Руханият • 05 Қазан, 2022

Ұлыларды ұлықтады

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универ­ситетінде заңғар жазушының 125 жылдық мерейтойына орай белгілі опера әншісі, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбайдың «Абай және Мұхтар Әуезов» атты дәріс-концерті өтті.

Ұлыларды ұлықтады

Ұлы суреткердің есімін иеленген біз­дің университет Мұхтар Әуезовтің айтулы мерейтойына байланысты бірқа­­тар іс-ша­раны қолға алып, жүзеге асыр­ды. Аса көрнекті жазушының көзі тірісін­де Оңтүстік өлкесіне деген ықыласы айрықша болған. Оның себебі де бар. Тұғырлы тұлғаның Семей жерінде кін­дік қаны тамып, суреткер, қайраткер бо­лып қалыптасқанымен, Оңтүстік өл­кесі де көркемсөз зергері­не бөтен емес, осы өңір­де қаламгер­дің ата-бабасы өмір сүріп, асыл дінімізге қызмет етті. Бір жағынан, біз Мұхтар Әуе­зовтің оң­түстік аймағына қатыс­ты деректерді қазіргі Шымкент, Түркістан төңірегімен ғана шек­темейміз. Оңтүстік дегенде ойы­мызға Ташкент шаһары да түседі. Ташкент – кеңес дәуірінің басында бүкіл түркі жұртының ордасы саналды. Сол қалада Мұхтар Әуезовтің де өнегелі ізі қалды. Шын­дығын айтқанда, Ташкент – жазушы шығармашылығы­ның әлі толық зерттелмеген құпия­сы мол кезеңі. Осы тақырыпқа байланысты «Мұхтартану» зерттеу орталығының ғалымдары «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты ғылыми басылымды жа­рыққа шығарды. Сонымен қоса биылғы маусым айында университет ұжымы М. Әуезовтің туған жері Абай облысына танымдық экспедиция ұйымдастырып, олар 9 күннің ішінде 5 облыс, 10 елді мекен, 30-дан аса тарихи-мәдени нысанды аралап, 4000-нан астам шақырым жол жүрді.

Міне, осындай заңғар жазу­шыға арналған мерейтойлық іс-шаралар легі әлі толастаған жоқ, соның жалғасы опера әншісі Кенжеғали Мыржықбайдың ұлы­ларды ұлықтаған концертіне ұлас­ты. Астанадан ат арытып келген күміс көмей әнші тұлғалар өмі­рінен әсерлі әңгіме өрбітіп, оны әсем сазымен тербеп отырды. Көңілді сергіткен кеш барысын­да хакім Абай атамыздың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Қазағым, қай­ран жұртым», «Қан сонарда», «Есің­де бар ма жас күнің» атты ән­дері мен Мұхтар Әуезов либереттосына жазылған «Абай» операсынан ариялар орындаса, А.С.Пушкин шығармашылығынан атақты ақын­ның «Не пой, красавица, при мне..», «В крови горит огонь желанья», «Подъезжая под Ижоры...», «Я вас люблю» және т.б. жанды тебіренткен романстарын шырқады. Сондай-ақ Ди Капуаның «О соле мио», В.Чиараның «Гордая прелесть осанки», А.Варламовтың «Вдоль по улице метелица метёт» туындыларымен бірге Естай­дың «Құс­ни-Қорлан», Ш.Қалдаяқов­тың «Кешікпей келем деп ең», «Әнім сен едің», Ә.Бейсеуовтің «Сыр­ласу вальсі» секілді жұрт сүйіп тыңдайтын әндерді орындап, тыңдаушыларын тәнті етті. Со­нымен қатар өрелі өнер иесі жи­налған қауымға Абай Құнан­байұлы мен Мұхтар Әуезов өмі­рінен тарихи дерекке толы құн­ды естеліктерді сөйлетті. Жеке шығармашылығына да тоқталып, Илья Жақанов, Мырзатай Жол­дас­беков, Мұхтар Шаханов, Хан­би­бі Есенқарақызы секілді таны­мал тұлға­лар­мен өнер жолындағы байланысы ту­ралы байыпты әңгі­ме өрбітті. Белгілі ақын Хан­бибі Есенқарақызының сөзіне жа­­зылған «Нұрикамал» әнінің та­рихынан сыр шер­тіп, ол туын­дының алғашқы орын­дау­шысы өзі екенін сөз арасында айтып өтті.

Мазмұнды іс-шара аясында кәсіби әнші аталған жоғары оқу ор­нының оқы­тушылары мен сту­дент­теріне ше­бер­лік саба­ғын өткізіп, жас өнер­паз­дар­ға клас­сикалық шығармаларды орындау ерек­шелігі мен дауыс техникасын сақтау туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ «Мұх­тартану» зерттеу орталығында жұмыс істейтін ғалымдардың еңбек­тері­мен танысты.

Мәдени шара соңында М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан уни­вер­ситетіндегі ғы­лыми кеңестің шеші­мімен Кенже­ға­ли Мыржықбайға аталған оқу орны­ның «Құрметті профессоры» дип­ломы табыс етілді.

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, академик