Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Түркі халықтарының ұлы ақыны Әлішер Науаи айтты дейтін сөз бар. «Ең бірінші қызды гүлге теңеп жазған ақын – нағыз ақын» деп. Расында алғаш сұлуды гүл деп жазған ақын қай уақытта өмір сүрді екен. Біздің дәуірімізге дейін салтанат құрған өркениеттің перзенті болуы да ғажап емес қой. Гете «Жиһанкездің түнгі жырын» біздің заманымызға дейін өмір сүрген көне грек ақыны Алкманға еліктеп түсірген деседі. Ал Гетеден Лермонтов арқылы тәржімелеген ұлы Абайдың аудармасы Алкманның жырымен үндес көрінеді, ақын Ерлан Жүністің айтуынша. Абай Алкманды білген шығар, бірақ шығармасын оқып аударды деп айта алмаймыз. Сұлуды гүлге, гүлді сұлуға теңеген өлеңдер де тап осылай мыңжылдықтардан бері келе жатқан болуы әбден мүмкін деп білеміз.
Алысқа бармай-ақ Ғафу Қайырбековтің мына өлеңіне көз жүгіртуге болады.
«Қалайын бір тыныстап, жазшы, құрбым, жақсы өлең. Тұрсың қызыл гүлге ұқсап, Жыр асып па нақ сенен» дейді. Бұл – бас-аяғы төрт-ақ шумақ өлең. Қызға да, гүлге де, жырға да, жас өмірге де қарата айтылғандай сезіледі. Өйткені соңғы шумағында «өлеңімнен жымиып, қыздың өзі қарап тұр» деп әдемі түйіндейді.
Сағи Жиенбаевтың «Гүл» деген өлеңі оқиғаға құрылған. Сәл ұзақтау, баллада деуге келетін сияқты. Бірден баурап алатын гүлдей өлең. Мектепке барған бала ақын сыныптағы парталас қызды ұнатып жүреді. Сосын бір күні соған арнап қаптатып гүлдердің суретін салып, қызға көрсетеді. Ол «жақсы екен гүлің» деп қызарақтап суретін ала жөнеледі. Ертесіне кәдімгі гүл әкеп, білдірмей сөмкесіне салып жібереді. Келесі күні қараса:
«Көңілге неше ой алып, жасырын бір сыр ұққандай. Кешегі гүлдің бояуы, бетіне қалқып шыққандай. Діріл де бар ма сәл ғана, жүзіне балғын нұр қонып. Бүршігін ашқан жап-жаңа, қалыпты бір шоқ гүл болып» дейді. Содан кейін «ойнамай кетті менімен» деп «ренжитіні» бар ақынның. Аталған екі өлең де гүлдің әсемдігін қыздың бойындағы сұлулық арқылы, қыз бойындағы әсемдікті гүлді айту арқылы барынша образды, нанымды жеткізген.
1960 жылдары туып, ерте қайтса да қазақ поэзиясында қолтаңбасын қалдырып кеткен Бауыржан Үсеновтің «Гүл туралы шумақтары» тіптен өзгеше. Алдыңғы өлеңдердің дамып, күрделенген түріне балар едік. «Ойлап тұрсаң, егіз тағдыр – қыз бен гүл, бақ пенен сор майшам алып іздеп жүр» деп бір-ақ кеседі.
«Әдемі гүл үзіледі ертерек,
Соған бәрі жүгіреді ентелеп.
Көбелек те, ара да,
Мал атаулы жайылатын далада.
Зұлымдықпен шығып жүрген атағы
Жыландар да гүлге оранып
жатады»
дейді ақын. Мұнда гүл арқылы сұлулықтың тағдыры кейіптеледі. Гүлдей сұлулықпен қасіретті, гүл сұлулығының қасіретін жырлау бір жағынан ғажап сезілгенімен, екінші жағынан қайғы ойлатады. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» деген халық мәтелінің өзі қарапайым болып қалады бұдан кейін. Мұнда гүлді сұлулық, жастық, ізгілік дей бер – бәріне сыйымды. Сұлулық солай бола тұра қасірет шексін деген заң жоқ қой.
«Саудаға да түсіп жатыр сорлылар,
Қурап қалса күлге тастап қор қылар.
Бар айыбы – болғандығы әдемі,
Нәзіктігі һәм бояуы, бәдені»
деп бір кетеді де ғаламат суреттер салады ақын.
Үлкен, ғаламдық тақырыпты қозғау үшін алпауыттар туралы әңгіме айтудың қажеті жоқ. Адамзат басынан кешірген мұң мен наланың бәрі оның гүлдей нәзік әлемін таптап жайратуға тырысқанымен, Тәңірінің қалауымен, әлде өзінің ерік-жігерінің арқасында әлгі қасиеті қайта көктеп шығатын секілді. Гүл төркіндес сұлулықтың артықшылығы да сол шығар. Жүрегі гүлдей нәзік жаратылыстың мына дүниенің ауыртпалықтарын арқалап өмір сүруі неткен азап десеңізші?! Өз ішінде сан жайрап, сан рет қайта өніп шыққан сезімдер күрескер рухқа – мәңгілік уақыт гүліне айналып шығатыны туралы аңыздардың бірнеше нұсқасы бар. Қылдан жіңішке, қылыштан өткір рухтың бір сипаты сұлулық деп ойлаймыз. Сондықтан сұлулық нәзік көрінгенімен, ерлік пен кемеңгерлікті оятуға келгендей сезіледі, кейде.
«Ей, көбелек, қызыл-жасыл
қанатыңды бұлдама,
Көбелек қып жүрген сені гүл ғана.
Ұйпалақтап ауыстырып сан гүлді,
Қонышынан басып жүрсің
тағдырды...»
деп табиғатты суреттеу арқылы автор адамзатқа ой салады. «Көбелектей ұшып-қонған күндер-ай...» деп тұрлаусыз сезімдерге опынады. Сөйтеді де, бақ пен сордың майшамын тұтатып қояды. Қайсысына қонам десеңіз, өз еркіңізде.