21 Мамыр, 2014

Асыл мұра

4152 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
немесе «Түркі жазуы күнін» ұлықтаудың ұлағаты Елорда төрінде Түркі академиясының ұйытқы болуымен, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және ТИКА халықаралық ұйымының қолдау көрсетуімен «Түркі жазуы күні» атты айрықша датаға орай халықаралық форум ұйымдастырылды. Үлкен шараның өткені туралы хабарды газеттің кешегі нөмірінде бергенбіз. Айтулы күнді ұлықтаған жиында түркі жұрты үшін бағалы қазына – түркі жазуына қатысты өзекті мәселелердің де бар екенін білдік. IMG_1745 Атақты Орхон-Енисей жазбаларын біз түркі жазуы дейміз. Өткенін тасқа қашап жазған даңқты бабалар ХІІІ ғасыр өткен соң ұрпақтарының сол жазуларды өз тарихы мен мәдениетінің мәйегіне айналдыратынын болжамаған болар, сірә? Бұл жазбалардың маңыздылығы тасқа қашап жазылуында ғана емес, сол замандарда өзге де өрке­ниеттермен тең тұрып өмір сүрген мәдениеттің, жазудың бар болғанын айғақтауында деп шамалаймыз. Түркі халықтарының VII-VIII ғасырлардағы мәдени мұраларының қатарында есепте­летін Орхон-Енисей жазбалары Енисей өзені мен Моңғолия астанасы маңындағы Орхон өзенінің бойынан табылғанын, ол тасқа қашап жазылған әйгілі Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған жырлары екенін қазіргі күні көзі қарақты жандардың барлығы біледі. Сондай-ақ, басы барды идіріп, тізеліні бүктірген түркі халқының далалық империя құрып, өркениет жасағаны тарихтан мәлім. Бұл күнде Орхон-Енисей жазбаларымен қосып есептегенде түркі жұртының сырлы тарихын 150-ден астам ескерткіштен оқуға болады екен және мұның бәрі түркі жазуы деп есептеледі. Славян қауымының Славян жазуы мен мәдениетінің күнін, яғни, сол жазудың негізін қалаған ұстаздар Кирилл мен Мефорийді еске алу күнін кең ауқымда тойлайтынынан хабарымыз бар. Өз елімізде де 24 мамырда атап өтілетін сол мерекеден 18 мамырда тойланатын болып бекітілген «Түркі жазуы күнінің» дәрежесі мысқалдай да кем емес екенін баяндағымыз келеді. Әрі бұл күнді өз деңгейінде атап өту өркениеттілік тұрғысында өзге елдермен тереземіздің тең екенін аңғартып, рухани серпіліс беру үшін қажет секілді. Күлтегін ескерткішінің үлкен жазуы: «Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бу­мын Қаған, Істемі қаған отырған. Оты­рып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен», деп рух көтеретін сөздермен бас­талады. Бабаларымыздың бір кез­дегі тұтастығынан хабар беретін түркі жазуы қазіргі күні Еуразия кеңістігінде жеке-жеке мемлекеттерге айналған түркі елдерінің интеграциялану мүмкіндігіне де жол сілтеп тұрған бағдаршам іспетті. Әрине, бүгінгі күні түркілік интеграцияның үйлестірушісі әрі қуатты қозғаушысы ретінде әлем Қазақстанды, оның ішінде, Астананы танитыны рас. Бұл туралы жиынды ашып берген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова жақсы айтты. «Астана бүгінгі таңда жал­пы­түркілік интеграцияның үйлес­тіруші әрі қуатты қозғаушы буынына айналып отыр. Елордамызда жиі-жиі жалауын көтеріп, жемісті істерді жалғастырып жатқан кең ауқымды халықаралық жиындар мен форумдар, ғылыми конферен­циялар осының айғағы. Тек соңғы жылдардың өзінде Ас­тана қаласы түбі бір түркі жұртының бірлігін нығайтуға бағытталған түрлі басқосулардың ұйытқысы болды. 