Театр • 05 Қазан, 2022

«Астана Опера» труппасы – Кремль төрінде

41 рет көрсетілді

«Астана Опера» балет труппасының қазан айына жоспарлаған шығармашылық жобалары мол. Соның бірі 29 қазанда Ресейдің ең танымал әрі беделді театрлық-концерттік алаңы Кремль сарайы­ның сахнасында өтеді. Мәскеулік көрермендер наза­рына Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті ұсынылады.

Гастрольдік бағдарлама үшін дәл осы спектакльдің таңдап алынуы кездейсоқ емес. Себебі 2022 жылы музыка әлемі көрнекті хореограф Ростислав Захаровтың туғанына 115 жыл толуын кеңінен мерекелеуде. А.Пушкиннің «Бақ­шасарай бұрқа­ғы» поэмасының негізінде хореограф Захаров қол­таңбасымен сахна көр­ген әйгілі туынды – драмалық балеттің үздік нұсқаларының бірі әрі айтулы шығарманың бекзат өнер тарихынан алар орны айрықша.

Әлем көрермені тамсана тама­шалаған балет авторының би өне­ріне, оның ішінде бұрынғы одақ­тық республикалардың ұлт­тық хорео­графиялық өнерін қа­лып­тас­тыруға және дамытуға қос­қан үлесі зор. Еңбегі жоғары баға­ланған өнер майталманы кезінде Қазақ КСР халық әртісі жоғары атағымен марапатталды. Айтулы атақ Ростислав Захаровқа шәкірті Дәурен Әбіровпен бірге Абай атындағы МАОБТ сахнасында қойған «Бақшасарай бұрқағы»,  Н.Тілендиевтің «Достық жолымен» балеттерінің қойылымы, сон­дай-ақ Мәскеудегі қазақ өнері он күндігінің қорытынды концертіне дайындық пен «Алтын масақ» хореографиялық композициясы және тағы да басқа ұлттық өнерге сіңірген ерен еңбегі үшін берілген болатын. 

– Кремль сарайының тамаша сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. 2019 жылы труппа мұнда Андрис Лиепаның қойы­лымында Михаил Фокиннің «Шехе­разада» балетін орындаған бо­латын. Осы жолғы сапарда әр­тіс­тер сахнаға дайындықсыз шық­қалы отыр, сондықтан біздің қо­балжып отырғанымыз сөзсіз. Мәс­кеулік талғампаз жұртшылық дра­малық балет жауһары – «Бақша­сарай бұрқағымен» жақсы таныс, алайда біз оны мүлде басқа да­йындықта ұсынамыз, деді Ре­сей­­дің халық әртісі,«Астана Опе­­ра» балет труппасының көр­­кем­дік жетекшісі Алтынай Асыл­мұратова.

Кремль сарайы сахнасында өтетін бұл таңғажайып өнер оқи­­­­­ға­­сында талғампаз көрермен әлем­­­­­дік балет жұлдызы Алтынай Асыл­­­мұратованың  «Астана Опе­ра» әртіс­терінің жаңа буынына өте ұқып­­тап бере білген әйгілі балет­тің түпнұсқасын көруге тамаша мүм­кіндік алып отыр. Кезінде өзі де Зарема партиясында жарқы­рай көрініп, сыншылар бағалауы бойынша соңғы 30 жылдағы үздік Зарема атанған балеринаның ұмы­­тылмас өнер көрсетуі шын мәнін­де эталондық саналады және зама­нымыздың жас балерина­ларына үлгі.

Алтынай Асылмұратова шебер­лігінен тәлім алып, шыңдалған бұл жолғы «Бақшасарай бұрқағын­да» мың бұрала билейтін талант­тар ансамблінде де осалы жоқ. Атап айтсақ, Гирей ханның рө­лін­де Тұрлыхан Тойған сахнаға шық­­са, нәзік Марияның партиясын Мәдина Басбаева орындайды, құштар Зареманы Анастасия Заклинская таныстырады. Вацлав – Данияр Жұматаев, Нұрали – Серік Нақыспековтің сараптауында көрер­менімен қауышады.

Ресейлік театрсүйер қауым әр­тіс­­­тердің орындаушылық ше­бер­­­лігіне ғана емес, сондай-ақ көр­нек­ті италиялық сценограф Эцио Фрид­жерионың құдіретті дары­нына, «Оскар» сыйлығы­ның иегері, кос­тюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноның нәзік талғамына, жарық және проекциялар бойынша суретшілер Виничо Кели мен Серджио Ме­талли епті қолдана біл­ген жаңа техно­логияларға баға бере алады. Поляк князі Потоцкий қамалы мен хан Гирейдің Бақшасарайы­ның салтанаты ешкімді бейжай қал­­дырмасы анық. Айтулы көрініс жай кенепте салынған сурет немесе «жұмсақ декорация» емес, бұл ойып жасалған тақтаймен әсем­делген кәдімгі бағаналар, қа­быр­ға­лар мен күмбездер. Сон­дықтан да «Бақшасарай бұрқа­ғындағы» атмос­фера осы бір шы­найылық һәм әсем­дігімен көрер­менін баурары сөзсіз.

Айта кету керек, биыл Қазақ­стан мен Ресей арасындағы дипло­ма­­­тиялық қарым-қатынастар­дың 30 жыл­дығы атап өтілуде. «Астана Операның» Кремль сара­йы сах­­на­­сындағы бұл гастро­лін екі ел­дің табысты дамып келе жат­қан мә­дениетаралық диалогі деп бағалауға әбден лайық.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар