«Айдын көл, сен айтшы,
Самал жел, сен айтшы,
Жарыма құс болып ұшайын.
Бір хабар берші, айым,
Жақындап келші, айым,
Лапылдап мәңгі құшайын».
Әдемі шумақтармен әдіптелген әнді білмейтін қазақ кемде-кем. Жүректің қылын қозғайтын туындыны Мэлстің шығармашылықтағы төлқұжаты десек те болады. Көрнекті жазушы Дулат Исабеков шығармасының желісі бойынша түсірілген «Гауһартас» фильмі арқылы жұрттың жүрегіне қонған ән кейде махаббат романсы секілді естілетіні бар. «Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді, мен тұрмын жағада жабырқау» деп басталатын әннің өне бойында өлмес сағыныш, дауасыз дерт жатқандай әсер етеді. Расында да, солай. Дәл осы туындыда Мэлстің мұңы да, музасы да өріліп жатыр...
«Сол бір мөлдір шақтарда консерваторияда білім алып жүрген болатынмын. Алматы медициналық институтында оқитын Айымзада есімді қызға есім кетіп ғашық болдым. Екі жүрек бір арнаға тоғысып, махаббаттың буына мас болып жүрген шақта жазғы демалыс басталған еді. «Қош бол, сәулем, көргенше, қайта айналып келгенше» деп жаңа оқу жылы басталғанға дейін қош айтысып, бір-бірімізді қимай ауыл-ауылға тарқастық. Әуелде Айымзададан хат үздіксіз келіп тұратын. Кейін сағыныш хаттары кілт тоқтады. Себебін сұрағым келген. Алайда: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса ұят болады» деген соң демалыстың бітуін күттім.
Сарыла тосқан, сағына күткен күн де келіп жетті. Ару Алматыға құстай ұшып самғадым. Бірақ... Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт, жүрегім өрт болып отырған уақытта курстас қыздардың бірі қаралы хабарды жеткізді. Ол жаздың жаймашуақ күнінде суға түсіп, бақиға аттанып кете барыпты. Көзім қарауытты. Өкініш оты өзекті шарпып, сең соққандай отырдым да қалдым. Айымзада жоқ».
Бұл – Мэлстің бауыры Қамшыбек Ахатаевқа айтқан сыры еді. Есті естелікке көз жүгірте отырып-ақ, Мэлстің мұңын да, музасын да жан-жүрегіңмен сезінесің...
* * *
Тәңір тарту еткен таланты таудай болса да, Мэлс тірісінде елеусіз тіршіліктің илеуінде жүрді. Трагедияға толы тағдыры талайлардың жүрегін шымырлатты. Жергілікті қаламгер, марқұм Кәріпжан Нүсіп «Өнер деген өлке бар» атты кітабында Мэлс туралы көптеген естелікті топтастырса, ардагер журналист Сейсен Қожеке де ардақты азамат туралы есті естеліктерін жиі айтып жүретін.
Мэлстің жанынан жиі табылған інілерінің бірі – композитор Дүйсенәлі Бықыбаев. Ол ағасының аманатына адалдық танытты. «Мэлс аға бақиға аттанар шағында: «Мен кеткен соң аудан орталығындағы Мәдениет үйіне атымды беруге ықпал ететін шығарсыңдар» деген аманатын айтқан болатын. Сол сөз бәріміздің құлағымызда жаңғырып тұратын» дейді ол.
Сол кезде аудан тізгінін ұстаған атқамінер азаматтар бастап, Дүйсекең секілді аманатқа адал азаматтар қоштап, аудандық мәдениет үйіне Мэлстің аты берілді. Өзі тұрған Көкдөнен ауылында композитор атында көше бар.
«Аудандағы мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенімде де Мэлс ағамызға жақын жүрдік. Ол кісі Алматыда тұрды. Келіп-кетіп жүретін. Кейін сол мәдениет үйінің директоры болдым. Қызмет бабымен Меркі ауданына барып, мәдениет саласын басқардым.
Сол кездегі Луговой ауданында Рысхан Орекеев деген кісі мәдениет бөлімін басқаратын. Мэлс Өзбековтің бір әніне байланысты талас-тартыс қызып жатқан кез. Ауданда концерт өтетін болыпты, бағдарламаға композитордың сол әнін авторы басқа деп енгізіп жіберген екен. Ал мен автордың әндерінің қалай туғанынан хабардармын, дереу түзету енгізіп жібердім. Елге әннің авторы Өзбеков деп хабарланды. Ән өз иесін қайта тауып, солай тарады. Рысхан аға бұл ісіме ренжіп, оның соңы біраз дауға ұласты. Бұл іске ақын Кәріпжан Нүсіп, журналист Сейсен Қожеке араласып, кейін өз ретін тапты. «Келші, Құланға» әні авторына осылай қайтарылған еді», дейді Дүйсенәлі Бықыбаев.
Ән әлемінде өзіне тән қолтаңбасын қалдырған Мэлстің есімін ел жадында қалдыру мақсатында «Келші, Құланға» атты ән байқауы ұйымдастырылып жүрді. Біз білетін дәл осы конкурстың басы-қасында да Дүйсенәлі Бықыбаев жүретін.
«Ауданда қызмет етіп жүргенімде Әлібек Әмзеевтің қолдауымен «Келші, Құланға» деген республикалық ән байқауын өткіздік. Облыста соны қайта жаңғырттық.
Естелік айтылса, өткенге кері шегініс көп қой. Тоқсаныншы жылдардың аяғында, ауданды Қасымхан Естемесұлы басқарып тұрған кезде Мэлс Өзбековтің әндерін жаңғыртып, композитордың қарындасын, қызын шақырып концертін өткізгенбіз. Көкдөнен ауылында ас беріп, шығармашылық еске алу кешін сондағы мәдениет үйінде ұйымдастырдық.
Көкдөненде бір көшеге Мэлс Өзбековтің есімін бергіздік. Аудан басшысы Қасымхан Төлендиев руханиятқа жаны жақын болған соң, осындай игі бастамаларға көп қолдау көрсетті. Сол кісінің қолдауымен аудандық мәдениет үйіне есімін бердік.
Композитордың әндерін жинақтап жүргенде орталықтағы мәдениет үйінің алдына ескерткіш-бюстін қойсақ деген бір ой туған. Бұрын ол жерде Лениннің ескерткіші тұратын. Болат Құсайынов деген мүсінші бар, соған барып, Мэлс Өзбековтің суретін апарып, ескерткішке тапсырыс бердім», дейді композитор.
* * *
Музыка әлемінде өшпес мұра қалдырған Мэлстің әндері қай кезде де тыңдарман жүрегінен өшпек емес. Оның мұңы да, музасы да – «Келші, Айым» әні. Ел танитын бірқатар ретро әнді кезінде композитор көңіл қимастықпен әлдекімдерге сыйлап жіберген деген аңыз-әңгімелер де бар. Рас болса, уақыт өте келе ол құпия да ашылатын шығар...
Жамбыл облысы