2012 жылы Астана – түркі дүниесінің мәдени орталығы ретінде көптеген мәдени, танымдық іс-шаралар өткізді. Түркі кеңесінің басшылығы, ТҮРКСОЙ, Түркі кеңесінің жа­нын­дағы Ақсақалдар кеңесінің жиындары ұйымдастырылды. Президентіміздің бастамасымен Астанада шаңырақ көтерген Түркі академиясының Астанада құрылуының да үлкен символдық мәні бар деп санаймыз. 2001 жылғы 18 мамыр күні Астанада түркі дүниесіне қадірі жоғары қымбат мұрасы – Күлтегін ескерткішінің көшірмесі қойылды. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның бүкіл түркі жұртының қарашаңы­рағы екенін тағы бір дәлелдеген еді. Өткен жылдың аяғында Парламент Мәжілісінің депутаттары 18 мамырды «Түркі жазуы күні» деп белгілеу, мемлекеттік деңгейде атап өту туралы ұсыныс білдірді. Елбасымыздың жақсы бастамаларымен үндестік табатын мұндай тәрбиелік мәні биік ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тапты», деген Премьер-Министрдің орынбасары еліміздің бұл бастамасы­на қосылып, оны барша түркі дүние­сінің мерекесіне айналдыру­ды ұсынған Түркі Кеңесінің басшы­лы­ғына үлкен ризашылығын жеткізді. IMG_1073 Жиында құттықтау сөз ал­ған ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Орхон-Ени­сей жазбаларынан бастап түркі әлемінің әдебиет пен өнер туындылары, таңдаулы шығармалы мен фольклорлық еңбектері қашанда өзектілігін жоғалтпайтын халықтық мұралар екенін айтты. Ол жиырма жыл ішінде түркі әдебиеті мен өнерінің аясын кеңейтіп келе жатқан ТҮРКСОЙ ғасырдан ғасырға же­тіп сақталған мұраларды паш ете­тінін, атап айтқанда, 2011 жылды «Ғабдолла Тоқай жылы», 2012 жылды «Мирза Фатали Ахундов жылы», 2013-ті «Мұқан Төлебаев жылы», 2014 жылды қырғыздың атақты ақыны «Тоқтоғұл Сатылғанов жы­лы» деп бекіткенін баяндады. ТҮРКСОЙ бас хатшысының айтуынша, биыл 290 жылдығы аталып өтілетін Түркіменстанның абыз ақыны Мақтұмқұлына арналған түрлі іс-шаралар өту­де. Дүйсен Қасейінов сөзінің соңында түркі жазба мұралары мен қазіргі түркі тілдерін зерттеу қажеттілігі бұдан бұрын да ТҮРКСОЙ ұйымдастырған іс-шаралар шеңберінде көтерілгенін, ТҮРКПА-ның кезекті басқосуында бұл мәселеге назар аударылғанын мәлімдеп, барша түркінің қара­шаңырағында басталған осынау ұлы мерекенің түгел түркінің мейрамына айналарына сенімі мол екенін жеткізді. Сондай-ақ, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәдениет әліппеден басталатынын, өркениетті елдер ежелгі әліпбилерін, атап айтқанда, петроглифтердегі сызбаларын құрметпен ұлықтайтынын ай­та келіп, әлем қауымдастығы бұрындары латын, кирилл жазуы күндерін атап өтіп жүрген болса, енді оған түркі жазуы күні мейрамы қосылғанын баяндады. «Ел тағдыры қашанда келешек ұрпақтардың қолында. Сол себепті соңғы жылдары жаңа заман талабынан туындап отырған тың мамандықтармен қатар түркітанушы мамандарды даяр­лау ісіне де аса мән беріліп отыр. Еліміздің бірқатар іргелі оқу орындарында осы бағыттағы