Әдебиет • 30 Қыркүйек, 2022

Парасат биігі

1036 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отаршылдық етігінің өкшесі арқаға батып, айды алақанмен жабуға ұмтылған қияс заманның кебі туған. 1868 жылы жарияланған «Жаңа низам» туралы ережеден соң, әртүрлі бағытта ұлт жады мен рухын сөндіруге сыртқы күштер жұмсалды. Ахлағы мен әдебі бұлжымаған, «арым жанымның садағасы» деген қазақты «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» саясаты және діні мен діліне қойылған сан түрлі тосқауылдар арқылы күйрету науқаны басталды. Ұлт жаны талқыға түскен зауал уақытта Тәңірі қазаққа Әуезовтей елші жіберіпті.

Парасат биігі

Әуезов шығармаларының басты кредосы – ұлттың мұңы мен тақсіреті, жұрт қамы, азаттық туы. «Адамдық негіз әйелден» «Абай жолына» дейінгі қасиетті жолда жазу­шының талауға түскен тағдыры қуда­лау мен ащы сынға ұшыраса да күрескерлік рухын жоғалтпаған қат-қабат шиырлы соқ­пағынан елдік мұраттың табын көреміз. Мұхтар Әуезов шығармаларының біз таныған, танып-табына қол соққан екі қырын атар болсақ, бірі – суреткерлік те, бірі – ұлттық психологияның қалың боя­уы. Қайбір шығарманың ішіне енсеңіз де ну жынысқа кіріп, жыланға арбалған қарлығаштай қалт тұрып қалатын магиялық тылсым – суреткерліктен туса керек. Қалам­гер жазған қилы оқиға көз алдыңызда бірінен соң бірі көлбеп, экраннан көргендей санаңызға айқын елестеп отыратыны бар. Пайымы мен парасаты, ойлауы мен талдауы, кейіпкерлерінің соншалық шынайы бейнесі біршама уақытқа дейін ақыл-ойыңызды босата қоймайды. Мәселен, жазушының «Жетім» әңгімесін оқып отырып, орман ішінде Қасыммен бірге жүргендей кеудеңізді қорқыныш пен аяныш кеулейді.

«Түнгі тау, қара жартас алыстан пері­лер мекеніндей болып жарқ етіп, қайта қараң­ғылыққа батып жоғалады. Түн қараң­ғылығы жалт еткен жарықты тездетіп, жалмауыздай басып қалады. Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың күйе басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттері түндегі таудың қараңғы пәлелерін ішіне бүгіп жиып тұрғандай көрінеді... Тоғайда да қалың жапырақтың арасында қара бірдеңе жасырынып, әлденені күтіп тұрғандай. Әрбір түннің астынан қара түннің тұңғиық, суық, терең қара көздері мың сан болып қадалып қарап тұрғандай... Биік тау, мықты қара жартас, бұралған тоғай мен майысқан шалғын – барлығы да түн мезгілінде Қасымның көзіне жат болып кеткендей көрінеді. Тас қабақты, жұлдыз көзді, түндей қара түсті қара кемпір тау ішін құйындай құтырып, кезіп жүргендей». Сірә, бұл поэтикалық ойлаудың жарқын үлгісі, жойқын күші. Табиғаттың жымдасқан тұтас болмысын, оның қимылы мен ішкі динамикасын, аурасы мен түсін бұлжытпай беру – заңғар жазушыға ғана тән телегей дарын мен шексіз қуат.

Әлем әдебиетінде әйел тақырыбы, әйел сұлулығы мен сыры жайлы шығар­малар аз емес. Батыс өркениетінде ежелгі Аристофонның «Әйелдер айласы», «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдерінен» бастап, бергі Гюстав Флобердің «Бовари ханымы» мен Мопассанның «Томпышы» бізге мәлім. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесіндегі әйел бейнесі, әйел психология­сы терең суреткерлік, асқан зергерлікпен берілген. Жастай жесір қалып, жалғыз үміті Мұқашты алақанында әлдилеген Қарагөз сұлу амалсыз «жастық дүниесін көрге көмеді». Адам табиғатына жасырылған көзге көрінбес, көңілге ғана сезілер көркем сырларды жазушы тереңнен тартып оятып тартынбай суреттейді. Үйлесімділік заңы бұзылып, жалғыздық отына күйген Қарагөз «тасқындап келген сезімін тұсап, буады». «Жас әйелдің бұл тұл түндері көр азабындай қинау түні... Үй іші қараңғыланып, бұл төсекке жатқанда, әлдеқандай жыланша иірілген сезім толқындары тамыр-тамырын қуалап, өне бойын билеп кететін. Тіс-тістеніп шыдап, «құтылар ма екем» деп, дұға оқыса да, сол жыландар ауыр басып, ақырындап жылжып келіп, ақ төсіне оралып, ақ тамағынан сүйіп, барлық денесін шыдамынан айырып, ысытып, дірілдетіп жіберуші еді».

