25 Мамыр, 2010

ЕШКІМ ДЕ, ЕШҚАШАН ДА ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

2761 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
22 мамыр жаңбырлы болды. Түнімен селдеткен жаңбыр жұртты да, өзін де шаршатып, сілелеп барып тоқтады. Табиғаттың тосын сыйына қарамастан, “Сарыағаш” гольф клубында “Sary Agash Open” ІІ турнирі өтті. Алматы, Астана мен Шымкент қалаларының мықты гольфшылары жиналған турнирге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жүз жылдығын ойлаған ел ұрпақ тәрбиелейді Гольф – шөбі біртегіс қыр­қыл­ған алаңқайдағы ұяшықтарға қолындағы асатаяқтарымен шағын шарды кіргізіп жүретін, дүниенің шаруасы пәруайымына кірмейтін ауқатты адамдардың ермегі сияқты көрінгенімен, жолы жағынан – бекзат өнер. 2016 жылы олимпия ойындары бағдарламасына кіретін гольф түбінде бүкілхалықтық ойындардың бірі болатын секілді. Ал емдік суы дүние жүзіндегі әйгілі курорттардағы арасан су­лары­нан бір мысқал кем түспейтін Сарыағаш шипажайларының жанында, қыздың бұрымындай Келес өзенінің бір сағасынан орын алған “Сарыағаш” гольф клубы бір есептен еліміз экономикасының қаншалықты қуаттылығын таны­тар­дай көрінеді. Өркениетті елдер мемлекетті бағалағанда осындай құндылықтарды да есепке алады. Кәсіби гольф ойыншысы, Ресей чемпионатының жеңімпазы, Алма­ты­дағы “Nurtau” гольф клубының ди­ректоры Константин Ливанов 92 гектар аумақты алып жатқан Сары­ағаш гольф алаңына жоғары баға берсе, Қазақстан гольф федера­ция­сы ұйымдастырған турнир өте қызғылықты, тартысты өтті. Жексенбі күні Елбасы Шым­кент қаласына келіп, “Даңқ” мемо­риалына гүл шоғын қойды. “Даңқ” мемориалы – Абай атындағы сая­бақтың мазмұнын арттырып қана тұрған жоқ, ол Ұлы Отан соғы­сында елі, жері үшін қан майданда шайқасқан жауынгерлердің ерлік баяны, жас ұрпақты Отанын шексіз сүюге үндейтін қасиетті орын. Оңтүстік Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңдай адам аттанған болса, солардың жар­­тысына жуығы туған жерге орал­мады. Оңтүстікқазақ­стан­дық­тар қатарынан 51 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сегіз адам Даңқ орденінің толық иегері атанды. Сондай-ақ, шардаралық соғыс ардагері М.Қал­мырзаевқа  Ұлы Жеңістің 60 жыл­­­­ды­ғына орай “Халық Қаһар­маны” атағы берілген болатын. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мере­кесін жоғары деңгейде атап өту үшін, ардагерлерді ардақтау мақ­сатында бүкіл кең-байтақ Отаны­мыздағыдай, Оңтүстік өңірінде де жан-жақты жұмыстар атқарылды. Облыс әкімдігінің 2010 жылғы 5 қаңтардағы қаулысымен “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысын­дағы Жеңістің 65 жылдығын мере­келеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары” бекі­тілді. Осы жоспарды жүзе­ге асыру қызу қолға алынды. Об­лыс­тық, аудандық және қалалық комиссиялар құрылып, нақтылы жұмыстар жүйелі және тынымсыз атқарылды. Облыс әкімі Асқар Мырзах­ме­тов­тің бастамасымен Шымкент қа­ласындағы Абай атын­дағы саябақта “Даңқ” мемориалы салынып, онда облыстан соғысқа аттанған 140 мыңға жуық майдан­гердің аты-жөні қастерленіп жазыл­ды. Осыншама есімдерді анықтау, енгізілмей қа­лып қойғандарды қосу, әрине, көп-көп күш-жігер мен ізденісті, ерін­бес еңбекті талап еткені түсінікті болса керек. “Даңқ” ме­мо­риалы ке­ше­нінің құрылысы бизнес­тің әлеу­меттік жауапкер­шілігі бағдар­ламасына сәйкес жүргізілді. Кешен құрамына Ұлы Отан соғы­сын­дағы Жеңіске арнал­ған бұрынғы ескерт­кіш және Ауған соғысында қаза тап­­қан боздақтарға орнатылған құл­­пы­тастар тізбегі күрделі жөн­де­ліп, үйлес­тіріле