кафедралар мен орталықтар жұмыс істейді. Болашақта аталмыш салада магистрлер мен докторанттар даярлайтын оқу орындарының санын көбейте береміз», – деді ол. Ал Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Асқар Мусинов өз сөзінде дүние­жүзіне танымал түрколог ғалымдар мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысқан осы форум арқылы Түркі академиясы жаңа белеске көтерілгенін айтып, таяуда Бодрум қаласында түркітілдес мемлекет басшыларының төртінші саммиті өтетінін, осы алқалы жиынға Түркі академиясының халықаралық мәртебесін айқындайтын құжаттар әзірленіп жатқанынан хабардар етті. Култегин«Бүгінгі түркі мемлекеттері сақ­тар мен ғұндардың, Түрік қағанатының заңды жалғасы еді. Алтын сарайларда тұрып, алтын тақта отырған, алтыннан киім киген, өлісін де алтыннан киіндіріп көмген, байтақ тарих жасаған, өнеге қалдырған бабаларымыз ешқандай да озбырлар мен жабайы­лар болған жоқ. Бодан болған екі ғасыр ішінде тарихымыз табанға тапталды. Ке­ңес дәуіріндегі біздің тарихымыз саясаттың құрбанына айналды. Соның салдарынан ел жадынан айырыла жаздады. Түркітектес ха­лықтардың бағы тәуелсіздік дәуі­рімен бірге жанды», деп сөз бастаған Орхон-Енисей жазбаларын ұзақ жылдардан бері зерттеп, оның қазақша аудармасын жасап, ғылыми айналымға енгізген көрнекті ғалым, Мырзатай Жолдасбеков еліміз тәуелсіздік алғалы ерекше қарқынмен дамып келе жатқан ілімнің бірі түркология екеніне мән берді. Оның айтуынша, тарих үшін аз ғана уақыттың ішінде қыруар шаруалар атқарылып, бауырластықты жаңғырту барысында құрылған үлкен халықаралық ұйымдардың барлығы ортақ ордамызға айналған. Күлтегін ескерткішінің елордаға оралуымен бірге Қазақстанда Күлтегін сыйлығы тағайын­далды. Содан бері Еуразия ұлттық университетінің туған күні «Күлтегін күні» деп аталып жүр. Университетте түркі жазуы тари­хының мұражайы ашылды. Түрколог мамандар дайындала бас­тады. Орхон ескерткіштерінің атласы да, Батыс түрік қағанатының атласы да Қазақстанда дайындалып жарық көрді. Парламент шешімімен 18 мамырды «Түркі жазуы күні» деп атайтын бақытты заманға жеттік. Бұл түркі елдерінің бауырластығын арттыра түсетін, әлемдік қауымдастықтағы беделді шаралардың біріне айналады деп сенемін», деген Мырзатай Жолдасбеков алдағы уақытта атқа­рылуы тиіс шаралардың бір парасы ретінде төмендегі жайларды атап өтті. Біріншіден, Түркі академиясының мәртебесін көтеріп, оған лайықты ғимарат салуды ойластыру. Екіншіден, түркі халықтарының жоғары оқу орындары мен мектептерінде түркі халықтарының ортақ тарихы міндетті түрде оқытылуы тиіс. Үшіншіден, Күлтегін сыйлығының деңгейін көтеріп, «Түркі әлеміне сіңірген айрықша еңбегі үшін» деп Нобель сыйлығы дәрежесінде Түркі академиясында тапсыру дәстүрге айналса. Төртіншіден, түркі халықтарына ортақ бір телеарна ашылса. Бесіншіден, түркі халықтарының тарихына арналған энциклопедиялық кітаптар әр халық­тың өз тілінде, оған қоса орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрсе. 1893 жылдың 25 қарашасында әлемді дүр сілкіндірген мәлімдеме жасалды. Дат ғалымы Вильгельм