Өнер • 05 Қазан, 2022

Қазалыны ән тербеген күн

337 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына байланысты іс-шаралар легі дәуір үніне айналған әншінің туған жері Қазалы ауданында жалғасты. Ғажап таланттың ғасырлық тойын лайықты атап өту жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін жыл басынан бері еліміз бен шетелдерде мәдени кештер, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылып келеді. Әлемдегі елуден астам мемлекет сахнасында ән шырқап, қазақ өнерінің өресін танытқан таланттың жүзжылдық тойы ЮНЕСКО шеңберінде ұйымдастырылатыны да ұлт мәдениеті үшін мақтаныш.

Қазалыны ән тербеген күн

Сырда да ұлы әншіні ұлықтау былтырдан ­бастау алған. Қазалыдағы барлық мәдени іс-шара кіріспесі Бағлановамен байланыстырыла басталып, жас әншілер арасындағы «Іңкәрім-ай» конкурсы қолға алынды. Ал бұрын ауданда өтіп, талай әншіні танытқан «Ақмаңдайлым» байқауы биыл облыс орталығында ұйым­дас­тырылып, көктемде Бағланова болмысын көрсететін асқақ ескерткіш тұғырға қонды. Осылайша, Сыр сандуғашы өзін еркелеткен еліне ескерткіш болып оралды.

«Сенікі, менікі» деп бөлмей жақсы істің басына жұмыла кететін Қазалы жұрты осы жо­лы да ұйымшылдық танытты. Жүзжылдыққа арнал­ған шаралар легі Qazaly marathon-2022 атты марафоннан бастау алды. Осы күні Бағла­нова шырқаған әндер кент көшесін кернеп тұр­ды. Тоғыз шақырымға жүгірген 14-28 жас ара­лы­ғындағы жастар облыстың әр түкпірінен жиылған желақтар. Аудандық жастар ресурс­тық орталығының ұйымдастыруымен өткен жарыстың жеңімпазы алдына қара салмай кел­ген аралдық Тұрсын Керімбердиев болды. Екінші орынды қармақшылық Данияр Әбіл­ахатов иеленсе, қола жүлде Қызылорда қала­сынан келген Күміс­бек Қоңқабаевқа бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құт­тықтап, қаржылай сый табыс етті.

Бір айта кетерлігі, желаяқтар жүлдесі аудан­­ орталығында жаңадан ашылып жат­қан Жастар үйінің алдында табысталды. Шығыс жас­тарының көсемі атанған Ғани Мұрат­баевтың ізбасарлары аймақтың өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа нысан жастардың басын біріктіріп, еріктілер қызметін өркендетуге өріс ашады.

Жастар үйінің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жастарға жылы лебізін жеткізді.

– Ауданымыздың мерейін асқақтатып, өзде­рінің білімі, шығармашылық жұмыста­­ры және спорттағы жетістіктерімен облыс, рес­публика, қала берді халықаралық деңгейде танылып жүрген жастарымыз жетерлік. Біздің тарапымыздан талантты жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Елдің ертеңі болатын тәуел­сіз мемлекетіміздің тізгінін ұстар кейінгі буын өкіл­деріне жасалған қамқорлық жалғаса бере­ді. Былтыр Қазалыда Жастар ресурстық орта­­лы­ғы ашылса, биыл қала жастары жаңа ғима­рат­қа көшті. Біздің міндет – талап­ты жастың тауанын жықпай, талабын ұштау. Сон­дықтан да оқитын жасқа бағыт беріп, жоғары білім ала алмай қалғандарды қатардан қалдыр­май жұмысқа орналастыруға немесе кәсіп ашуға көмек көрсетілуі қажет, – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.

Жастар үйінің ашылуында ауданның құр­метті азаматы Болатбек Пұсырманов да құт­тықтау сөз сөйлеп, кейінгі толқын өкілдеріне тілегін жеткізді.

Аудан орталығында өткен «Ән әлемінің пади­шасы» атты республикалық танымдық конфе­ренцияға қатысушылар осы күні Жалаң­төс батыр мен Әйтеке би ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды, Жанқожа батыр кесенесінде болды. Сыр бұлбұлының есімін иеленген аудандық мәдениет орталығы ауласындағы бюстін гүлмен көмкеріп, әнші рухына құрмет танытты.

