Әдебиет • 04 Қазан, 2022

Көңіл арбаған кеңістік

618 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмірде кейбір құбылыстар тосыннан жалт етіп, санада бөгде бір терезе ашатыны бар. Сол шақта осы уақытқа дейінгі өмірің білместікпен босқа өтіп, өмір сүруді енді ғана бастағандай жаңарып, жаңғырып қалатын сәт туады. Бұл шуақты, парасатты құбылыс он бес жасымызда өмірімізде орын алыпты. Күнделігімізге тосаң оқиғаны сүйіншілей қуанып, Ақберен Елгезектің поэзиясын оқуға зердеміз жетті деп мақтана жазыппыз.

Көңіл арбаған кеңістік

Әлқисса, жаңа толқын үшін, жас толқын үшін әр соны дүние – шексіз қазына аралындай қызғылықты, дара. Түбіне тартар ұйықтай мұндай сілкіністер жиі бола да бермейді. Ақберен Елгезек поэзиясы кейінгі буын үшін адам мүмкіндігі мен қиялының соншалықты шексіз, біз ойлаған ғұмырдың сыртында да өзге тіршілік барын көрсетті. Асқан еркіндік пен мимырт бұрылыстарға толы поэзия ой-санамызды әуелгі шеңберден шығарып, басқаша жазуға болатынын түсіндірді. «Сыра аңқыған жейде», «Құшақтасып қураған қаңқалар», жылап тұрған еменді кемпірім деп ойлап, ақ сақалы жылаған алқаш шал, жұбанбаған іштегі балақай, жындарына еріп кеткен адам, күңірене Ұмай анасына мұң шаққан Құдайдың баласы, көз аңғалағы, боздаған түйсік – осының бәрі де біздің құлақ етіміз бен ой жүйеміз әлі қабылдап үйренбеген жаңа танымдар, соны тіркестер болатын. ­Ә де­геннен-ақ әдеттен тыс өлеңдердің бірін жаттап, бірін жаттауға да­йындап, көп ішінде күркірей оқуды бастап кеттік. Сүйсек, сүйген аруға «Сені сүйген ұлы Алла, мен дәнекер жай ғана» деген хат жіберіппіз, ренжісек, ренжіткен адамға «сыра аңқыған жейдесің» деп Ақберен поэзиясының лексиконымен реніш білдіріппіз. Базбір ақылымызда бүрлеп, бірақ сөзге айналдыруға ыңғайсыз көріп жүрген ойларымызды жасқанбай, жапатармағай айтуды, жазуды шығардық. Солайша санаға қойылған жалған ұстындар мен жасық пенделер қалыптастырған бүкеншек әдеттер қирай бас­тапты. Біз шынында «шексіздік сыртындағы» сұлбаларға қол созып, өзіміздің тәуелсіз, дербес, Құдайдың алдын­да періштеден артық мансабымыз бар бостан адам екені­мізді сезініппіз. Шідерін үзген асаудай еркіндікке құлаш ­ұрып, азат таңның балалары секілді көсіліп сөйлеп, қорық­пай күлуді әдет етіппіз.

«Саяхат иісі шықса ат жалынан,

Кешірім үні жетсе жат жанынан.

Жарыққа еніп кетіп, бақ табар ем,

Өмірдің ең алғашқы бастауынан».

Осы бір шумақтағы хикмет сабағы көңілге орнығып, ойға қалдырады. Бір шумақтың қысқаша мағынасын ашып көрелік. «Саяхат иісі шықса ат жалынан», яғни руханият әлемінің шоғы жүректі қоздатып, иісі мұрынды жарып еліктіріп тұрса, ләззатты саяхатқа шығуға көңіл құштар болмақ. Ол үшін «жат жанына кешірім үні жетуі» тиіс. Өйткені жүректі тазартып, шаңның тозаңындай кірден арылтпай, рухани саяхатқа шығу мүмкін емес. Рухани кеңістікте шегіртке мұртындай елеусіз тозаңның өзі телегей мұхиттың өзін лайсаңға айналдыруы мүмкін. Көкірегі кір, көзі шел пендеге жалқын жарық қалайша алақанын ашсын? Одан соң «жарыққа еніп, бақ табуға» болады. Қайдан? «Өмірдің ең алғашқы бастауынан». Алғашқы бастау – күллі тазалық пен тұмалықтың, Құдай орнатқан қасиетті заңдардың бұзылмаған, бұлжымаған орны. Румидің өлеңінде мешіттен, шіркеуден таппаған Құдайды ақыры жүрегінен табуында үлкен сыр бар. Атақты Борхес «Мың бір түнге ұқсас әлемде шексіздік шындырының басы болуы мүмкін емес ешбір әрекет жоқ» деген пікір айтады. Иә, шынында біз бәріміз үлкен әлемді, бастау тұнығымызды өмір бойы көксеп өтетін кіші әлемнің перзенттеріміз. Адам баласы «жарыққа еніп, бақ іздегенде» ғана шын адам аталмақ. Өмірге келудегі жоғарғы мақсат-мұратымыз да тәнді асырап, денені тоғайту емес, «бастауды» іздеуге, сол арқылы бар жанымызбен рухымыздағы қазынаны оятуға құрылған. Түркі алыбы Әлішер Науаидың тілімен сөйлесек, сонда ғана ақын жайқалған бағына күтіммен қарайтын ақылман бақташыға айналмақ.

«Айқасқанда кірпіктерім, көз жасымен бапталған,

Қорқынышқа қозғау салып қараңғылық қатпарлы,

Қайдағы бір әлемдерден (алтынменен апталған)

Жұлыныма жұлдыз жауды, көк түбінде сақтаулы.

Жар қасында ашылғанда жалғыздықтың құшағы...

Бір бұрышта бөлектенем бар ғаламнан, бүрісіп.

Көз ұшында ұшып жүрді жүрек қана құсалы,

Қып-қызыл бір көбелектей түн іші...»

Ақын жаны бейне бір мың-сан арналар құйылған күрделі ғалам іспетті. Адам өмір бойы балалық шағының бұлақтарын кешіп жүретінін, сол бұлақтарға түскен айбақ-сайбақ кестелер ғұмыр бойы су бетіне шығарын ескерсек, Ақберен кеңістігіне сүңгу үшін алдымен «Болмаған балалық шақ» атты прозалық еңбекті оқып шығуға кеңес берер едік. Сонда ғана сіз байқамаған сырлар қайта ашылып, кіші өлшемдер үлкеюі мүмкін. Ақынның өмірі мен шығармаларын бөліп қарау мүмкін емес. Күрделі тағдыр иесі ғана қат-қабат, тұрпаты мен сорабы басқа дүниелерді өмірге әкеле алмақ. Шынайы тағдыр мен рухани тағдыр қосылғанда тегеурінді жарылыс орнап, көпке беймәлім шиырлар туары анық.

Заманның қас-қабағын бағып, жаңа ізденістерге бару, жаңа құрлықтарды ашу және ескілікке үйренген саналардың шылауын үзу ісі – шын мәніндегі ақынға тән құбылыс. Ақберен кеңістігі – жолай қарап, жорта оқуға көнер жеңіл ашылар парақ емес. Ашылса, өзді-өзін шарқ ұрып іздеуге шығып, тас қияға өрлеген талапты ерге, руханият жолында қай қиындыққа да тайсалмай бел шешкен шынайы оқырманға ашылар. Ашылар да ой құрылымын өзгертер, талғамын өсірер. Поэзия сонысымен де құнды, сонысымен де құдіретті емес пе?