Томсон Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде Орхон және Енисей өзендері бойынан табылған ескерткіштердегі құпия жазуды оқудың кілтін тапқанын хабарлады. Ғалымның ең алдымен оқыған сөздері «Тәңірі» сөзі еді. Ал сол уақытта Моңғолия және Алтай жер­лерінен табылған жазулар ежелгі скандинавиялық деп есеп­телетін. Өйткені, бұл жазбалар скандинавиялық сүйірбұрышты жазуларға ұқсас болатын. Томсон табылған жазбалардың түркітектес халықтарға тән екенін ашқан соң, скандинав ғалымдары жазбаларды зерттеуге деген қызығушылығын жоғалтады. Осы жерде айта кетуге тиіс бір нәрсе – осы күнге дейін кейбір ғалымдар түркі жазуын «руна жазулары» немесе «сына жазулары» деп атап жүр. «Рунь» сөзі скандинав тілінде «құпия», «белгісіз» деген мағынаны білдіреді. Түркі жазуының руна жазуы немесе сына жазуы деп аталуында алғашында жазуды зерттеуге скандинав ғалымдарының атсалысуы әсерін тигізді ме деп шамалаймыз. Ал, бұл жазулардың білгірі, Орхон-Енисей жазбаларын көп жылдардан бері зерттеп жүрген ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы түркі жазуын «бітіг жазуы» деп атауды ұсынғанына да біраз уақыт болды. Орхон-Енисей жазбаларының мәтіні түркілердікі екені анықталған осы бір ғасырдан астам уақыттың ішінде орыс, түрік ғалымдары мен түркітектес елдердің көп­теген ғалым­дары үлкен шаруалар жасады. Бірақ сол кезден бері жасалмаған ең маңызды нәрсе – бұл жазбалардың нақты авторы мен жазудың табиғаты анықталмаған. Үлкен жиында көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қазіргі таңда ғалымдар арасында аталмыш жазбалардың түріктер өзгелерден көшіріп алған әріптер жүйесі болуы мүмкін деген пікірлердің де бар екенін алға тартты. «Ғалымдар әріптер жүйесін іздей бастады. Оңтүстік Азиядан соғды жазбаларын тапты. Әлі күнге дейін орхон алфавитінің сүйір бұрышты әріптері соғды жазуларынан шыққан деп есептеледі. Менің ойымша бұл бос сандырақ. Жазудың қалпын құрметтемеу. Міне, осы жұмыстармен Түркі академиясы айналысуы керек. Түрік мәдениетінің, этносының, халықтарының тарихы дегеніміз – жазудың тарихы. Сол үшін нақты шындықты анықтау қажет», деген ақын «От Шумера до древнего Китая и далее» дейтін мақаласында ежелгі түркі жазуының Моңғолияға жеткенге дейінгі бағытын анық­тауға ұмтылғанын баяндады. «Моң­ғолиядан кейін Алтайға дейін келген түркі жазуы қазіргі Қазақстан жеріне жеткен жоқ. Оны ислам тоқтатты. Сондай-ақ, христиан дінінің өкілдері де бұл жазбалардың таралмауына мүдделі болды. Өйткені, түркі жазуының келесі бір түрі сол кезде Балқанға дейін жеткен болатын. Біз бұл жазуларды қыпшақ-бұлғар жазуы дейміз. Ол қазіргі Болгария жерінен табылып отыр. Болгария христиан дінін қабылдағанда ол жазулар кириллицаның негізі болды. Оның бірнеше әрпі кириллица түрінде сақталған. Бұл біздің қазынамыз»,  – деді ақын. Жиында Ресей түркология­сының ғана емес, әлемдік түрколо­гияның білгір маманы саналатын Татарстан Республикасы Ғылым академия­сына қарасты Тарих және әдебиет институты тіл бөлімінің меңгерушісі Мирфатих Закиев баяндама жасады. Ол өз сөзінде түркология ғылымының