қарқында күреседі. Белдесудің басынан аяғына дейін қарқындарын бір бәсеңдетпейді. Қарсы беттегі балуандарға дамылдауға, тіпті ойлануға да мұрша бермейді. Бұл олардың функционалдық даярлықтары өте жоғары деңгейде екенін аңғартады. Өзге балуандар осы жағынан ақсап тұр. Бұл әңгіме қазақтың балуандарына да қатысты. Егер біз сол олқылықтың орнын толтырсақ, Тэйлормен де, Язданимен де тең дәрежеде айқасуға болады.
– Айтқандай-ақ, бұл жолы да олардың жолдары финалда қиысты. Сен кім жеңеді деп ойладың?
– АҚШ-тың апайтөсімен өзім күрескендіктен, оның осы жарысқа керемет бабында келгенін анық байқадым. Сол себепті де Тэйлордың жеңетініне еш күмәнім болған жоқ.
– Азамат, 2015 жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатының шешуші тұсында сен Әділет Даулынбаев пен Аслан Кахидзе секілді сақа спортшыларды сан соқтырып, алғаш рет ересектер дуында дараланған едің. Содан кейін аталған жарыста тағы төрт мәрте топ жардың. Солай бола тұра, Олимпия ойындарына бірде-бір рет жолың түспеген екен. Неге?
– Менің екі Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігім болды. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы ойындар қарсаңында Қазақстан чемпионатында топ жардым. Бірақ түсініксіз себептермен Бразилияға бара алмадым. Былтыр Токио Олимпиадасы қарсаңында мойын омыртқам тайып кетіп, көп уақытымды ем-домға жұмсадым. Осындай қиындықтарға қарамастан, төртжылдықтың басты додасына жолдама алу үшін барымды салдым. Осы орайда, маған сенім артқан ұлттық құрама бапкерлеріне де зор ризашылығымды білдіремін. Обалы не керек, олар мені екі бірдей лицензиялық турнирге қатыстырды. Бірақ ауруды басатын дәрілердің көмегіне жүгінсем де, одан қайыр болмады. Қолда тұрған сәттерде жеңісті қарсыластарыма беріп қойып, өкініп қалдым. Осылайша, әзірге маған Олимпия ойындарына қатысу бақыты бұйырған жоқ.
– Өзің жайлы біраз мағлұмат бере кетсең, яғни күрестің әліппесін қайдан үйрендің, алғашқы ұстаздарың кім, қай жерде жаттықтың дегендей.
– Мен 1994 жылдың 15 наурызында Семей қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Бала кезімнен зерек болған соң ағаларым мені өздерімен ертіп, күрес үйірмесіне апарды. Олар дзюдомен айналысқанымды қалады. Ал менің аңсарым еркін күреске ауды. Алғашқы ұстазым – Тоғайбек Керебаев. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін Төлеген Дүйсенбаев пен Мейірбек Байжановтың қол астында жаттықтым. Тырнақалды табыстарым жаман болған жоқ. Семейде жаттығып жүрген кезде өз қатарластарымның арасында ел чемпионы атанып, Азия біріншілігінің күміс медалін мойныма ілдім. Орта мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына грантқа оқуға түстім. Сол қалада өткен жарыстардың бірінде танымал бапкер Руслан Өмірәлиевтің назарына іліктім. Ол кісі мені республикалық спорт колледжіне оқуға шақыртты. Әлі есімде, академияға құжаттарымды алуға барғанымда, ұстаздарым: «Сен не істеп жүргеніңді білесің бе? Атағы дардай академияны колледжге алмастырған адамды бірінші рет көріп отырмыз», деп бастарын шайқаған еді. Мен райымнан қайтпадым. Сол колледждің қабырғасында жүріп, шеберлігім әбден шыңдалды. Ең бастысы, еш алаңсыз жаттығуыма қолайлы жағдай жасалып, халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізе бастадым. Менің мықты спортшы болып қалыптасуыма Аслан Байғұлов сынды жаттықтырушының да сіңірген еңбегі зор екенін айта кеткім келеді. Ал академия ешқайда қашқан жоқ. Кейіннен тек ол жерде ғана емес, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де білім алдым. Қазір Алматыда білікті бапкер Ролан Көксегеновтің қол астында жаттығамын.
– Бұл күндері барша қазақ жанкүйерлері осындай байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілген әр балуанның жолына үлкен үмітпен қарайды. Өйткені күрестің осы түрін серік еткен жерлестеріміздің бірде-біреуі әлі күнге дейін Олимпия ойындарының жеңімпазы немесе әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізе алған жоқ. Осы жағдай сені ойландыра ма?
– Әрине, ойландырады. Талай жыл бойы қазақ балуандарының осы белестерді бағындыра алмай жүргеніне мен де күйінемін. Байыптап қарасақ, жауапты жарыстарда жерлестеріміз көбіне-көп Иран, АҚШ және Ресей балуандарынан ұтылып жүргенін аңғарамыз. Шыны керек, олардың өнеріне тамсанбау мүмкін емес. Келеді де күреседі, қарсы келгендерін жығады, жүлделерді «күреп алып» кетіп жатады. Америкалықтардың немесе Парсы елі өкілдері мен Қап тауы қырандарының әбігерге салынып, бір нәрсеге қобалжып жүргендерін еш байқамайсыз. Бозкілемде де, оның сыртында да өздерін тым еркін сезінеді. Бір қарағанда, біздер де жап-жақсы дайындалып жүрген секілдіміз. Ештеңеден тарлық көріп жатқан жоқпыз. Бірақ байрақты бәсекелерде дәл солар секілді еркін көсіле алмаймыз. Соның салдарынан шешуші тұста жиі сүрінеміз. Осы орайда, барлық мәселе жаттығу жүйесіне келіп тірелетін шығар деп ойлаймын. Бәлкім, соны өзгерту керек шығар. Басқа ештеңе айта алмаймын. Ал жеке өзіме келетін болсам, келесі жылы бірнеше лицензиялық турнир өтеді. Сол жарыстарда табысты өнер көрсетіп, 2024 жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына жолдама алуды көздеймін.
– Әңгімеңе рахмет, Азамат. Келесі дүбірлі додаларда сені алтын тұғырдан көрейік!
– Рахмет, аға! Менің де көздегенім сол. Күні кеше ғана Белградта жеңіп алған қола медалім алдағы жарыстардағы жарқын жеңістерімнің алтын бастауы болсын деп тілеймін.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»