Бейнелеу өнерінің бірнеше түрін еркін меңгерген шебер өз шығармашылығымен қатар ұстаздық жолда табанды еңбек етіп, жас таланттарды қылқалам құдіретінің құпиясымен қауыштырып жүр. Кескіндемелік, графикалық, мозайкалық мәнерде орындалған туындылардың өне бойында қазақ даласының көрнекті жерлері, аңыз өлкелердің қасиеті, мәлім де беймәлім табиғат тылсымы көрініс тапқан. Осының бәрін шебер тілінің көркемдігіне айналдырып, кенеп бетін нәрлендіріп тұрған басты күш – шығармадағы ұлттық мінез, эпикалық сарын. Түрлі форматтағы пейзаждар, тарихи тұлғаларға арналған қанық түстермен көмкерілген портреттер суретшінің ұлттық тақырыптағы ізденістерінің жемісі.
«Суретші шығармашылығынан елуінші жылдар соңындағы ұлттық романтизм өкілдерімен ұқсастықты көреміз. Сұлулықты танудан басталған бейнелеу өнері тарихындағы негізгі қасиеттер Бауыржан Нұрбекұлының бойына дарыған. Эстетикалык, классикалық шынайы өнерді тануға ұмтылған талғампаз көрермен көрмеден айрықша әсер алып қайтары шүбәсіз», дейді көрме жетекшісі Ақжігіт Нүсіп.
Көрмедегі «Тәңіртау иесі» деп аталған туындыда әлемдегі сирек кездесетін түз тағысы – тау барысының секпілді ақшыл келбеті һәм алып бейнесі Хан Тәңірі шыңымен үйлесім тапқан. Ал Шарын шатқалын өзіндік жылы күрең-қоңыр, жарық-көлеңкелі сұрғылт-қара реңктермен және канық жасыл жоталармен жалғастырып алып келіп шыңды көкжиекке ұштастырған. Суретші кенептегі негізгі нысан мен артқы фонды тұтастыру арқылы картинаның композициялық шешімін шебер қояды. Айталық, Телжановтың тік келбетті портретін импрессионизмдік жағындылармен, Кенбаевтың жылы жүзді бейнесінің артқы фонын атақты туындысы «Асауға құрық салу» кенебіндегі сары түстермен және Наурызбаевтың жиі сомдаған сұңғақ мүсіндері секілді қою сұр түспен көмкерген. Мұны кейіпкердің өзара шығармашылық ерекшелігін фон арқылы айқындау деп атағанымыз жөн.
Бауыржан Нұрбекұлы Байділдә 1962 жылы 12 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (1981) «Станоктық кескіндеме» мамандығы және Алматы мемлекеттік көркем-театр институтын (1989) монументалдық өнер суретшісі мамандығы бойынша бітірген. Көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі. Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме және мүсін» факультетінің деканы.
АЛМАТЫ