Еуропа орталықтандырылған ғылым ретінде дүниеге келгенін айтты. Бұл ғылымды жасаушылар Еуропаны тек Еуропа халықтарына тиісті деп дәлелдеп, тіпті, Азияның көптеген аймақтарында ең алдымен, үнді-еуропалық халықтар өмір сүрген, басқалар кейін келген деп есептейтінін айта келіп, мысалы, соның ішінде, түріктер көшпенділер ретінде Азияға көп кейін қоныс аударғанын тұжырымдайды, деді ғалым. «Олардың айтуынша түркі жұрты Моңғолия мен Алтайда біздің дәуіріміздің басында қалыптасқан. Орхон-Енисей жазбаларын түркі жұртының ең алғашқы жазба ескерткіштері ретінде қабылдайды. Сондықтан, бірқатар ғалымдар Орхон-Енисей жазбаларының тілін ежелгі түркі тілі деп есептейді. Бірақ ескерткіштер орта ғасырға жататынын бәріміз білеміз. Бұл бір. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында жасалған зерттеулер түркі жұртының біздің заманымызға дейін көп бұрын жазуы болғанын айғақтады. 1930 жылы жасалған экспедиция төрт жылдың ішінде 1000-ға жуық түрлі таңбалар бейнеленген монеталар тапты. Татар археологі Мухамадиев ежелгі жазбаларды жақсы біледі. Ол таңбалардан ежелгі түркілердің жазуын оқыды. Бірақ, осы уақытқа дейін әлемдік ғылыми орта оны үнді-ирандық жазулар деп есептейді», деген ғалым әйгілі Глозель жазбаларына қатысты өз ойымен бөлісті. 1924 жылы Франциядағы Виши қаласының маңында алаңсыз сиыр бағып жүрген Эмиль Фроден есімді жас жігіт ғылыми ортаны елең еткізген оқиғаның басты кейіпкеріне айналады. Шұңқырға құлап кеткен сиырды шығарып алуға әрекеттенген ол сол жерде үш метр шамасындағы тас қоршауға кезігіп, оның ішінен көптеген фрагменттерді көреді. Мирфатих Закиев олардың санын үш мыңға жуық деп шамалады. Міне, тарихқа Глозель жазбалары деген атпен енген сол қазынаға байланысты әлемдік ғалымдардың 90-шы жылдарға дейін бір тұжырымға келе алмағанын айтқан Закиев Халык Таржан есімді түрік ұлтынан шыққан париждік пианистің бұл жазбаларға назар аударғанын, сөйтіп, оны ежелгі жәдігерлер бойынша білікті маман Казым Миршанға жібергенін баяндай отырып, нәтижесінде 1993 жылы Сорбонна университетінде өткен конференцияда Казым Миршан Глозель жазбаларының түркі тілінде жазылғанын дәлелдеп шықты дейді. «Прототүріктердің Глозель жазбалары орыс жазуынан да көне. Кейінгісі алдыңғысының негізінде пайда болған. Өз кезегінде орыс жазуы латын жазуының пайда болуына негіз қалады. Міне, сол үшін Орхон-Енисей жазбалары түркілердің ең алғашқы жазуы емес. Біздің заманымызға дейін шамамен төрт мың бес жүз жыл бұрын пайда болған Глозель жазулары бар. Біз осы мәселені ойлануымыз керек», – деді ғалым. Көпшілік назарын аударып, форумға қатысушыларға ой салған тағы бір пікірдің иесі – жиында Қырғыз делегациясы атынан сөйлеген белгілі әдебиетші ғалым Османакын Ибраев. Ол әлемді көп шарлағанын айтты. Бірақ Астанаға тұңғыш рет жолы түсіпті. Оны Ресейдің Санкт-Петербург қаласымен салыстырғанын айтып өтті. Басында Нева жағасындағы қаланы да ешкім түсінбегенін, оған атақты Пушкиннің «Красуйся град Петров, и стой неколеби­мо, как Россия» деп жыр арна­ғанын еске түсіріп, Астанада жа­ңа Қазақстанның