Қоғам • 29 Қыркүйек, 2022

Ақтөбе облысының тұрғынынан 950-ге жуық киік мүйізі тәркіленді

420 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан 900-ден астам киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының тұрғынынан 950-ге жуық киік мүйізі тәркіленді

Ақтөбе облысы полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп Самара-Шымкент тас жолында жедел іс-шаралар өткізу барысында ВАЗ-2110 автокөлігін тоқтатты. Көлікті 41 жастағы ер адам жүргізген, ал жолаушылар отыратын орында 61 жастағы ер адам болған.

Полицейлер көліктің жүксалғышынан киік мүйізі бар жеті қорапты тапты. Жолаушы қораптардың өзіне тиесілі екенін және оларды сатпақшы болғанын түсіндірді. Қораптарда 765 ақбөкен мүйізі болды.

Сонымен қатар ер адамның тұрғылықты жері бойынша тағы 184 ақбөкен мүйізі тәркіленді. Барлығы 949 мүйіз анықталды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339-1-бабы бірінші бөлігі «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аталған баптың санкциясы үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны не мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.