енгі­зілді. Мемо­риал­дың мән-маз­мұны­­на, айнала-төңірегінің көріктен­дірілуіне, жал­пы бір кездері талан-таражға түсіп кете жаздаған Абай саябағы­ның сапалы жөнделіп, сана­ларға сәуле шашыратып тұр­ғанына барша жұрт­шылық – ардагер­лер де, жас­тар да алғыс сезім­дерін білдіруде. Қазір облысымызда сұрапыл соғысқа қатысып, аман оралған 1412 ардагер, майданда қаза тапқан жауынгерлердің 87 жесірі, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің 1369 жесірі және 26 мыңнан астам тыл ардагері бар. Осылардың бәріне де жан-жақты қамқорлық көрсетілуде. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 27 ардагер тұрғын үймен қамтама­­сыз етілді. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаев пен Даңқ орденінің толық иегері Қарабай Қалтаев бар. 400-ден аса ардагердің тұрғын үйлері жөндеуден өткізілді. 1549 ардагерге коммуналдық қыз­мет ақысын төлеуге жеңілдік жасалды. Ал 1671 ардагер сана­торийлер мен курорттарда емделді. Жыл аяғына дейін 5 мыңнан астам ардагер ем алады және демалады. Ардагерлерді қосымша әлеумет­тік қолдау мақсатында “Біз – Же­ңіс мұрагеріміз” атты қайырым­ды­лық акциясы ұйымдастырылды. Нәти­жесінде облыстық ардагерлер қо­ры­на 46 млн. теңге, аудандық, қала­­лық қорларға 80 млн.теңгеден астам қаржы түсті. Бұл қаржы арда­герлердің мұқтажына жұмсалды. Май­дан­гер ата-апаларымыз қандай құрметке де лайық. “Даңқ” мемориалына жұрт көп жиналған еді. Жоғары жағында ел басына күн туғанда қолына қару алып, айқасқа түскен майдан­гер­лер, облыс ардагерлері отырды. Елбасы сөз сөйледі. Майдан­гер­лерге арналған ескерткіштің мәніне тоқталды. ...Себебі, біз – соғыста жеңген әкелердің балаларымыз. Солардың арқасында бейбітшілікте өмір сүріп, жақсылық көріп, бала-шаға өсіріп, қызметке ие болып отырмыз. Май­данға Қазақстаннан 1,5 млн.-нан аса жауынгер аттанса, соның дені 18-20 жастағы боздақтар еді. Көп­шілігі отбасын құрып, өмірге сәби әкелуге үлгермей майдан да­ла­сында қыршын кетті. Біз олардың ерлігін ұмытпауымыз керек, деді Прези­дент. Елбасы майдангерлерден бөлек Ауған соғысы ардагерлеріне, тылдағы еңбек майданында болған аға буынға алғыс айтты. Мемлекет тарапынан көмектер беріліп жат­қандығын тілге тиек етті. “Атаңды қадірлесең, балаң сені қадірлейді” деп сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы алқалаған әлеуметке Қазақстанның кешегісі мен бүгінін салыстырды. Тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарындағы қиын­дықтар – зейнетақы, жалақы төлей алмай, бүк түсіп жатқан уа­қыт. Кей қалалардың түнде шамы да жанбайтын. Қазақстан ел бола ма, болмай ма деп тұрған өліара шақ­тан аман өттік. Қиындықтарды жеңдік. Кеңес Одағы дәурендеп тұрған шақта 14-15-ші орындарда жүретін Қазақстан қазір сол елдер арасында көптеген салалар бой­ынш­а көшбас­шылыққа ие. Қаржы дағдарысы кезінде өркениетті, әлеуеті мықты мемлекеттердің өзі қиналып, жалақы, зейнетақыларын қысқартып жатыр. Жұмыссыздық белең алды. Ал, бізде жаңа жұмыс орын­дары ашылуда. Біз индус­трия­лық-иннова­циялық бағдарлама­лар­ды қолға алып, орындалуына күш салудамыз. Соның ішінде Оңтүстік Қазақ­стан облысына көп көңіл бөлінуде. Республика бойынша ең көп мек­теп салынған да осы облыс. Шым­кент қаласының дамуына да ай­тар­лықтай қаржы бөлінді. Мырзашөл мен Сарыағаштың арасын жалғау үшін алып көпір салдық. Көксарай суы реттегіші іске қосылды. Ба­тыстан көгілдір отын тартылып жатыр. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралі Оңтүстік жерінен өтеді. Бұл жұмыстардың ел игілігі үшін жасалып жатқанын білесіздер, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы келесі кезекте Қазақ­стан­ның өскен, өркендеген 56 мем­лекетке төрағалық ету құрметіне ие болғанына тоқталды. Осының бәрі елдің, көпэтносты халқымыздың ізгі тілегі, ата-бабаларымыздың ұр­пағының қамы үшін төккен қаны, берген өсиеті арқасында жүзеге асуда екенін жеткізді. Келер ұрпақ біз істеген жұмыстардың жемісін те­ріп жеп, бұдан да бақытты, шат­тық заманда өмір сүрсін, деді Президент. Елбасының сөзін халық қызу қолдап, қол соқты. Ортаға аға буын мен жас ұрпақтың өкілі шығып, мем­лекетіміздің келешегі кемел болуы жолында жасалып жатқан жұ­мыстар үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірді. – Ұлы Жеңіс жолында қан майданда көкірегін оққа тосқан ата­ларымыздың ерлігін Сіз жал­ғас­тырдыңыз. Тәуелсіз Қазақстанды, әлем мойындаған мемлекетті құр­дыңыз. Біздер, жастар шексіз риза­мыз. Бұған озат оқу, Отанымыздың көркеюі үшін адал еңбекпен жауап береміз, – деді жалындаған жастар. Елбасы “Даңқ” мемориалын аралады. Осындағы жасалған жұ­мы­старды облыс әкімі Асқар Мыр­захметов баяндап берді. Шыға бе­рісте көкіректері орден, медаль­дар­ға толы бір топ майдангер жо­лы­ғып, баталарын берді. “Батамен ер көгереді” дейді халық даналығы. Елді ел қылған Ері алдына келіп тұрған соң, ағалар жақсы тілегін айтып жатты. Білімдінің алды жарық Қаланың батыс жақ бетінде Қазығұрт деген шағын аудан бар. Халқы көбейіп, оқушылар саны арт­қандығы қатты білінетін. Би­ыл­ғы оқу жылы осы шағын аудан үшін жақсылығы мол болды. Сәу­летті мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектеп алдында Елбасын ұс­таз­дар мен ата-аналар қауымы қол шапалақтап қарсы алды. Облыс әкі­мі Асқар Мырзахметов Мем­ле­кет басшысын білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. 2009 жылы Оңтүстікте 35 мек­теп пайдалануға берілсе, соның ішінде “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша берілгені – 24 мектеп. Ал, 2010 жылы 64 мек­теп пен 16 қосымша корпустардың құрылысы жүргізілуде. Облыс бойынша үш ауысымда оқитын 29 мектеп қалып отыр. Облыс басшысы апатты жағдай­дағы 62 мектеп пен саман кірпіш­тен салынған оқу орындарының мәселесі қалай шешіліп жатқанын баяндап берді. Қосымша ақпарат­тар­ды облыстық білім басқар­ма­сының бастығы Балқия Көмекбаева мен қалалық білім бөлімінің бас­тығы Жанат Тәжиева толықтырды. Мектеп ішін аралап, сынып­тардың жарақтауын көрген Елбасы спорт залға бұрылған. Әлгінде ғана баскетболдың сақина торына до­бын бір түсіріп, бір түсіре алмай жат­қан мектеп спортшылары Нұр­сұлтан Әбішұлының алдында мықты ойнауға тырысып бақты. – Жақсы спортшы болған дұ­рыс. Спорт – ең алдымен ден­сау­лық үшін керек. Мықты болыңдар, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы ұстаздар­мен пікірлесіп тұрғанда, көзі шоқ­тай жанған оқушы Сізге арналған өлеңім бар еді, рұқсат етіңізші деп өтінді. ...Біздің жақсы оқымауға хақы­мыз жоқ Жасап тұр бар жақсылықты ағаларым. ...Нұр аға, Сіз болдыңыз Көк байрақты Еуропаның төрінде  жел­бірет­кен, – дейді 6-шы сыныптың оқушысы Әділет Жұпарбеков. Ел­басының алақаны Әділеттің басын сипады. 1200 оқушыға лайықталып салынған үш қабатты мектеп лин­гафон кабинеттерімен, компьютер сыныптарымен, лабораториялық құралдармен толық жабдықталған. Не керектің бәрі бар. Расында, оқушы бала айтқандай, жақсы оқымауға осындағы оқушылардың хақылары жоқ-ау. “XXІ ғасыр – білімділердің ға­сы­ры – деді Елбасы. – Қазақ­станның жастары білімді, тәрбиелі болуы үшін осындай зәулім мектептер салына береді”. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.