рухани, мәдени, саяси семиотикасы айқын бей­неленгенін айтты. «Астана – біздің түсінігімізге сіңіп кеткен әрі бізді басып тұрған кеңестік саяси-идеялық дәстүршілдіктен бөліну. Бұл қала – сөздің жақсы мағынасындағы жаңа алфавит, жаңа әріптер, құндылықтардың жаңа тізбегі» деген ғалым тіпті осыдан бір жыл бұрын келгенде қаланың символдық мәнін түсінбеуі мүмкін екенін жеткізді. Ол жаңа шаһардан жаңа өмірге талпыныс­ты, оған қоса егемендікті жүзеге асыру оңай еместігін байқағанын әлемдегі соңғы кезде орын алған оқиғалармен байланыстырды. «Әлемге қарай отырып біз қолда бар нәрселерді тағы да салмақтауымыз керек. Өткен ширек ғасыр кімнің нағыз дос, кімнің доспын деп өтірік емеурін білдіргенін ажыратуға мүмкіндік берді. Иә, өткен жылдар ішінде біздің ел көп нәрселерден құр қалды. Қолда бар мүмкіндіктерді де жіберіп алған кездеріміз аз емес. Оның бірі Орталық Азияда бірегей сауда-экономикалық және мәдени одақ құру мүмкіндігін жіберіп алғанымыз. Өзімшілдігіміз кедергі келтірді. Жалпы, түркі мемлекеттерінің бірлігі тұрмақ, Орталық Азиядағы түркі мемле­кеттерін біріктірудің өзі оңай шаруа емес екен. Ендігі жерде түркі жұртына ортақ осындай үлкен шаралар арқылы ғана тағдырдың өзі дайындаған шаруаларды жүзеге асырып, алға қарай жылжимыз деп үміттенемін», деді ол. Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайылдың сөзінде Күлтегін, Тоныкөк, Білге жазбалары романдар мен дастандарға, көркем фильмдер мен драмаларға сұранып тұрғаны айтылды. «Біз он ойланып, жүз толғанып, барлық ұйымдастыру шараларын түгендеп алып, келесі форумда Орхон ескерткіштеріндегі тарихи баянды арқау еткен әдеби-драмалық және экрандық шығармаларға Түркі академиясының, Түркі елдері Парламенттік ассамблеясының, Түркі Кеңесі мен ТҮРКСОЙ-дың атынан бәйге жарияласақ. Тарих­ты осындай нақты шаралармен тірілтсек. Көктүріктер қағандары мен ерлері, даңқты ғасырларымыз бізбен және әлеммен қайта тілдессе... Тарих алдындағы парыз осы емес пе?», деген жазушы Астанада басталған шараның Анкара, Баку, Ташкент, Бішкек, Ашхабад, Қазан, Уфа арқылы халықаралық деңгейге көтерілсе деген тілек айтты. Үлкен жиынның пленарлық мәжілісін Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі жүр­гі­зіп отырды. Мақаланың бас жағында да жиынды Түркі акаде­миясының ұйымдастырғанын тәптіштеп жазған болатынбыз. Екі күнге ұласқан форумда Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және өзге де түркітілдес елдерден келген ғалымдар мен отандық мамандар «Түркі жазуы: өткені, бүгіні және болашағы» және «Ортақ тарих: теориялық-методологиялық мәселелері» атты секциялар бойынша баяндамалар жасап, пікір алысты. Жиын аясында Түркі академиясының шығарған еңбектерінің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, кеше Түркі академиясы Ресей Ғылым академиясындағы Уфа ғылыми орталығымен меморандумға қол қойды. Жиын қорытындысы бойынша түбі бір түркі жұртының ортақ қазынасы түркі жазуына алдағы күндері атқарылуы тиіс шаралар көрсетілген байланысты арнайы қарар қабылданды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».