Әуезовтің ұлт тағдырына тікелей араша түсіп, қудалау көрген шығармаларының бірі – «Қилы заман». Шынында, кеңес өкі­метінің қылышына қан қатып тұрған шақта жазушының Жетісудағы Албан көте­рілісінің ақиқатын жазуы – нағыз ерлік­ке пара-пар. Отаршылдыққа қарсы дауыс көтерген отты сөздер шығарманың әр тұ­сында асқан батылдықпен көрініс тапқан. Жәмеңке, Ұзақ батыр, Тұрлықожалар қол бастап, қитұрқы саясаттың шеңгеліне тос­қауыл қояды. Көтерілісшілердің запы­ранға толы кекті сөзін жазушы бүркемей, бұқпантайламай ашық жазып, айқын көрсетеді. «Жерді алды, қонысты алды. Күн көріп отырған суды алды. Өз жерімізді өзімізге сатты, өгей баладай болдық. Әділмін деген патшаның бір сөзінде тұрмай, екі айтқанына ел көптен наразы болатын. Бүгін мына солдат деген сөзді шығарып, тағы жалған сөйледі. Бұл күнге шейін түзелер, оңдалар деп күтіп едік, енді түзелмейтініне көз жетті. Елдің шыдамын тауысты. Бұдан арыға шыдай алмаймыз». Мұның бәрі бодандық езгісінен рухы тұншығып, тәуелсіздікті, азаттықты көксеген заңғар жазушының өз үні, өз тілегі еді. Шығарманың соңында патша әскерлерінің зеңбірегінен жапа-тармағай қашып, қырылған көтерілісшілер жайын жазушы әсерлі, жүрегімен жылап, қансырап отырып суреттейді. Олардың шейіт, ақ екенін, «еркек тоқты – құрбандық» деп елі үшін жан берген жүрек батырлары, намыс ұлы екенін жазады. Ал ардан күсіп, патшаға сатылған тілмаш Оспанды бар жанымен жек көре, жер жебіріне жете әшкерелейді. «Осылардың жанынан жемтік жағалаған бұралқы иттей болып, ой, адамшылық бұралқысы – тілмаш өтті. ...Бұл елін сатып, құлқын қуып кетіп бара жатқан жүрісімен барлық істелген ірі істі былғағандай. Сол ниет жолында өлген ел азаматтарының сүйегін қорлағандай еді. Ішінде болымсыз ғана болса да, өмірінде бір-ақ рет болса да, азғантай қарсылық дауысы оянып, өзін-өзі ұялтатын, сөгетін сыншы дауыс шығуға керек еді. Қазір де керек десе, соның да белгісі көрінген жоқ», дейді жазушы ұлтын сатқан опасызға шамырқана, тістене тіл қатып.

Қаламгер шығармаларының бір шоғыры қазақ баласының қала мәдениетіне үйреніп, өміріне ене бастаған жаңалықтар мен өзгерістерді бейнелейді. «Сөніп-жану» әңгімесінде сол тұстағы оқыған қазақ жас­тарының дала мәдениеті мен қала мәде­ниетін қатар көріп, қазақ ішіндегі ескі­лік әдеттерді сынға алуы, жосықсыз, негіз­сіз мінездерге жаңаша баға беруі суреттеледі. Оянған сананың тар қапастан жарыққа, еңістен қияға ұмтылуы, оқыған және оқы­маған қазақтың арасы көрініс табады. Ал «Қорғансыздың күнінде» Ғазиза тағдыры арқылы қазақ қызының адам­шылық, ар құрбанына айналған өжет болмысын ашады.

Әуезов болмысы – ұсақ қиыршық көлеңкелерден ада, айбынды, ірі болмыс. Саяз құдыққа үңілмес сырбаз, сырғақ кеу­деге қонбас сыны бар болмыс. «Көркем өнердің міндеті – табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу». Жазушы өзі өмі­рін арнаған Абай өмірі, Абай тағдыры ар­қылы күллі қазақтың сырын ашып, жат жұрт­қа ұқсамас болмысымыздағы алуан қазы­наны әлемге жайды. Ақын Әбдіраштың Жарасқаны:

Көкірегін шабыт кернеп, шаттанып,

Шартарапқа сәуле шашып мақтанып,

Мұқаң өтті...

Мың ақынның міндетін,

Мыңқ етпестен жалғыз өзі атқарып, – депті.

Иә, Мұхтар Әуезов ұлт жанымен біте қайнасқан адамзат жыршысы, ақыл-ой алыбы. Парасат көсемі.