Мәдениет орталығында өткен конферен­цияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Роза Тәжі­байқызының өнері қазақ ән әлемінің тұтас бір дәуіріне айналға­нын атап өтті. Кон­ференцияда тарих ғылымының кандидаты, облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбе­бап ғылыми кітапханасының директоры Нұр­лыбек Мыңжас «Бағланова болмысының ерек­шелігі» тақырыбында баяндама жасады. Қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев, Қазақстанның құрметті журналисі Ермек Зәңгіров, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қуаныш Төлебаев, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова және Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықов талант иесі жайлы тебіреніске толы естеліктер айтты.

Танымдық конференцияда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Қазалы ауда­нының құрметті азаматы, экономика ғылы­мының докторы, профессор Орақ Әлиев, ардагер Бибайша Тілеубергенова әнші мерейтойына орай баспа жүзін көріп жатқан «Ән әлемінің падишасы» атты кітаптың тұсауын кесіп, жаңа туынды оқырмандарға жол тартты.

Бұлбұл әншінің 100 жылдығына орай ұйым­­­­дастырылған толымды шаралардың бірі «Шы­ғыстың бұлбұлы» атты республикалық ақындар айтысы болды. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен айтысқа Павлодар, Шымкент, Қызылорда қаласы, Түркістан, Ақтөбе облысы және Қазалы, Арал, Қармақшы аудан­дарының ақындары қатысты.

Айтысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құт­тықтау сөзбен ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Ақындар аламанын «Алтын домбыраның» үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов жүргізіп, сөз сайысына шыққандарды көпшілікке та­ныстырды.

Ғасырлық тойы өтіп жатқан Бағланованың қазақтың ән өнеріндегі биігін, бүгінгі қоғамдағы түрлі құбылыстарды жырлаған ақындар арасынан қазылар алқасының шешімімен бас жүлде аралдық Ержеңіс Әбдиевке бұйырып, ақынға 700 мың теңге табысталды.

Бірінші орынға шымкенттік Біржан Байтуов лайық деп танылса, Атырау қаласынан келген Фариза Жетпісбай мен қазалылық ақын Елнұр Нұрқасым екінші орынды, павлодарлық Рауан Қайдаров пен Түркістан облысынан келген ақын Дәурен Ақсақал үшінші орынды иеленді. Өзге ақындарға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, қазылар алқасының төр­ағасы Әбілқайыр Сыздықов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қаршыға Есімсейітова, айтыскер ақын Нұрмат Ман­сұров марапаттады.

Мерейтойлық шараларды Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік кон­церттік ұйымының «Қазақ деген халықтың еркесімін» атты концерттік бағдарламасы тү­йіндеді.

Осыдан бір күн бұрын ғана өнер ұжымы Қызыл­орда қаласында болып, Н.Бекежанов атын­дағы драма театрында концерт қойған бо­ла­тын. Сол кеште Р.Бағланова атындағы «Қа­зақ­­­концерт» мем­лекеттік концерттік ұйы­мы­­ның директоры Ақтоты Райымқұлова Сыр сан­­дуғашының ғасырлық мерейтойы­на ар­налған гастрольдік сапар Солтүстік Қазақ­стан облы­сынан бастау алып, Павлодар, Ақмола, Қа­рағанды, Ұлытау, Абай, Жетісу облыс­тарында жалғасқанын айтқан болатын. Сыр­ға жеткен өнер керуенінің Қазалыдағы кон­цер­тінде аудан басшысы әншілерге алғысын жеткізді.

– «Қазақконцерт» өзінің байырғы гастроль­дік сапарларын жаңғыртып, елді ме­кен­дер­ді аралауы өнерге сусындаған елді сер­пілт­кенін айта кеткен абзал. Аудан хал­қын руха­ни жігерлендірген өнер ұжымына қазалы­лық­тардың атынан алғысымды айтамын, – деді ол.

Осы кеште Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәме­динова, Айжан Нұрмағанбетова, Құрмаш Махан мен «Азия» тобы және басқа да әншілер өнер көрсетіп, Қазалы аспанын әнге бөледі.

 

ҚЫЗЫЛОРДА