Салтанатты іс-шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мұратқан Дауылбаев сөз алып, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқыды. Одан кейін көрнекті ғалым Назарбай Білиев, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов сөз алып, Құлжабай Әбдіқалықұлының мемлекетшіл перзент болғанын, өмірден өтсе де, соңында айта жүретін шежіреге айналған көп сырлары, ғажайып істері қалғанын әңгімеледі.
Өз кезегінде әйгілі математиктің жұбайы Батима Часакбай болашақ ұрпақ үшін емірене еңбек еткен асыл жан мәңгі ұмытылмайтынын сөз етіп, ұлтын шексіз сүйген азаматтың өмірінен тебіреністі естеліктер айтты. Сөз соңында мектеп атын беруге мұрындық болған жандарға алғысын білдірді.
Жиын соңында Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің маңдайшасы салтанатты түрде ашылып, қонақтар білім ордасының ішін аралады.
Айта кетейік, Құлжабай Әбдіқалықұлы 1935 жылы 25 қырқүйекте бұрынғы Талдықорған облысының Көксу ауданының Талапты ауылында туған. Еңбекқор жан дифференциалдық теңдеулер саласында математикалық мектеп құрып, ұжымның ғылыми жұмысына басшылық жасаған. Сингулярлы ауытқыған теңдеулердің, асимптотикалық теорияның әйгілі маманы ретінде әлем ғалымдарына танылды. Танымал математик 3 докторлық, 50-ден астам кандидаттық диссертацияға жетекшілік еткен.
Жетісу облысы